26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Оразаны бұзатын бес нәрсе

Оразаны бұзатын бес нәрсе

Ораза

Мына бес нәрсе оразаның бұзылуына себеп болады. Олар:

1. Әдейілеп ішіп-жеу

Алла Тағала: «Таңның ақ жібі мен қара жібін ажырата алғандарыңша жеңдер және ішіңдер. Сосын, кешке дейін ораза ұстаңдар», – деген. («Бақара» сүресі, 187-аят).

Ислам ғұламалары: «Әдейілеп ішіп-жеу оразаны бұзатынында ешқандай келіспеушіліктер жоқ»-деген.  («Зәдул-мә’ад» 2/60).

Рамазан айының күндізінде әдейілеп тамақ жеген адам үлкен тәубені талап ететіндей күнә жасаған болады. Ғалымдардың басым бөлігі ораза ұстаған адам тістерінің арасында қысылып қалған тамақ қалдығын әдейілеп жұтып қойса, оның оразасы жарамсыз болатынын айтады.

«Тістерінің арасында тамақ қалдықтары қалып кеткен адамның жағдайы екі түрге бөлінеді: егер тамақтың мардымсыз, кішкентай бөлігі жұтылған болса, әрі оны түкіріп тастауға еш мүмкіндік болмаса, онда ораза бұзылмайды, өйткені, бұл сілекей сияқты болады. Екінші түрі – бұл егер тістің арасында түкіріп тастауға болатын тамақтың үлкен бөлігі қалса әрі ол оны әдейілеп жұтып қойса, онда ғалымдардың басым бөлігінің пікірі бойынша оның оразасы бұзылады. Өйткені, бұл тамақтанумен бірдей».   

Ағзаға күш беретін, құнарлы (нәрлі) уколдар салу да оразаны бұзады. Ал, темекі шегу – оразаны харам нәрсе арқылы бұзу болып саналады. 

2. Рамазан айының күндізінде жыныстық қатынас жасау

Хадисте былай деп айтылған: «Расында, жыныстық қатынас оразаны бұзады».   (Ибн Хузайма. «Сахих» . 3/242).

Бұндай адам тәубе жасауы, сол күнгі оразасын жалғастыруы, кейін сол күннің қазасын толықтыруы, әрі жасаған ауыр күнәсіне өтеу беруі тиіс. Рамазан айының күндізінде жыныстық қатынасқа бару оразаны бұзатындығына ғалымдар арасында ешқандай пікір қайшылығы жоқ. 

Жыныстық қатынас жасауға деген тыйым күн батқан соң, яғни, ауыз ашқаннан кейін күшін жояды. Бұл жайлы Аллаһ Тағала былай деген: «Сендерге оразаның кешінде әйелдеріңе жақындасу хәлал етілді. Өйткені, олар сендерге киім, сендер де оларға киімсіңдер» («Бақара» сүресі, 187-аят).

3. Әдейілеп құсу

Әбу Һурайра жеткізген хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Егер құсық еріксіз шыққан болса, онда оразаны өтемеу керек. Ал, егер құсық әдейі шығарылса, онда оразаның қазасын өтеу керек».   (Ахмад 2/498, Әбу Дәуд 2380. Имам ән-Нәуауи).

Егер әдейілеп құсса, ол тәубе етуді қажет ететін күнә жасаған болады.

4. Етеккір (хайз) және босанғаннан кейінгі келетін қан (нифас)

Егер ораза кезінде әйел кісінің етеккірі (хайз) келсе немесе босанудан соңғы қансырауы (нифас) басталса, онда ол оразасын тоқтатуға міндетті. Мұндай жағдайда ораза ұстауға тыйым салынғандығына және ораза жарамсыз екеніне ғалымдар арасында келіспеушіліктер жоқ.

Егер әйел кісі етеккірі ертең келіп қалады-ау деп болжамдайтын болса, онда ол ниетін сақтай отырып, оразасын жалғастыра беруі қажет. Ол етеккірі басталмайынша оразасын үзбеуі керек. Күндіз етеккірі қай уақытта келіп қалғанына қарамастан оразасы бұзылады. Тіпті ауызашарға аз уақыт қалған болса да ол кісі сол күннің қазасын өтейді. Алла сол күннің сауабынан құр қалдырмайды.

5. Оразаны бұзуға ниет ету

Ауызын ашуға ниет еткен адамның оразасы тамақ ішкен-ішпегеніне қарамастан бұзылады. Себебі, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Амалдар ниетке қарай бағаланады», – деген. 

Десекте, бұл мәселеде ғалымдардың бір ауызды келісілген пікірі жоқ. Басқа ғалымдардың айтуы бойынша, егер адам орынды себептермен, мысалы сапарға шыққысы келіп, бір күн ішінде оразасын тоқтатуға ниеттеніп, кейін райынан қайтқан болса, онда оның оразасы дұрыс болып есептеледі. Ол намазда бір нәрсені айтқысы келіп, бірақ оны істемеген адам іспеттес болады.

Қатеге ұрынбау және келіспеушіліктен шығу үшін ең абзалы оразаны кейінірек өтеген дұрыс.

ummet.kz

Бөлісу: