26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Намазда талтайып тұру қайдан шыққан?

Намазда талтайып тұру қайдан шыққан?

Намаз

Бүгінде мұсылмандардың арасында пайда болған «сәләфизм» бағытындағылар намаз оқып тұрған сәттерінде аяқ арасын тым алшақ ұстап, талтайып тұрады. Олар аталмыш әрекеттеріне дәлел ретінде сахаба Нұғман ибн Бәшир және Әнәс ибн Мәліктен жеткен риуаятты көлденең тартып, оны сүннет деп есептейді.

Алайда, аты аталған ардақты сахабалардың риуаят еткен деректі талдайтын болсақ, намазда әлгіндей тұрудың қате екеніне көз жеткіземіз. Ендеше, бұл риуаяттарға аз-кем талдау жасап көрелік. Нұғман ибн Бәшир және Әнәс ибн Мәліктен жеткен риуаят төмендегідей: Сахаба Нұғман Пайғамбарымыздың «Саптарыңды түзеңдер» деп үш рет айтты...», – дейді. Ал, сахаба Әнәстің хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Саптарыңды түзеңдер. Сөзсіз, мен сендерді артымнан да көріп тұрмын», – деген.

Сахаба Нұғман жоғарыдағы хадисті риуаят еткен соң өз сөзімен: 

– Шындығында, біздің арамыздан «кейбіреулер» тобығын өзгенің тобығына тигізе тақайтынын көретінмін...» десе, сахаба Әнәс хадисті риуаят еткеннен кейін: арамызда «кейбіреуі» иығын қатарлас адамның иығына, ал тобығын тобығына тигізетін» - деп, өзінің сөзін қоса айтқан. Яғни, бұл – хадис емес, жеткізуші рауи сахабаның сөзі. Аты аталған сахабалардың сөздері намазда аяқты алшақ ұстау керектігіне негіз бола алмайды. Неге десеңіз, қос сахаба жеткізген хадистерді зер салып қараған адам мынадай тоқтамға келеді:

1. Сахаба Әнәс риуаят еткен хадисті Әбу Һұрайра да риуаят еткен. Алайда, ол «аяқтарын тақайтын» деген сөзді қолданбаған. Ендеше, осы хадисті естіген Әбу Һұрайраның қасында тұрғандар аяқтарын тақамайтын. 

2. Қос сахабаның «кейбіреуі» деген сөздерін бөліпжарып, әдейі тырнақшаның ішіне алып айтуымыздан аңғарғандарыңыздай, ол сөз – сахабалардың барлығы бірдей аяқтарын бір-біріне тигізе тақамағандығына дәлел бола алады. Егер Пайғамбарымыздың бұйырған бұйрығы болса, яки, Өзі жасаған ісі болса, өзге сахабалар да солай етер еді. Себебі, Алланың елшісі: «Мен қалай намаз оқыған болсам, сендер де солай оқыңдар», – деген.

3. «Тақайтын еді» және «көретін едім» деген тіркестерден байқағанымыздай сөйлем өткен шақта айтылған. Яғни, сол кезден кейін ешкім аталмыш әрекетті қайталамаған. Бұл жайында әйгілі ғұлама хадисші Ибн Хажар әл-Асқалани (Хижри 773-852 ж.) «Сахих Бухари» атты хадистер жинағына жазған түсіндірмесінде, сахаба Әнәс (р.а.) риуаят еткен аталмыш хадиске түсініктеме беру барысында былай дейді: «Әнәстің «арамыздағы кейбіреулер» деген сөзі – әлгіндей жағдай тек Пайғамбарымыздың (с.а.у.) тұсында ғана болғанын айғақтайды».

4. Алла елшісінің (с.а.у.) ешбір хадисінде «аяқтарыңды бір-біріне тигізе тақаңдар» деген әмір жоқ. Бұның өзі сол істің шариғат талабы емес екендігін анық білдіреді.

материал “Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі” кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: