25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Зекеті берілетін байлықтың түрлері мен көлемі

Зекеті берілетін байлықтың түрлері мен көлемі

Зекет

«Олардың дүние-мүлкінен садақа (зекет) ал да, сол арқылы оларды күнәларынан тазарт әрі сауаптары мен ықыластарының арта түсуіне дәнекер бол» («Тәубе» сүресі, 103-аят).

Исламдағы бес парыздың бірі – зекет. Ол һижри екінші жылы рамазан оразасынан кейін шәууал айында парыз болды. Парыздығы жоғарыдағы аят пен басқа да көптеген аят, хадистер негізінде бекітілген.
Ислам ғұламалары зекет ғибадатының парыздығына бір ауыздан келіскен. Зекеттің парыздығын мойындамаған адам діннен шығады. Ал зекеттің парыздығын мойындай отырып, сараңдық танытып байлығынан зекет бермеген адам күнәһар болады.

Шариғаттағы нисаб көлемінде байлыққа иелік еткен, ақыл-есі толық мұсылман адам байлығының белгілі бір мөлшерін Құранда көрсетілген адамдарға беруі міндет. Немесе отбасы мүшелерінің күнделікті тіршіліктегі тамағы, киім-кешегі және тұратын үйі сияқты негізгі қажеттіліктері мен қарыздарынан тыс дүние-мүлкі шариғатта белгіленген нисаб көлеміне жетіп, бір жыл өткен жағдайда, одан зекет шығару парыз болады. Зекет беруші зекетін берген кезінде «Осы дүниемді малымның зекеті ретінде беруді ниет еттім» деп ниет етуі шарт. Ал зекет алушы адамның өзіне беріліп жатқан дүниенің келесі адамның зекеті екендігін білуі шарт емес.

Зекеті берілетін байлықтың түрлері мен зекет беруді парыз ететін нисаб көлемі төмендегідей мөлшерден басталады:
1. Алтында: жиырма динар, яғни, 85 гр
2. Күмісте: екі жүз дирһам, яғни, 595 гр
3. Түйеде: бес
4. Сиырда: отыз
5. Қой мен ешкіде: қырық
6. Сауда заттарында: 85 гр алтын немесе 595гр күмістің құнына тең болса.
7. Ақшада: 85 гр алтын немесе 595 гр күмістің құнына тең болса
8. Бау-бақша және егіс өнімдерінің барлық шығындары шығарылған соң 1/10 (оннан бірі) беріледі.
Бұл көрсетілген мөлшер әрбір зекет берілетін байлық түрлерінің нисаб көлемінің басталу саны болса, дүние-мүліктің көлемі артқан сайын, берілетін зекеттің мөлшері де арта түседі.

материал «Зекет» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: