26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Ораза» туралы аяттың тәпсірі

«Ораза» туралы аяттың тәпсірі

Ораза

Алла Тағала:

«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы тақуалыққа жетерсіңдер. Парыз ораза санаулы әрі белгілі күндерде ғана өтеледі. Араларыңнан әлдекім ауырып қалып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге) підия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) беруі керек. Ал енді кімде-кім асыра қайырымдылық жасаса, онысы өзі үшін қайырлы. Біле білсеңдер, ораза ұстағандарың өздеріңе жақсы. Рамазан айы – адамзатты тура жолға бастаушы, айқын дәлелдерді һәм ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырататын өлшемдерді қамтыған қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай. Араларыңнан кімде-кім Рамазан айына аманесен жетсе, оны ораза ұстап өткізсін...» («Бақара» сүресі, 183-185 аят) деген.

Аяттың тәпсірі:

Ораза – шамасы жеткен адам үшін таң сәріден ораза ұстау ниетімен күн батқанға дейін ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылуы шартымен орындалатын ғибадат. Балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылман адамға Рамазан орзасын ұстауы – парыз. Бұл аят Рамазан оразасы – Исламдағы бес парыздың бірі екендігін білдіреді. Пайғамбарымыз Мұхаммед де (с.а.а.) бір хадисінде: «Ислам бес нәрседен тұрады: Алладан басқа құдай жоқ екеніне, Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау, шамасы келгендерге қажылыққа бару» [11, иман/34] – деген. Қасиетті Құранда: «Араларыңнан кімде-кім Рамазан айына аман-есен жетсе, оны ораза ұстап өткізсін» («Бақара» сүресі, 185-аят) делінсе, Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Жаңа туған айды көрген кезде ораза ұстаңдар, екінші жаңа туған айды көрген кезде оразаларыңды тоқтатыңдар. Егер аспан бұлтты болса, Шағбан айын отызға толықтырыңдар», – деген (Бухари, Саум,5). Яғни, Рамазан оразасы аспанда жаңа туған айды көрумен немесе бұлтты күнде Шағбан айын отыз күнге тол-тырумен ұсталады. Шағбан және Рамазан айының жиырма тоғызыншы күнінен бастап, мұсылмандарға жаңа туған айды іздеу – уәжіп.

материал «Үкім аяттардың түсіндірмесі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: