26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Парыз намаздардан кейінгі ең абзалы – түнгі намаз

Парыз намаздардан кейінгі ең абзалы – түнгі намаз

Намаз

Түнде тәтті ұйқыны қиып намаз оқу – соқыр түннің қараңғылығын нұрландырып, жарыққа бөлейді. Мұны ақиқаттың балын татып, дүние сырын терең ұққандар ғана сезіне алады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) түнгі намазын үздіксіз оқу арқылы бізге өміріміздің күндізін де, түнін де құлшылықсыз өткізбеуді сабақ қылғандай.

Зәбур кітабы түскенде Дәуіт (аләйһис-сәлам) пайғамбардың анасы: «Балам! Түнде көп ұйықтама. Өйткені түнгі ұйқы ақиретте адамды кедей қылады» – деп өсиет айтқан екен. Анасының өсиетін толық орындаған Дәуіт (аләйһис-сәлам) түнгі құлшылығын еш уақытта қалдырмаған. Бұл жайында Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Алланың құзырында ең ұнамды намаз – Дәуіттің намазы. Ол түннің бір уағына дейін ұйықтап, сәл тыныққан соң тұрып құлшылық етіп, қайта демалатын» – деп, Дәуіт пайғамбардың құлшылығын үлгі етеді.

Бірде Дәуіт (аләйһис-сәлам) Алла Тағаладан: «Пейішіңе кім кіреді және кімнің намазын қабыл етесің?» – деп сұрайды. Сонда Алла Тағала: «Менің ұлылығыма кішіпейілділік танытқан, күні-түні Мені есіне алып, разылығымды алу үшін нәпсіқұмарлығынан тыйылған, аштарды тойдырып, жарлылармен дос болған, қиыншылыққа душар болғандарға шын жанашырлық таныта білген адамдар менің пейішіме кіреді, намаздары қабыл болады. Осындай құлдарымның нұрлары көктегі Күндей жарқырайды. Бұлардың дұғаларын қабыл қылып, қалауларын беремін. Ашушаңдықтарын мейірімділікке, ғапылдықтарын зікірге, қараңғылықтарын нұрға айналдырамын. Мұндай жандардың пейіштегі орындары «фирдаус бағы» болады. Олардың су аққан арықтары ешқашан суалмайды, жемістері солмайды», – деген.

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) түнгі намаз жайлы: «Парыз намаздардан кейінгі ең абзалы – түнгі намаз», – деген. Тағы бір хадисінде «Түнгі намазды оқыңдар, ол – сендерден бұрынғы ізгі, салихалы құлдардың әдеті. Шындығында, түнгі намаз Аллаға жақындатады, күнәлардан арылтады, ауру-сырқаттардың шипасын беріп, жамандықтан алшақтатады», – деген.

Екі жаһанның сардары Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Түнде тұрып намазын оқып, әйелін намазға оятқан, ал егер әйелі оянбаса, су сеуіп оятуға тырысқан ер кісіге Алланың мейірімі болады» десе, «Түнде тұрып намазын оқып, күйеуін намаз оқу үшін оятып, намазын оқытқан, ал егер оянбаса, су сеуіп оятуға тырысқан әйелге Алланың мейірімі болады» – деп, түнгі намаздың абзалдығын айтқан. Тіпті осындай қайырлы істерді жасау барысында жарысу керектігі туралы мына бір хадисті ойға түйіп алсақ: «Кімде- кім түнгі намазға тұрып, жарын оятып, бірге намаз оқыса, Алла Тағала ол екеуін Құран Кәрімдегі «закирина уа закират» (үнемі Алланы зікір етуші ерлер мен әйелдердің) қатарына жазады» делінген.

Алла Тағала Құран кәрімде таһажжуд намазын оқитындарды «Олардың жамбастары төсектерінен ажырап (түнде ұйқыдан тұрып) Раббыларына жалбарынады» – деп сипаттаған. Себебі жылы төсекті тастап, ұйқысын қиып Алла үшін намаз оқу – тақуалы жандардың сипаты.

Имам Ғазали түнгі дұға-тілек пен намаздың маңыздылығы жайында былай деген: «Түнде барлығы тәтті ұйқыға батқан сәтте, Арштан бір дыбыс естіледі. Бұл дауыстың иесі: «Мұқият! Мұқият! Құлшылыққа көңіл бөлгендер, тұрып Алла үшін намаз оқысын! Аллаға шын берілген құлдар ұйқыларынан тұрып намаздарын оқиды» – деп ескертеді. Дәл осы дауыс түннің бір уағында: «Мұқият! Мұқият! Алладан қорқып, таң шапағы ағарғанға дейін намаз оқыңдар» – деп екінші мәрте ескертеді. Бірнеше уақыт өткен соң тағы да: «Алладан күнәларына кешірім сұрайтындар ұйқыларынан тұрып, намаз оқып, кешірім сұрасын!» – дейді. Шын мәнінде, күнәларының кешірілуін қалағандар түнделетіп тұрып намаздарын оқып, Аллаға тәубе қылып, кешірім сұрайды. Дәл осы дыбыс күн шыққаннан кейін: «Мұқият! Мұқият! Намаздарын оқымаған ғапылдар тұрсын» – дейді. Сол сәтте намаздарын оқымаған ғапылдар ақиретте қабірден тұрған өлілер секілді төсектерінен тұрады (намазының қазасын оқып тәубеге келеді немесе қаза намазын оқымай қиналып, жұмыстарына кетеді)».

Сондықтан Лұқман Хакім ұлына айтқан өсиетінде: «Балам, таңертең қораздар шақырған сәтте ұйықтама. Тұрып, дәретіңді алып, намазыңды оқы» – деген екен.

материал «Қабірді нұрландыратын құлшылық» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: