Жұма намазын немесе айт намаздарын далада оқыған кезде аяқ киімді шешпей оқи беруге болады. Оған дінімізде рұқсат етілген.
Әсіресе, күннің суықтығы себепті аяқтан сыз өтеді деп қорыққан мұсылманға бұл бір жеңілдік болмақ. Бастысы аяқ-киіміңіздің табаны нәжістен ада болуы тиіс. Ал табаныңыздың топырақ немесе батпақ болуы намазға кедергі емес.
Аяқ-киіммен намаз оқудың рұқсаттығы хадистермен бекітілген. Хадистердің бірінде Амр ибн Шуғайб атасынан (Абдулла ибн Амр) жеткізген хадисте Ол былай деген: «Алла елшісінің (соллаллаһу алейһи уә сәлләм) жалаң аяқ та, аяқ киіммен де намаз оқығандығын көрдім»[1].
Сондықтан да, жұма намазын сыртта оқыған жағдайда аяқ киімді шешпей оқып жатсаңыз намазыңыз дұрыс. Аяқ саусақтарының жерге тиюі керек деген ереженің мәні – сәждеге барғанда аяқты көтермеу керек дегенді білдіреді. Саусақтарын құбылаға қарата майыстырып, аяқ ұшын жерге қояды. Сәждеде ең аз аяқтың бір саусақ ұшы жерге тиіп тұруы тиіс.
[1] Әбу Дәуід: Сүнән. №653 хадис.
материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,
ummet.kz