26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ифтитах (намазға бастау) тәкбірі және Қиям

Ифтитах (намазға бастау) тәкбірі және Қиям

Намаз

Намазда тік тұру (қиям) – парыз. Алла тағала Құран кәрімде: «Аллаға бойұсынған күйде тұрыңдар», – деген. Ықылас білдіріп, ниет еткеннен кейін тік тұрып, «Аллаһу әкбәр» деп, тәкбір алады. Бұны «Ифтитах тәкбірі» дейміз.

1. Ифтитах – «бастау», «жабық нәрсені ашу» деген мағынаға саяды. Ифтитах тәкбірі – намазға бастарда алынатын тәкбір. Дәлірек айтқанда, ниет ете салысымен тік тұрған күйі «Аллаһу әкбар» сөзін айтып, құлақ қағуды білдіреді. Әрі бұны «Тахрима тәкбірі» деп те атайды.

Тахрима тәкбірі – «харам етуші», «тыйым салушы тәкбір» дегенді білдіреді. Бұл дегеніміз, «Аллаһу әкбар» деп намазды бастағаннан кейін, намазға қатысы жоқ іс-әрекеттерден тыйылады деген сөз. Намазды осылай бастау – парыз. Онсыз намаз оқылмайды. Хазірет Әлидің риуаят етуі бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Намаздың кілті – дәрет; Тахримі (намаз кезінде бөтен әрекеттерден тыйылу) – «Аллаһу әкбар» деумен басталады; Намаз (екі жаққа) сәлем берумен аяқталады», – деген. (Сахих)

2. Ифтитах тәкбірінде ер кісілер екі қолды бас бармақтары құлақ сырғалығына келетіндей етіп кетереді. Бұл – сүннет. Аталмыш сүннетті орындаудың ең жақсы жолы – бас бармақты құлақ сырғалығына тигізу болмақ. Хадистерден дәлел келтірер болсақ: «Сахих Мүслім» атты хадистер жинағында риуаят етілген хадисте сахаба Мәлік ибн әл-Хуәйрис былай дейді: «Алла Елшісі (с.а.у.) (намазда) тәкбір алғанда екі қолын құлағының тұсына келетіндей етіп, көтеретін...».

«Сахих Мүслімде» келтірілген тағы бір хадисте сахаба Қатада Пайғамбарымыздың тәкбір тахриманы қалай жасағаны туралы былай жеткізеді: «Ол екі қолды құлағының жоғарғы тұсына жететіндей етіп көтерді». Хадисші Имам Нәсәийдің кітабында Абдужаббар ибн Уәил (р.а) әкесінен мына хадисті риуаят еткен: «Оның әкесі Алла елшісінің ифтитах тәкбірін орындаған кезін көрген. Сонда пайғамбарымыз (с.а.у.) екі қолын бас бармақтары құлақ сырғалығына тұспатұс келетіндей етіп көтерген». Бұл хадиске Нәсәи өзінің «әс-Сүнәнүл-күбра» атты еңбегінде «сахих», яғни, «сенімді» деп баға берген. Осы соңғы екі хадисті былайша ұштастыруға болады: Бірінші хадисте қолдың саусақтары орналасқан бөлігі айтылып тұрса, екінші хадисте қолдың білезікке дейінгі жағы айтылып тұр. Яғни, бас бармақты құлақ сырғалығына тұспа-тұс келтірер болсақ, қолдың саусақтары құлақтың жоғарғы жағына дәл келеді деген сөз. Әйгілі хадисші әрі фиқһ ғалымы Имам Әбу Жағфар әт-Тахауи өзінің «Шарху Мағаниль-Әсәр» атты хадис еңбегінде сахаба Уәил ибн Хужрдан жеткен мына «сахих хадисті» риуаят етеді: «Мен Пайғамбарымыздың намазда тәкбір алғанда екі қолын құлақ тұсына көтергенін көрдім».

Сонымен қатар, Имам Бухаридің «Қурратуль айнайн» атты хадис кітапшасында сахаба Барра (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) тәкбір алғанда қолын құлақ тұсына дейін көтеретін». Хадисші әл-Хаким ән-Нисабуридің «әл-Мүстәдрак» атты кітабындағы хадисте сахаба Әнәс (р.а.) былай дейді: «Мен Пайғамбарымыздың тәкбір алғанын көрдім.

Сонда Ол (с.а.у.) екі қолдың бас бармағын құлақ тұсына келтірді...». Хадис жайында жоғарыда аты аталған ғұлама былай дейді: «Бұл айтылғандар Бухари мен Мүслімнің хадис іріктеу талаптарына сай «сахих» жолмен келген. Аталмыш хадистен күмән тудыратындай нәрсені байқамадым». Осы тақырыпқа қатысты басқа да риуаяттарды хадис кітаптарынан кездестіруге болады. Мұның бәрі ифтитах тәкбірін аларда бас бармақтары құлақ сырғалығына келетіндей етіп қолды көтерудің Алла Елшісінің сүннетінен алынғандығын айғақтайды.

3. Ер кісі «тәкбір тахрима» алғанда саусақтарын бүкпей не саусақ арасын тым қатты ашпай, орташа халде алақандарын құбылаға қарата құлақ қағады. Тирмизидің риуаят етуі бойынша сахаба Әбу Һұрайра (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарымыз тәкбір алғанда саусақ арасын бүкпейтін» (Хасан хадис).

материал «Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: