25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Зекет пен садақаның айырмашылығы

Зекет пен садақаның айырмашылығы

Зекет

Садақа – дүние-мүліктен көп берілсін, аз берілсін «садақа» деп аталады. Яғни, оның белгілі бір мөлшері жоқ. Ал, зекеттің жөні басқа. Зекет шариғаттың белгілеген мөлшерімен белгілі адамдарға ғана беріледі.

Садақаны өзгелерге де, жақын туыстарға да беруге болады ал, зекетті ең жақын туыстарыңызға (әкеге, балаға т.б.) бере алмайсыз. Садақаны беру үшін «бір жыл толу» шарты жоқ. Ал, зекет беру үшін мал-мүлкі нисап мөлшеріне жеткеннен кейін оған бір жыл толуы шарт. Зекет беру үшін байлығы нисап көлеміне жеткен адам болуы керек болса, ал садақа беру үшін дәулетті болу шарт емес.

Мүмкіндігі бола тұра зекет бермеген адамдар ақыретте азапқа душар болады, ал садақа бермегендер ақыретте жазаға тартылмайды. Садақа деп тек берілген мал-дүние ғана емес, игі істерге де айтуға болады, ал зекет сөзі тек мал-дүниеден жұмсалған амалға қолданылады.

Жалпы құлшылықтар екі түрлі жолмен атқарылады. Бірі денемен орындалса, екіншісі мал-дүниемен. Алғашқысына намаз, ораза секілді құлшылықтар жатса, біз айтып отырған зекет пен садақа кейінгі түрге жатады, яғни, зекет құлшылығын адам дүние-мүлік арқылы орындайды.
Әсілінде садақа адам бойындағы сараңдықты бірте-бірте жояды. Сол себепті мұсылман адам зекет берумен шектелмеуі керек. Садақа беруді үнемі жалғастыруы қажет. Мал-дүниеден бергенде молынан беру жақсы, алайда әрдайым үздіксіз беріп тұру одан да жақсы іс. Мысалы, бір дәулетті кісі қызбалық танытып дін жолында жақсы ниетпен бір дегенде жүз мың теңге бере салуы мүмкін, алайда осы жүз мың теңгені айларға бөліп, бір жыл бойы ай сайын беріп тұрса жақсырақ болады. Себебі, бұл нәпсіге ауыр келетіндіктен оны тәрбиелеуге жақсы. Шайтан сараңдыққа жақын тұрған нәпсіні жылдың жартысына жетпей-ақ «кейін берерсің, бұл айда табыс азайып кетті» деп әртүрлі сылтаулармен жылдың соңына жеткізбей азғырып, бергісі келген ақшаны бергізбей тастайды. Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Амалдардың ең қайырлысы үздіксіз жалғасқаны» дейді. Құранда «...Кім өз нәпсісінің сараңдығынан сақтанса, солар құтылушылар» деген («Тағабун») сүресі 16-аят).

материал «Cадақа және зекет» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: