01
Жұма,
Қараша

һижри

Мәсіге мәсіх тартудың шариғат бойынша дұрыстығы

Мәсіге мәсіх тартудың шариғат бойынша дұрыстығы

Намаз

Аяққа мәсіх тарту дегеніміз – дәрет алған кезде мәсінің сыртын ылғал қолмен сүрту.

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетінде оның сапарда да, үйінде де мәсіге мәсіх тартқаны анық айтылған. Мәсіх тарту жөнінде Жәрир ибн Абдуллаһ (Алла оған разы болсын): «Мен Алла елшісінің (с.а.с.) кіші дәрет сындырған соң, дәрет алғанын және мәсісіне мәсіх тартқанын көрдім», – деген.

Мәсіге мәсіх тарту шарттары:

1. Мәсіге мәсіх тарту оны дәретті аяққа киген жағдайда рұқсат етіледі.

2. Мәсіх мәсінің үстіңгі жағына тартылады. Бұл туралы Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын): «Егер дін (адамдардың) ойлары мен тұжырымдарына негізделсе, мәсінің үстінен гөрі астыңғы жағына мәсіх тарту жақсырақ болар еді. Бірақ мен Алла елшісі (с.а.с.) мәсісінің үстіңгі жағына мәсіх тартқанын көрдім», – деп айтқан.

3. Тұрғылықты адам мәсіге бір тәулік, ал жолаушы үш тәулік бойы мәсіх тартуына болады. Өйткені Әли ибн Әбу Талибтан осы туралы сұрағанда, ол: «Алла елшісі (с.а.с.) жолаушыға үш күн, үш түн, ал тұрғылықты адамға бір күн, бір түн мәсіх тартуды бекітті», – деген.

4. Дәреті бар адам мәсі кисе, оған келесі дәрет алу кезінде аяғын жуудың орнына мәсіх тартуына рұқсат етіледі, ал ғұсыл құйынуды талап ететін үлкен хәдәс жағдайында мәсілерін шешуі керек.

5. Мәсіх тартуға тыйым салынған жағдайлар: – мәсіге мәсіх тарту мерзімі аяқталса;
– үлкен хәдәс жағдайында;
– мәсіні шешкен болса.
Мәсіх тарту мерзімі аяқталған не адам мәсісін шешкен жағдайда, мұның алдында дәрет алған болса, онда тек аяқтарын ғана жуады1.

Сыныққа салынған гипс пен таңғышқа мәсіх тарту

1. Жарақаттанған не ауырған жерге салынған гипс пен байланған таңғышқа мәсіх тартуға болады.

2. Дәрет және ғұсыл кезінде таңғыш пен гипске мәсіх тарту міндетті, бұл жарақаттанған не ауырған жерді жуу орнына жүреді.

3. Таңғышқа мәсіх тартудың міндетті болған жағдайлары төмендегідей:

Жарақат алған я бір жері сынған адам дәрет алғанда және ғұсыл құйынғанда, денесінің барлық жерін, бұл үшін суды жылыту қажет болса да, жуғаны абзал. Бірақ ауырған орынды жуу сырқаттың асқынып кетуіне апарып соғатын немесе сауығуын кешеуілдететін болса, онда сулы қолымен денесінің жарақаттанған жеріне мәсіх тартуға міндетті. Ал сулы қолдың тиюі де қауіп тудырса, онда ол жарақатқа таңғыш байлап немесе сынған жеріне ғана дәкемен гипс жапсырып, содан кейін таңғышқа не гипске мәсіх тартуы қажет.

Гипс салғанда не қандай да бір таңғыш байлағанда адамның дәретті болуы шарт емес және оған мәсіх тарту мерзімі белгіленбеген. Толық жазылғанша әрбір дәрет алғанда мәсіх тартып отырады.

4. Келесі жағдайларда таңғышқа мәсіх тартуға тыйым салынады:
Егер таңғыш орнынан жылжып кетсе не аурудан айығып кетуіне байланысты алынып тасталса, оның орнына мәсіх тартуға тыйым салынады. Сондай-ақ жарақатынан сауыққан адамға денесінде тұрған таңғышқа мәсіх тарту күші жойылады.

материал «Құлшылық және сенім» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: