25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ақшам намазының алдында екі рәкәғат намаз оқу неге мәкрүһ?

Ақшам намазының алдында екі рәкәғат намаз оқу неге мәкрүһ?

Намаз

Ханафи мәзхабы[1] мен Мәлики мәзхабында ақшам намазының алдында нәпіл намаз оқу – мәкрүһ[2]. Оның себебін екіге бөліп қарауға болады:

Біріншіден, ақшам намазының уақыты тым қысқа. Азан айтылысымен кешеуілдетпей, бірден қамат түсіріп, шам намазына бастайды. Кешеуілдету – мәкрүһ.

Ал, нәпіл намаз оқыған адам нәпілге бөгеліп, парызды кешіктіріп қоюы мүмкін. Әсіресе, мешітте нәпілге бастап кеткен жамағаттың әрқайсын күтемін дегенше, уақыт шығып кетеді. Сол себепті, күн батқаннан соң ақшам намазының парызынан алдын нәпіл оқу – мәкрүһ, ұнамсыз әрекет.

Екіншіден, риуаяттарға қарағанда Пайғамбарымыздың өзі ақшамның алдында нәпіл намаз оқымаған.

Табараниде келтірілген бір риуаятта, Жәбір былай дейді:

«Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жұбайларынан: «Алла елшісі ақшам намазының алдында екі рәкәғат (нәпіл) оқығанын көрдіңдер ме?» - деп сұрағанымызда, Олар (р.а.): «Жоқ», - деп жауап берген тұғын. Тек Үмму Сәләма ғана: «Менің үйімде бір ретінде ғана екі рәкәғат оқыды. «Бұл қандай намаз?» - дегенімде Ол (с.а.у.): «Асыр намазынан алдын екі рәкәғат оқуды ұмытыппын. Енді оны қазір оқыдым», - деп жауап берген еді», - деді[4].

Әбу Дәуідтің Хадис кітабында мынадай риуаят бар:

«Сахаба Ибн Омардан біреу ақшам намазының алдында екі рәкәғат оқу жайында сұрағанда, ардақты сахаба: «Мен Пайғамбар заманында (ақшамның алдында) екі рәкәғат оқыған ешкімді көрмедім...», - деп жауап берген екен[5].

Табаранидің хадистер жинағында Алла елшісінің (с.а.у.) былай дегені риуаят етіледі:

«Қалаған адам әр бір айтылған азан мен қамат арасында намаз оқиды. Тек, ақшам намазында ғана оқымайды»[6].  

 Ал, енді ақшам алдында екі рәкәғат оқуға рұқсат еткен хадистерді қалай түсінеміз?

Бұған Мәлики мәзхабының ғұламасы Әбу Бәкр ибн әл-Араби (м.1076-1148 ж.) мынадай жауап айтады:

«Ондай хадистер бастапқы кезеңдерге қатысты. Күннің батуымен «мәкрүһ уақыттың» өткендігін білдіру мақсатында екі рәкәғат оқитын. Сол себепті, кейінгі кезеңдерде ешкім оқымаған».

Табиғин ғалым Ибраһим ән-Нахаъи ақшам намазының алдында нәпіл оқуды «бидғат» санаған.  

Ән-Нахаъи - Ирак өңірінің ғұлама фиқһшысы. Хадисте «сиқа/сенімді» деген атаққа ие. Оның риуаят еткен хадистерін Нәсәий, Әбу Дәуіт, Даруқутни сынды ғұламалар өз хадис жинақтарына енгізген. Бұнымен қатар балалық шағында Айша анамыздың (р.а.) көзін көрген кісі.

Ендеше, Имам Зайлағи айтқандай, егер ғалымдар қандайда бір «марфуъ хадиспен» амал етуді бір ауыздан тәрк етсе, бұл оның «әлсіз» екенін көрсетеді де, онымен амал етілмейді[7]. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

 

[1] Шүрунбуләли: Имдәд – 187 бет.
[2] Мухтәсәрул Халил – 62 дәріс.
[3] Сахих Бухари - №1184 хадис.
[4] Ибн Хажар: әд-Дироя.
[5] Әбу Дәуід және Байһақидің хадистер кітабында.
[6] Табарани: әл-Әусат.
[7] Шүрунбуләли: Имдәд – 187 бет.

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: