Дер кезінде оқылмаған намаз «қаза намазы» деп аталады. Уақытында орындалмаған намаз қалай оқылатын болса, қазасы да тап солай өтеледі. Ұйықтап қалған немесе ұмытып кеткен мұсылман дереу есіне түсе салысымен намазының қазасын өтегені дұрыс.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) белгілі бір себеппен қаза намазын оқығандығы жайында Әбу Қатада өз сөзінде былай баяндайды: Пайғамбарымызбен (с.а.с.) түні бойы жол жүрдік. Жамағаттан біреу: «Уа, Алланың елшісі, Біраз тынығып алуға рұқсат берсеңіз?» – деп рұқсат сұрайды.
Пайғамбармыз (с.а.с.) оған: «Ұйықтап қалып намазды уақытылы оқи алмай қаламыз ба деп қорқып тұрмын» – деді.
Сонда хазірет Біләл: «Мен сіздерді оятармын» – деді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бен сахабалар сәл тынығып алу үшін көз шырымын алмаққа жатты. Өзгелерді оятамын деп жүрген Біләлдің өзі арқасын түйеге сүйеп отырып, көзі ілініп кетті.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) күн шыққанда ұйқысынан оянды да: «Әй, Біләл, «оятамын» деген уәдең қайда қалды?» – деді.
Біләл: «Дәл мұндай ұйқы бұрын-соңды қыспаған еді» – деп жауап қатты.
Пайғамбарымыз (с.а.с): «Алла Тағала қалаған уақытта рухтарыңызды алады. Қалаған уақытында оятады. Біләл, азан шақыр намаз оқиық» – деді де, дәрет алып, жамағатқа намаз оқытты.
Қаза болған намазды есіне түсісімен дереу оқу керектігі жайында Пайғамбарымыз (с.а.с): «Кімде-кім ұйықтап қалып немесе ұмытып кетсе, намазын еске түскен сәтте оқысын» – деген.
Намаз оқу парыз болғаны секілді оны уақытында оқу да парыз. Сүннет намаздардың қазасы оқылмайды. Тек, бамдат намазының алғашқы екі рәкат сүннеті парызбен бірге қаза болған жағдайда бесін намазының уақыты кіргенге дейін оқылады. Күн шығып жатқанда, күн тас төбеде тұрғанда және күн батып бара жатқанда күнмен таласып намаз оқу мәкруһ. Бұл мезеттерден тыс уақыттарда қаза намаздарды өтеуге болады. Намазды уақытынан себепсіз кешіктіру күнә. Дер кезінде өтелмеген парыздың қазасын өтеу сол күнәні түбегейлі жоймауы мүмкін. Және кешіктірудің себебіне қарай күнәсінің түпкілікті жойылуы да тек Алланың кешіріміне байланысты болмақ. Сондықтан да тәубе жасап, Алладан мейлінше мол кешірім сұрау қажет.
Шариғат үкіміне сай белгілі бір себептермен қаза болған намаз күнә саналмайды. Мысалы, жаудан қорқу, толғақ қысқан әйелдің жанында болу сияқты себеппен қаза болса кешірімді. Пайғамбарымыздың да (с.а.с.) Хандақ шайқасында жаулардың кесірінен намаздарын кешіктіріп оқығаны бұған дәлел.
Намазды өте кеш бастаған мүмін (яғни балиғат жасына толып бірнеше уақыт өтіп кеткеннен кейін намаз бастаса) қаза намаздарын өтегісі келсе, «кезінде оқи алмаған бамдат намазымды, бесін намазымды, екінді намазымды, т.б. оқуға ниет еттім» деп әр намазға ниет етуіне болады. Қазаны адамдардың көзінше өтемеген дұрыс. Өйткені, намазды қаза қылу күнә. Күнәні жұртқа жария қылмаған жөн.
материал «Намаз - діннің тірегі» кітабынан алынды,
ummet.kz