26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құран мұсылман еместермен дос болудан тыя ма?

Сұрақ-Жауап

Сұрақ:

Салам алейкум, Құран Кәрім мұсылман еместермен дос болудан тыяды ма?

 

Жауап:

Уа әлейкум әссәлам. Бұл сұрақ «Әли Имран» сүресінің 28-аятынан бастау алса керек. Ол аятта Алла Тағала:

لَّا يَتَّخِذِ الْمُؤْمِنُونَ الْكَافِرِينَ أَوْلِيَاءَ مِن دُونِ الْمُؤْمِنِينَ

«Мүміндер мүмін бауырларын былай қалдырып, кәпірлерді дос тұтпасын!»– дейді.

        Бұл аяттың тәпсіріне көз жүгіртсек мынаны байқаймыз: егер басқа жағдай түсіп мұсылмандар мен кәпірлер  соғысса, мұсылмандарды былай қойып, мұсылман болмағандарды дос тұтуға болмайды. Оларға мұсылмандардың сырын ашып беретіндей, осал тұсын паш етерлік жақын сырлас дос болуға болмайды. Әрі олармен етене жақын араласып, күпірліктеріне ауып кетер жағдай болмауы керек.

Ал басқа жағдайларда олармен жылы қарым қатынасты сақтап толеранттылық көрсетуде, олармен күнделікті өмірдегі мәміле, қарым-қатынас жасағанда тұрған ештеңе жоқ. Олармен емін еркін арласа бересіз. Алла Тағала осы тұста:

لَّا يَنْهَاكُمُ اللَّهُ عَنِ الَّذِينَ لَمْ يُقَاتِلُوكُمْ فِي الدِّينِ وَلَمْ يُخْرِجُوكُم مِّن دِيَارِكُمْ أَن تَبَرُّوهُمْ وَتُقْسِطُوا إِلَيْهِمْ

«Алла сендерді өздеріңмен дін үшін соғыспаған және өз атамекендеріңнен қумағандарға жақсылық жасаудан һәм оларға барынша әділ болудан тыймайды» – дейді. (Мумтахана-8)

Ескерте кететін мәселе: екі адамның ортасында болған достық мына екі нәрседен арылмайды. Не сіз оған әсер етесіз немесе ол сізге әсер етеді. Басқа дін өкілімен достық құрғанда бұндай нәрсе болмайды деу ақылға томпақ дүние. Олай болса бұл достықтың мақсаты оған жақсы әсер қалдыру болуы керек. Оның өзін не дінін кемсітпестен ортақ мәселелерді қозғап, олардың (християн немесе яһудидің) исламға жақындықтарын айту керек. Ал егер сіздің оларға қылған әсеріңізге қарағанда олардың сізге әсері күштірек болса, сізді тура жолдан тайдыру қауіпі тағы бар. Сол үшін олармен сөйлесу, дос болуда тұрған ешқандай сорақылық жоқ. Тек достық барысында оларға тура жол насихатталуы керек. Ең дұрысын Алла біледі.

Ummet.kz

Бөлісу: