Сыныққа салынған гипс пен таңғышқа мәсіх тарту мәселесі:
1. Жарақаттанған не ауырған жерге салынған гипс пен байланған таңғышқа мәсіх тартуға болады.
2. Дәрет және ғұсыл кезінде таңғыш пен гипске мәсіх тарту міндетті, бұл жарақаттанған не ауырған жерді жуу орнына жүреді.
3. Таңғышқа мәсіх тартудың міндетті болған жағдайлары төмендегідей: Жарақат алған я бір жері сынған адам дәрет алғанда және ғұсыл құйынғанда, денесінің барлық жерін, бұл үшін суды жылыту қажет болса да, жуғаны абзал. Бірақ ауырған орынды жуу сырқаттың асқынып кетуіне апарып соғатын немесе сауығуын кешеуілдететін болса, онда сулы қолымен денесінің жарақаттанған жеріне мәсіх тартуға міндетті. Ал сулы қолдың тиюі де қауіп тудырса, онда ол жарақатқа таңғыш байлап немесе сынған жеріне ғана дәкемен гипс жапсырып, содан кейін таңғышқа не гипске мәсіх тартуы қажет. Гипс салғанда не қандай да бір таңғыш байлағанда адамның дәретті болуы шарт емес және оған мәсіх тарту мерзімі белгіленбеген. Толық жазылғанша әрбір дәрет алғанда мәсіх тартып отырады.
4. Келесі жағдайларда таңғышқа мәсіх тартуға тыйым салынады: Егер таңғыш орнынан жылжып кетсе не аурудан айығып кетуіне байланысты алынып тасталса, оның орнына мәсіх тартуға тыйым салынады. Сондай-ақ жарақатынан сауыққан адамға денесінде тұрған таңғышқа мәсіх тарту күші жойылады.
материал «Құлшылық және сенім» кітабынан алынды,
ummet.kz