26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Науқас адамдар намаздарын қалай оқиды?

Науқас адамдар намаздарын қалай оқиды?

Намаз

Ақыл-есі дұрыс кісілер басқа жерлері науқас болса да діни міндеттерден жауапты. Бірақ дініміз бұл діни парыздарды атқару үшін оларға жеңілдік көрсеткен.

Намаз оқудағы жеңілдіктер:

Науқас кісі әл-қуат, шама-шарқына қарай намазын оқиды. Мысалы, түрегеп тұра алмайтын, яки, тұрған жағдайда ауруының күшеюі сияқты жағдайларда, отырып, оған да күші жетпесе, ыңғайына қарай шалқайып немесе жанымен жатып намазын оқиды. Намазын бір нәрсеге сүйеніп түрегеп тұрып оқи алатындар сүйеніп оқиды.

Ифтитақ (ашу, бастау) тәкбірін түрегеп тұрып ала алатын болса, түрегеп тұрып алып, қалған намазын шамасына қарай отырып, яки, жатып жалғастырады.

Орындыққа отырып оқуға да болады.

Отырып оқыған уақытта мүмкін болса аяқтарын жиған күйде, мүмкін болмаса құбыла жаққа созып оқи береді. Рүкүғ және сәжде ишарат жолымен жасалады. Ишарат: рүкүғда аздау, сәждеде көбірек басты ию арқылы жасалады. Ишаратпен де оқи алмайтындар көз, қас арқылы ишарат жасап оқи алмайды. Ишаратпен де оқи алмайтындар оқи алмаған намаздарының саны 5-тен аз болса, кейіннен қаза етеді. Ал 5-тен көп болса, қазасын өтемейді. Әбу Ханифаның басқа бір пікіріне сүйенсек, кейіннен қазасын өтейді. Науқас адамның алдына сәжде етуі үшін тақтай, жастық, орындық сияқты нәрселер қойылмайды.

Жамағатпен намаз

Ислам діні – жамағат діні. Сондықтан жамағатпен намаз оқуды өте жоғары бағалаған. Ханафи мәзһабында ер кісілердің бес уақыт парыз намазды жамағатпен оқулары – бекітілген сүннет. Тіпті басқа мәзһабтардағы кейбір ғалымдар парыз деп үкім берген. Екі кісі болса да намазды жамағатпен оқу керек. Жамағатпен намаз оқу арқылы мұсылмандар бір-бірімен танысып, араларында жылы қарым-қатынас күшейеді. Періштелер сияқты Аллаһтың құзырына сап құрып, жамағатпен оқылған намаздың сауабы, жеке оқылған намаздан жиырма жеті есе артық. Пайғамбарымыз (с.а.у) жамағатпен намаз оқудың сауаптылығын көптеген хадистерінде білдірген. Мысал ретінде: «Жамағатпен оқыған намаздың сауабы жеке оқылған намаздан жиырма жеті есе артық». «Кімде-кім құптан намазын жамағатпен оқыса, түн ортасына дейін намаз оқығандай сауап алады. Таң намазын да жамағатпен оқыса түні бойы намаз оқығандай сауап алады». «Адамдар егер алдыңғы саптың қаншалық сауаптылығын білгендерінде, алдыңғы саптан орын алу үшін араларында жеребе тастауға дейін баратын еді». «Намазды алғашқы уақытында оқудың сауабын білгендерінде ол үшін жарысар еді. Құптан намазы ментаң намазының кереметтігін білгендерінде, еңбектеп болса да, бұл намаздарды жамағатпен оқуға келетін еді». Саптардың ең сауаптысы – ең алғашқы сап. Одан кейін ретіне қарай келесі саптар.

Әйел адамдар мешітке барып жамағатпен бірге намаз оқуларына болады. Бірақ үйде оқулары абзал. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл жайлы: «Әйелдердің мешітке баруларына бөгет болмаңдар. Бірақ үйлері олар үшін мешітке баруларынан да абзал», – дейді.

Жамағат намазда саптың реті

Екі адам намаз оқыған уақытта біреуі имам болып, екіншісі оң жағына тұрып, аяғының өкшесі имамның аяғының өкшесінен кейін тұру керек. Бір адамның имамның артына немесе сол жағына тұруы – мәкрүһ. Имамға ұйыған адам әйел кісі болса, имамның артына тұрады. Жамағат екеу яки одан да көп болса, имамның артына тұрады. Жамағаттың біреуі ер кісі, екіншісі әйел болса, ер кісі имамның оң жағына, әйел арт жағына тұрады. Имамнан басқа екі ер кісі және бір әйел кісі болса, ер кісілер имамның артына, әйел ер кісілердің артына тұрады. Екі адам жамағат болып намаз оқып жатқан уақытта, үшінші адам келіп, имамның оң жағындағы адамды артқа тартып, имамның артында бірге намаз оқуларына рұқсат.

материал «Ислам ғылымхалы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: