25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Намазда салауат айтқанда «сәйидинә» сөзін қосу бидғат па?

Намазда салауат айтқанда «сәйидинә» сөзін қосу бидғат па?

Намаз

Салауат айтқанда «сайидина» деп айтуға бола ма? Сәләфилер болса керек «бұл бидғат» дейді.

Намаз соңында салауатты оқыған кезде «сәйидинә» сөзін қосу бидғат емес, мәндүб, мұстахаб амал: «Аллаһуммә салли аля сәйидинә Мұхәммәдин уә алә әәли сәйидинә Мұхәммәд...». Оның «бидғат» емес екендігі жайында ғалымдардың көпшілігі айтқан, соның ішінде Ханафи, Шәфиғи және Мәлики мәзхабының ғалымдары бар.

«Сәйидинә» сөзін қосудың «бидғат» еместігіне қатысты хадистен де дәлел бар. Мәселен, сахаба Абдулла ибн Мәсъудтан мынадай риуаят жеткен: «Қашан Алла елшісіне (с.а.у.) салауат айтар болсаңдар, салауатты көркем түрде айтыңдар. Сендер білмейсіңдер ғой, мүмкін ол салауатыңыз Алла елшісіне (с.а.у.) ұсынылатын шығар! Сондықтан да, былай деп айтыңдар: «Алләһуммәжъәл соләуәтикә уә рахмәтәкә уә бәракәтикә ъаля сәйидинә әл-мүрсәлин, уә имамиль мүттәқин, уә хотәмин нәбйин, ъабдикә уә расуликә, имәмиль хойр, уә қо-идиль хойр, уә рәсулир рахма. Аллаһуммәб-ъәсһуль-мәқомәль мәхмуд йәғбитуһу биһиль-әууәлунә уәл-әәхируун». (Ибн Мәжә, «Сүнән» келтірілген. Хадисші ғұлама, хадис ғылымында «Хафиз» атағын алған Моғолтай Бәкчари (рахимаһуллаһ) аталмыш хадиске «сахих» деп баға берген екен[1]).

Аталмыш дерекке қарағанда сахабалардың ішіндегі ең білгірлердің бірі Абдулла ибн Мәсъудтың (радияллаһу анһ) үйреткен салауат түріне «сәйидинә» сөзін қосып отыр. Егер бидғат болған болса, сахаба ол сөзді қоспас еді.

Шариғатта «сахаба сөзі» үкім шығару үшін дәлел бола алады. Әсіресе, «ижтиһадқа» қатысы жоқ «тәуқифи» мәселелерде «сахаба сөзі» дәлел. Ханафи мәзхабының «Үкім шығару әдістемесінде» (усулуль фиқһ) сахаба сөзі – қиястан бұрын келеді. Бұл дегеніміз, қияс пен сахаба сөзі кереғар болып қалса, сахабаның сөзі алынады деген сөз[2].   

Ендеше, намаздағы салауат дұғасына «сәйидинә» сөзін қосып айту бидғат емес, шариғатта бар мәндүб сөз. Оны қосып айтудың ағаттығы жоқ.  

[1] Али Джұма, «Дәруль Ифтә».
[2] Уәһбәту Зухайли: «Усулуль Фиқһиль Исләми». 2/850 бет.

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: