26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Намаздағы бөтен ойлардан қалай құтыламын?

Намаздағы бөтен ойлардан қалай құтыламын?

Намаз

Адам баласының ойы шексіз екені мәлім. Пенде болғаннан кейін намазда да еріксіз санқилы ойдың келуі табиғи жайт.

Мұнда шайтан малғұнның да үлесі жоқ емес. Өйткені, азан айтылып, қамат түсірілгеннен кейін ол намаздағы адамға жақындап, жай уақытта ойына келе бермейтін нәрселерді еске түсіріп тұрады екен. Осылайша адам шатасып, қанша рәкәғат оқығанын білмей дал болады[1].

Дегенмен «ифтитах тәкбірін» айтқаннан соң, ойды жинақтап, бар ынтаны намазға шоғырландыруға тырысуы керек. Осы орайда, әр қимылда айтылатын тәкбірдің, сәжде мен рүкүғта айтылатын дұғалардың, тіпті лаж болса, фатиха сүресін оқыған сайын мағынасын іштей ұғынып оқыңыз. Бұл ойыңыздың намазға шоғырлануына көмекші болады. Мысалы, «Аллаһу әкбәр» деп айтқанда «Алла ұлық» деген мағынасын да санаңызға келтіріп тұрыңыз. Рүкүғ пен сәждеде айтылатын дұғаларды да солай мағынасымен түсіне отырып орындаған жақсы. 

Ал өзіңіз айтпақшы намаз кезінде ойыңызға қайдағы бір ойлар келетін болса, бұл жағдайда намазды қайта оқудың қажеті жоқ. Еріксіз келіп-кететін ойлардың намазға кедергісі жоқ екенін үмметіне ұғындырғысы келген ардақты Пайғамбарымыз: «Біздің үйде бір кесек алтын бар екен. Намазда тұрып есіме түсті. Оны ертеңге дейін бізде тұрғанын ұнатпағандығымнан таратып тастауын бұйырдым»[2],–деген.

Алайда, терең ойға шомып намаздың ішкі парыздарын (рүкуғ, сәжде, рәкәғаттар саны т.б.) орындамасаңыз, ол намазды қайта оқуыңыз керек. Ал уәжіптерін (алғашқы әттахият отырысы, фатиха мен зам сүрелерін оқу т.б.) ұмытып кетсеңіз, намаз соңында сәһу сәжде жасайсыз.

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: