25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Намаз оқып жатқанда кекірсе, намаз бұзыла ма?

Намаз оқып жатқанда кекірсе, намаз бұзыла ма?

Намаз

Біріншіден, намаз ішінде қалғып кету, түшкіру, есінеу сияқты көбіне еріксіз туындайтын әрекеттер намазды бұзбайды. Кекіру де осы топқа жатады[1].

Дегенмен қолдан келгенше аталмыш әрекетті болдырмауға тырысқаны жөн. Өйткені кекірген сәттегі ауыздан шыққан жағымсыз иіс, қасында тұрған өзге мұсылмандардың  мазасын алуы мүмкін.

Екіншіден, жалпы алғанда адамдар арасында кекірудің мұсылманшылық әдепке сай емес екендігін ұмытпау керек.

Хадис кітаптарында келтірілген бір риуаятта Әзірет Мұхаммедтің (ғ.с.) қасында Әбу Жухайфа деген бір кісі кекіреді. Сонда Алла елшісі әлгі кісіге: «Біздің қасымызда кекірігіңді бас! Бұ дүниеде көбіне тыңқиып жүргендер, о дүниеде ұзақ уақыт аш қалады»[2], - дей келе кекіру әрекетінің нақош екенін және қатты тойып ас ішпеу керек екенін білдірген. Пайғамбарымыздың әлгі сөзінен кейін Әбу Жухайфа асты тойып ішпейтін болған деседі.

Аталмыш хадистен мынадай ұғым қалыптастыруға болады:

  • Кекіру мұсылманшылық әдепке теріс;
  • Адамдар арасында отырған уақытта кекіргісі келген кісі, қолдан келгенше кекірігін басқаны абзал;
  • Көбіне кекірік қарын тойғанда туындайтындықтан, қарынды шектен тыс тамаққа толтырмағанымыз жақсы.  Асқазанды үшке бөліп, ішкен асымызбен қоса, ауа және суға да орын қалдырған жөн.

 

[1] Ибн Ъабидин, әл-Хадияту – 86 бет.; әл-Һиндия – 1\122 бет.
[2] Тирмизи - №2478 хадис.

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: