25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Тәкбірден кейін қол байлау – сүннет, кіндіктен төмен ұстау – абзал

Тәкбірден кейін қол байлау – сүннет, кіндіктен төмен ұстау – абзал

Намаз

Тәкбірден кейін қол байлау – сүннет, ал, кіндіктен төмен ұстау  – абзал, тақуалыққа ең жақыны осы.

Қол байлағанда оң қолдың басбармағы мен кішкентай саусағы арқылы сол қолдың білезігінен қапсыра ұстайды[1].

Бұл жайында Имам Ахмедтің хадистер жинағында келтірілген риуаятта Әзірет Әли (р.а.):  «Оң қолды сол қолдың үстіне қойып,  кіндіктен төмен байлау – сүннет»[2], – деген.

Сондай-ақ, тағы бір риуаятта сахаба Әбу Һұрайра (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір қолын екінші колымен ұстап, кіндіктен төмен байлады»[3].

Аталмыш хадистерге сүйенген имам Ахметтің көзқарасы бойынша да қолды кіндіктен төмен байлау – сүннет»[4].

Қолды кіндіктен төмен байлау жайында Уаил ибн Хужр есімді рауи әкесінің былай дегенін риуаят етеді: «Мен Пайғамбарымыздың намазда тұрғанда оң қолын сол қолының үстіне қойып, кіндіктен төмен байлағанын көрдім». Әбу Тайып ибн Әбдіқадыр әл-Мәдәни «Тирмизидің Сүнәнына» жазған түсіндірмесінде аталмыш хадис жайында: «Бұл хадис сәнәд тұрғысынан алып қарағанда қуатты»[5], – деген.

Ибн Әби Шәйбәның «Мусаннафф» атты еңбегінде Айша анамыздың көзін көрген табиғин, өз заманының ғұламасы Ибраһим ән-Нәхағи былай дейді: «Намазда оң қолын сол қолының үстіне қойып, кіндіктен төмен байлайды»[6]

Сондай-ақ, Басра қаласының ғұламасы, сахабалар-дың көзін көрген табиғин және көптеген хадисші ғалымдар тарапынан «сенімді (сиқа)» деген атаққа ие Лахиқ ибн Хамид Әбу Мижләз бұл мәселе жайында: «(Намаз оқитын кісі) оң алақанын сол қолының үстіне қойып, кіндіктің астыңғы жағына байлайды», – деген.[7]

Қол байлағанда оң қолдың бас бармағы мен шынашағы арқылы сол қолдың білезігін қапсыра ұстау дегенге дәлел келтірер болсақ, Имам Бұхари «ат-Тарихүл-Кәбир» атты еңбегінде Әзірет Әлидің шәкірттерінің бірі Ұқба ибн Зәбияннан жеткен мына риуаятта былай делінген: «Әли намазда қолын білезігіне байлады»[8].

Ибн Әби Шәйбәнің кітабындағы риуаятта да былай делінеді:  «Әзіреті Әли намазға тұрғанда оң қолын сол қолының білезігіне қоятын»[9].

 

[1]. Мабсұт – 1/24 бет; Бахрур Раиқ – 1/528 бет; Нұрул Изах – 26-бет.
[2]. Имам Ахмет, №877 хадис; Әбу Дәуіт, Сала 2/70-бет, №756 хадис; Ибн Әби Шәйбә, «Мұсаннаф»: Китабус Сала (165) 403 – 13-хадис,
[3]. Дарақұтни сүнәні – 1098-хадис. 2/32-бет.
[4]. Ибн Құдама, әл-Мұғни, 1/514-бет.
[5] Тухуатул Ахуәзи би Шархи Тирмизи 252-хадис түсіндірмесі.
[6] Ибн Әби Шәйбә, «Мұсаннаф»: Китабус Сала (165) 403 – 7-хадис,
[7] Ибн Әби Шәйбә, «Мұсаннаф»: Китабус Сала (165) 403 – 10-хадис,
[8]. әт-Тарихул Кәбир лил-Бұхари: Бабуз Зо,
[9]. Ибн Әби Шәйбә, «Мұсаннаф»: Китабус Сала (165) 403 – 8-хадис.

материал «Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: