«Сын түзелмей мін түзелмейді» демей ме дана халқымыз, сынау қандай да бір қимылдың, істің, қылықтың кемшін тұсын білдіріп, сол түзетілсе нұр үстіне нұр болар еді дегендей тілектестік ниетте болу керек, әйтпесе, сенің осың дұрыс емес, қайтсең де тап осы жерде мойындауға тиіссің дегенге саймау керек.
Реті келсе, ешкімді де сынап-мінемеңіз! Сыннан қашыңыз! Өйткені, сын адамның өзін ақтауға тырысуы, өзінікін дұрыс деп тұрып алуы, оның да ашу шақырып сіздің қателіктеріңізді де іздеуіне, сөйтіп сын айтам деп ол адаммен ат кекілін кесісіп ұрсысып, араңызға салқындық кіруі тұрғысынан зиянды тіпті қауіпті де. Сынды екінің бірі көтере бермейді. Мінін айтам деп кісінің ар- намысына да сөз тигізіп алуыңыз әбден мүмкін. Ал бұл болса, ол адамның ренжіп, сөзіңізді тыңдамауына, сізді сыйламауына алып келеді.
Жай ғана отбасының өзінде мейлі әйеліңіз, мейлі балаңыз болсын қателік істеп қойғанда оны бетіне баспаңыз. Көпшілік ортасында да ұятқа қалдырушы болмаңыз. Олардың қатесін түзеймін деп сіз де бір қателік жасап қойғандығыңызды өзіңіз де байқамай қаласыз. Сонда қалай, қате істі көре тұра тіл тістемекпіз бе? Жоқ! Әрине ыңғайын тауып түзеткенге не жетсін?! Ол үшін кімнен қандай қателік өтсе де, алдымен ашуды әбден ақылға жеңдіріп барып, қателікті түзетуге кіріскен жөн. Алайда, қателік жіберген жағдайда, ол қателікті өзіңіз де мойындай біліңіз.
Қатты ашуланған кезде сізді ашуландырған адамды жеп қоярдай боп түтігіп, оған ауыр-ауыр сөздер айтып, қатты айғайлап ұрсасыз. Түк қоймай сыбап біткеннен кейін өзіңізді жеңілдеп қалғандай жақсы сезінесіз. Ал сіз ұрысқан ол адамның ішкі жан-дүниесі қандай күй кешті, оны еш ойлап көрдіңіз бе?! Сірә, күмілжіп қалған боларсыз..
«Егер жұдырығыңызды түйіп менің алдыма келер болсаңыз, сізден екі есе менің де жұдырығымның түюлі тұратындығын айтып қояйын. Ал, «Келші, бауырым, мына мәселенің байыбына жете алмай тұрғаным. Екеулеп себептерін анықтасақ қалай болады?», - деп, жай сөзбен жақындар болсаңыз жағдай басқаша. Онда мен де сізді жаймашуақ қарсы алып, ешқандай қабақ шытыспай-ақ, мәселені шешеріміз анық» (В. Вильсон)
Егер сынау қажет болса:
1. Оның қатесін айтпай тұрып, алдымен өз қателіктеріңізді де айтып өтіңіз. Кімнің де болса пендешілікпен қателікке бой алдырып қоятындығын есіне салыңыз. Бұл сіздің ол адамның өз қателіктерін мойындауына жағдай жасағандығыңыз.
2. Көпшілік көзінше ешкімді айыптамаңыз. Ондай әңгімені жеке шығарып айтқаныңыз жөн. «Көпшілік көзінше мақтасаң мақта, бірақ сын-мінімді маған ғана жеке айт» (Джексон Броун)
3. Біреудің айыбын біреу арқылы жеткізбеңіз. Араға ешкімді салмаңыз.
4. Айыптаудың себептері нақты айтылуы қажет. Керек болса, оны айтудағы түпкі ниет-мақсатыңызды да білдіріңіз.
5. Айыптаудағы ең үлкен қателік, ол – салыстыру. «Сен бүйтіп қателікке ұрынып жүргенде осы пәленше олай істемей, тып-тыныш-ақ жүрді ғой», – деген секілді сөздер ол адамның бар жақсылықтарын елемей, оның тіпті бұл өмірде болғанына да өкініш білдіретіндей сұрықсыз сезімдерге жетелейді.
6. Бір мәселеге қатысты ғана сын айтыңыз. «Сен мына кезде өйткенсің, ана кезде бүйткенсің» деп бар өткен-кеткен кінәсін жинап жіпке тізумен ештеңе де шеше алмайсыз. Бұндай қылық сізді оған жеккөрінішті еткеннен басқа ештеңеге жарамайды.
7. Сын айтар болсаңыз уақытты тым кешіктіріп алмаңыз; Кімді де болса жамандаудан гөрі түсінуге тырысқан жөн. Неге олай істеді екен деп істің мән-жайын ұғынуға, мәселенің байыбына зер салу керек. Др. Джонсонның «Адамдар өмірмен қош айтыспай тұрып, Тәңірдің өзі оларды жазалауға асықпайды» дегеніндей, пәлен неге үйтті, неге бүйтті деп анық-қанығына дейін жетпей қоймау біздің шаруамыз емес. Бәрін білу – бәрін кешіруді білдіреді.
материал «Балам жақсы болсын десеңіз» кітабынан алынды,
ummet.kz