26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Намаздың басты шарттарының бірі – киім тазалығы

Намаздың басты шарттарының бірі – киім тазалығы

Намаз

Киім-кешек таңдауы мен күтімі гигиена тұрғысынан өте маңызды. Орта ғасырлық Еуропада адамдар суықтан қорғайтын, бірақ тазалауы қиын жүннен тоқылған ауыр киім киетін.

Шомылу әдет болмағандықтан олардың киімдері тез кірлеп биттейтін әрі бойларынан күлімсі иіс шығатын. Жағымсыз иісті басу үшін батыстықтар әтір пайдаланатын. Тек ХVІІІ ғасырдан бастап қана сауда-саттықтың дамуы арқасында әрі арзан, әрі ықшам, мақта-матадан жасап тігілген ішкиімдерге қол жеткізді. Бекзадалар жеке бас тазалығына ерекше көңіл бөліп, ХІХ ғасырда тазалық  жақсы өмір салтының белгісі санала бастады. Дене күтімі мен киім-кешекті жиі жуу нәтижесінде сүзек, оба аурулары мүлдем жоғалды.

Ал, мұсылмандарға келсек, намаздың басты шарттарының бірі – киім тазалығы екені о бастан белгілі. Зәр және өзге де нәжіс тиген киіммен намаз оқуға болмайтындықтан мұсылмандар күніне бес мәрте үсті-басының тазалығын тексеруге міндеттелген.

Пайғамбарымыз таза киім кию жайлы айтылған бір хадисінде: «Ақ түсті киім киіңдер, себебі, ақ түсті киім әлдеқайда әдемі әрі тазалық тұрғысынан ыңғайлы. Мәйітті де ақ кебінге ораңдар» – деген екен. Әдетте ақ және ашық түсті киім кір шалғанда анық байқалатындықтан жиі жуылады. Еуропа киім тазалығының маңызын ХІХ ғасырда ғана ұға бастаса, діннің талабын беріле орындайтын мұсылмандар бұған сонау VІІ ғасырдың өзінде ерекше мән берген. Иә, біздер, мұсылмандар, дене күтімімен қоса киім гигиенасына да жіті назар аударып, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) ұқсап таза, мұнтаздай киініп жүруіміз қажет.

материал «Исламдағы тазалық» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: