25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Зекет ғибадаты бауырмалдыққа тәрбиелейді

Зекет ғибадаты бауырмалдыққа тәрбиелейді

Зекет

Зекеттің шариғаттағы терминдік мағынасы: зекет беретін нисап мөлшеріне жететін байлыққа ие болған мұсылманның байлығының белгілі бір бөлігін жылына бір рет Алла Тағаланың  ризалығы  үшін  Құранда  белгіленген адамдарға иелендіруі.

Бұл ғибадаттың зекет деп ата-луы  қалған  байлықтың  көбеюіне,  берекеттенуіне әрі  берушісінің  күнәларынан  тазаруына  себеп болғандығынан.  Зекет  ғибадаты  Һижреттің  екінші жылы Рамазан оразасынан кейін Шәууал айында парыз болды. Алла Тағала зекеттің парыздығына қатысты Құран Кәрімде былай дейді: «Намаз оқыңдар, зекет беріңдер», «Олардың  күнәларынан  тазаланып,  малдары көбейіп  берекеттенуі  үшін  олардың  малдарынан садақа (зекет) ал», «Шын  мәнінде,  садақалар  (зекеттер)  кедей-кепшіктіктерге,  түгі  жоқ  міскіндерге,  зекетті жинауға  тағайындалған  адамдарға,  көңілдері жібітілуі мақсат етілгендерге (жаңа мұсылмандарға т.б.),  құлдарды  азат  етуге,  қарызға  батқандарға, Алла жолына және қиналған жолаушыларға берілуі Алла тарапынан парыз етілді». Пайғамбарымыз  (оған  Алланың  салауаты  мен сәлемі болсын) зекетті Исламның бес шартының бірі екендігін төмендегі мына хадисте атап өткен. «Ислам діні бес негізден тұрады: Алладан басқа тәңір  жоқ  екендігіне  және  Мұхаммедтің  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла тарапы-нан жіберілген елші екендігіне куәлік келтіру, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау, шамасы кел-се қажылыққа бару». Әбубәкір Кердері бабамыз (1861-1903) бұл жөнінде:

Пайдасын өзің көресің,

Ғибадат қылып Аллаға.

Бір жаныңды нұрласаң.

Жаныңа ғазап хақ болар

Ораза, намаз, зекет, хаж

Атқарып уақыт тұрмасаң, – деп жырлайды.

Қабан жырау бабамыз:

Ай, мұсылмандар, жарандар,

Малыңнан зекет беріңіз.

Бірлігін хақтың біліңіз,

Хақ жолымен жүріңіз,

Пәк болады дініңіз – деп жырлайды.

Қазақ  халқының  күнделікті  өмірінде  садақаның, зекеттің  орны  ерекше  болған.  Себебі,  мұсылман  кісі байлығының  бір  бөлігін  тек  бір  Алла  ризашылығы үшін  пақыр  отандастары  мен  діндестеріне  тегін беретіндей көңілге ие болады. Осылайша мұсылман ба-ласы әрқашан елін, халқын, отанын ойлайтын азаматқа айналары сөзсіз. Төмендегі деректер осыны көрсетеді: Салық екі түрлі болсын делінді. Бірі мал салығы «зекет». Екіншісі, егін салығы – «үшір».

Құрбан терісі, зекет, ғұшыр секілді нәрселер мұндай орынға жиыла бастаса, өзі бір қазына болар еді. Жамалдың себебімен ауылдың балалары да оқыр, өзіміз малдың зекетін берерміз, ақысын ауылмен бірдей көрерміз, деді. Зекет  ғибадаты  бай  мен  кедейдің  арасындағы қатынасты  жақсартып,  бауырмалдыққа  тәрбиелейді. Мәселен,   мейірімділік   көрсетіп,   жағдайларына қарасқандықтан  кедей  де  байларға  құрметпен  қарап, олардың дүние-мүліктеріне сұқ көзденбейді. Қызғанып, қастандық  ойламайды,  жасамайды.  Осылайша  қоғам бақытты,  сенімді  ғұмыр  кешеді.  Бабаларымыз  осын-дай игі істі жасаған байларды мадақтап өлеңіне қосқан. Мәселен Әбубәкір Кердері бабамыз:

Үшінші ізгі кім десең,

Сақи болған адамдар,

Зекетін беріп тамамдар – деп жырлайды.

Ал өлеңдері жалынды Сұлтанмахмұт бабамыз:

Зекет бер, нашарларға көзің сал деп,

Ғылымды қайдан болса, сонан ал деп,

Ешкімге өзің тиме, біреу тисе,

Өзіңді қорғау үшін қарсы бар деп, - деп өлеңдетеді.

Байлығының  зекетін  бермеген  адамның  ақыретте тартатын азабының ауыр екендігі туралы Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын риуаят етеді:«Зекетін  бермеген  адамның  байлығы  ақырет күні  ірі  жылан  пішініне  кіреді.  Екі  көзінің  үстінде (қорқыныштылығының белгісі ретінде) қап-қара екі домалақ дағы бар. Осы жылан қиямет күнінде иесінің мойнына оралады. Сосын аузымен иесінің екі жағынан ұстап: «Мен сенің дүниедегі (қатты жақсы көрген) байлығыңмын,  мен  сенің  (жинаған)  қазынаңмын,  – дейді. Сосын Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына аятты оқыды:«Алланың  кеңшілігінен  өздеріне  берілген нәрселерін (басқаларға бермей) сараңдық істегендер бұл істерін өздеріне қайырлы деп ойламасын. Жоқ, тіпті (бұл істері) өздері үшін ең үлкен жамандық. Ақырет  күні  сараңдық  жасаған  дүниелері  мой-ындарына оралады».

Келесі бір аятта Алла Тағала сараңдарды ақыреттің күйзелтуші азабынан былай деп ескертеді: «Алтын,  күмісті  жинап,  оны  Алланың жолында  жұмсамағандарды  күйзелтуші  азаппен сүйіншіле. Жиналған алтын мен күміс тозақ отында қыздырылып, онымен маңдайлары, қабырғалары және арқалары таңбаланатын қиямет күні оларға: «Міне, мынау – өздерің үшін жиған дүниелерің. Ал енді қанеки, жинағандарыңның дәмін татыңдар!» Сондай-ақ, халқымыз зекетін бермей, пақырларға қарайласпаған жандарды айыптап отырған. Мәселен: «Әй, қубас! Сонша малды айдап жүріп, дұрыстап зекет  бермейсің,  қажыға  бармайсың,  кім  үшін  жинап жүрсің? Ақырында, Қалампырдан қорқып, тоқал да  алмадың»,  –  деген  сөзін  естіп,  ол  күні  үйіне  бек мұңайып келіп, қатынымен сөйлеспестен жатып қалып еді.

Одан-бұдан байыдың.

3екетсіз мал жиналды.

Аллаға көп айыбың,

Ұмыттыңдар иманды.

Келгенінше қаліміз,

Зекетсіз болса пайда жоқ,

Қасықтап жиған малыңыз.

материал «Дін мен дәстүр» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: