25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Намаз оқыр едім, сөздерін білмеймін ғой»

«Намаз оқыр едім, сөздерін білмеймін ғой»

Намаз

Бұл сөзіміздің жарасы тіптен жеңіл. «Фатиханы» қосқанда үш сүре және тағы бір-екі дұға біздің парызымызды орындауға жетіп жатыр. Намаз оқитын кез келген мұсылманның бұны қуана-қуана үйретері сөзсіз.

Еліміздің дамуы қарыштап, гүлденген осынау заманда оқитын діни кітаптар, болмаса имамдардың уағызы басылған, заманауи тілмен айтқанда СD дисктер, бейне баяндар табу тіптен қиын емес. Бұл жерде де айналып келгенде дүниеге бөлген көңіліміз ақыретке деген көңілден әлдеқайда басым тұрғанын еріксіз мойындайсыз. Үш тұғырлы тіл саясатының арқасында жоғары лауазымды қызметтерге жайғасу үшін қазір бір-екі жылда жүгіріп жүріп ағылшын тілін шұбарлап сөйлесек те үйреніп алуға бар күш-жігерімізді саламыз. Тіпті сыртына қым-қиғаш сурет басылған, тіл үйрететін кітаптарды дүкеннен іздеп жүріп қалтаны қағатындай бағасына қарамастан сатып алатынымыз өз алдына. Ал біз сол намаз сөзін, тіпті намаз оқуды үйрететін, бағасы да бәлендей қымбат емес бейнелі кітаптарды сатып алуға ықыластанып көрдік пе?

Мектеп қабырғасында жүргенде мұғалім тапсырмасы өз алдына, ашық сабақтар үшін өлең мен тақпақтардың талайын жаттадық. Әлі күнге дейін есімізде қалғанын ыңылдап әуезіне салып айтатын әдетіміз бар. Ал намаз сөзі бұлардан аз болмаса, көп емес.

«Намазды оқығым-ақ келеді. Бірақ біртүрлі іштей қалау жоқ, зауқым соқпайды»

Кейбір адамдар намазды оқығанымен, кейде пенделікке салынып намазды ауырсынып, орта жолдан тастап кетіп жатады. Енді кейбіреуі жалқаулықпен намаздарын көбірек қаза етіп жатады. Уақыт өте келе намазды осымен доғарамын-ау деген сайтани ой иманның әлсірей бастағандығын білдіреді. Ондайда уағыз тыңдап, Құран оқып, жанымызға рухани азық болатын кітаптар оқып, онымен барынша күресе түсу керек. Иә, шайтан әрқашан адамды аяқтан шалып, тобықтан қағып, тура жолда омақаса құлатуға тырысып бағады. Намазды беріліп оқу үшін ең алдымен жүректегі иман кәміл, берік болмақ керек. Иманды кәміл ету үшін салиқалы адамдардың ортасында көп болуға тырысқан жөн. Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Адам баласы досының дінінде болады. (Досы қандай болса, өзі де сондай). Сондықтан да әркім кіммен достық құратынына мұқият қарасын» деп айтқан [1].

Олай болса, иманды, тақуа дос, құлшылығымызды уақытылы орындап, иманымызды арттыруда бірден-бір жәрдемшіміз бола алмақ. Екіншіден, білімді арттырған үстіне арттыра түскен абзал. Білім алу адам жүрегіне Аллаһқа деген сүйспеншілік сыйлап, сіздің өз дініңізді толық орындауыңызға себепкер болмақ.

[1] Әбу Дәуіт, Муснад 4835.

материал «Намаз – діннің діңгегі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: