26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Бақсы-балгерлер туралы

Сұрақ-Жауап

1-сұрақ: Бақсы мен балгердің қандай айырмашылығы бар?

Жауап: Бақсылық ертедегі шаман дінінен қалған ұғым. Eжелгі түсінік бойынша бақсы деп тылсым әлеммен, соның ішінде «ата-баба рухтармен», жындармен байланыс жасай алатын, тәуіптік яки адамды түрлі әдіс-тәсіл арқылы емдеумен айналысатын адамды атаған.

 

Балгер деп бал ашатын адамды айтады. Сөздікте бал ашу – болжам жасаудың (адамның өткені мен келешегі туралы хабар беру) ертеден келе жатқан түрі деп келтіріледі. Әдетте, балгерлер тобына өзін ғайыпты білемін деп жария қылушылар жатқызылады. Олар түрлі тәсілмен ғайыптан хабар берумен, сиқыр жасаумен, сәуегейлік, көріпкелдікпен айналысады. Адамның өткені мен болашағы туралы айтады. Сондай-ақ олар карта, тас немесе құмалақ секілді көмекші құралдарды пайдаланады. Осылайша бақсы көп жағдайда адам емдеумен айналысса, балгер өткен және келер іс жайында ғайыптан хабар берумен, болжам жасаумен айналысады.

2-сұрақ: Ислам діні бақсы не балгердің қызметі, әс-әрекеті жөнінде қандай баға береді? Яғни Қасиетті Құран Kәрімде, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде бақсылық, балгерлік жөнінде жазылған деректер бар ма?

         Жауап: Ислам дінінде бақсы-балгерлердің айналысатын істеріне тыйым салынған. Мәселен, егер бақсы емдеу шараларын ешкімді серік етпей тек Алланың атымен ғана, яки Құран аяттарын оқып дем салатын болса, онда оған рұқсат. Ал, жын-шайтандар мен өлілер арқылы емдеу шариғатта тыйым салынған іс. Өлілермен сөйлесу, жын-шайтанмен дос болу немесе оның көмегіне жүгіну, ажалдан арашалап қаламын деп Алладан басқа өзгеден медет сұрау, ертеңгіні болжау, сәуегейлік, Алланың атынан басқа біреуге сыйынып бұлт шақырып жауын жаудыру, аспаптар арқылы көңілді әуенмен адамды алдап-арбайтын әуез ойнау, көз алдында ғажайыптар жасап сиқыр көрсету, арбаушылық түрелінің бәрі де исламда түбегейлі тыйым салынған.

«Жын» сүресінің 26-27 аяттарында «Алла Тағала  ғайыпты ешкімге білдірмейді, оның сырын ешкімге ашпайды…» – деп, баяндалған.

Алла Тағала тіпті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға Өзінің қалауынсыз тағдырды өзгертуге болатындай мүмкіндік бермеген. Алла Тағала бұл жайында «Әғраф» сүресінің 188-аятында былай дейді: «Мұхаммед (с.ғ.с.) айт: «Алла қаламайынша, өзім үшін пайда, зиян келтіру күшіне ие емеспін. Егер ғайыпты білген болсам, әлбетте, жақсылықты көбейтіп алар едім. Сондай-ақ, маған бір сәтсіздік жұғыспас еді. Мен иман келтірген елді ескертуші және қуантушы ғанамын».

Хадисте бұл жайында: «Кімде-кім сиқырға ұшыраса, ол өзіне Алланың сынақ жібергеніне және одан құтылу да Алланың қолында екеніне мықты сенімі болуы тиіс. Алла ауруды жаратумен бірге оның емін де жаратқан» (Бұхари), – делінген.

Құранда, сиқырды үйреніп, сиқырмен айналысып тура жолдан тайған Сүлеймен пайғамбардың (а.с) қауымы жайында баян етіледі. Онда: «Олар Сүлейменнің мүлкі (кітабы) деп, шайтанның азғыруына ерді. Бірақ мұнымен Сүлеймен кәпір болған жоқ, керісінше, адамдарға сиқыр үйрететіні үшін шайтандар кәпір болды. Мұны олар Бабиладағы Һарут, Марут  деген екі періштеге келген сиқыр деп уағыздайды. Ол екі періште «Біз адамдарға іріткі салып, сынап бағу үшін келгенбіз, бізге қарап кәпір болмаңдар» деп айтпайынша, ештеңе үйретпейтін. Ал олар бұл екеуінің ең әуелі ерлі-зайыптыларды ажырататын сиқырды үйренетін еді. Бірақ онымен де Алланың рұқсатынсыз ешкімге зиян келтіре алмайтын...» (Бақара сүресі, 102-аят), – деп жазылған.

Исламда жақсы мен жамандық Алланың белгілегеніндей болатындығына сену иман шарттарының негізгі. Адамдардың сиқырға ұшырауы да Алланың ықтиярымен ғана болатынын білген жөн.

3-сұрақтар: Бақсылардың әрекеті дұрыс болмаған жағдайда ислам дінінде оларға қандай жаза қолданылады? Болашағын болжатқан, яғни балгерге барып, келешегімде не болады деп сұраған адамның жазасы қандай болмақ?

         Жауап: Ислам дінінде бақсы-балгер және оларға барып келешегін сұрап барған адам күнәһар болып саналады. Хадисте «Кімде-кім көріпкелге баратын болса, айтқаны рас, дұрыс айтады дейтін болса, онда ол адам Алланың пайғамбары Мұхаммед келтірген дінге қарсы шықты» (Ахмад) – делінген. Басқа бір хадисте «Кімде-кім балгерге барып, одан бірдеңе жайлы сұраса және сол естігеніне сенетін болса, оның дұғасы, қырық күн бойы намазы қабыл етілмейді» (Муслим, Ахмад) – деп қатаң ескертілген.

         Бал ашқан адам ғайыпты айтамын деп Алланың әміріне қарсы шығып, тіпті діннен шығып кетуі де мүмкін. Кейбірі емші, балгерлерді қасиетті адам деп есептейді, сөйтіп шатасып, адасады. Аллаға емес адамға табынып кетеді. Сондықтан, күнәнің ауыр-жеңіліне қарай Алла оларды қалағанынша не азаптайды, не Мейірім, Рақым сипатымен кешіреді.

4-сұрақ: Бақсылардан қалай құтыламыз?

         Жауап: Оларға баратын адамдар саны азайса, немесе барудан мүлдем тыйылса, ол іспен айналысатындар да болмайды. Ол үшін халық арасында жан-жақты түсіндірме жұмысстарын жүргізуді күшейту керек. Бұл тек мешіттегі дін қызметкерлері ғана айналысатын іс деген ұғым болмау қажет. Бәрімізге ортақ жұмыс. Өйткені, сол бақсы-балгерлерге барып жүргендер біріміздің аға-інілеріміз бен әпке-қарындастарымыз.

5-сұрақ: Балгердің тапқан ақшасы харам ба?

         Жауап: Ислам ғалымдарының пәтуасы бойынша көріпкелдікпен айналысу харам (тыйым салынған) етілген. Демек, шариғат рұқсат етпеген жолмен келген кез-келген ақша да харам болып саналады.

 

6-сұрақ: Қарапайым халыққа бақсыға барып болашағын болжамау, балгерге барып, жамандық жасамау туралы қандай кеңес берер едіңіз?

         Жауап: Иман етуші пенделер бастапқыда «әмәнту билләһты» айтқан кезде жақсылық пен жамандықтың бір Алладан екендігіне сенді. Негізінде Алла Тағаланың шексіз құдіреті арқылы жер бетіндегі әрбір нәрсе жұп-жұбымен жаратылған. Жақсылық пен жамандық ұғымдары да бір-біріне қарама-қайшылық жұбы. Дегенмен олардың жұптық қасиеті болған соң, әркез бір-бірін толықтырып отыратын хикметі бар. Жамандықтың бет-пердесін жақсылық, жақсылықтың мәнін жамандық ашады. Алла құзырында да адамдардың дәрежесі жақсы не жаман амал  жасауына байланысты. Егер мұндай айырмашылық болмаса, барлығымыз бейне бір періштедей күнәсіз болып, дүниелік сынақтың ешқандай да маңыздылығы қалмас еді. Құранның анық аяттарында хабар етілгендіктен, ғайыпты білуші тек қана Алла Тағала екеніне иман келтіріп, оны ақиқат деп қабылдау – мұсылманның парызы.

Әсілі, бақсыға барып болашақ болжау, балгерге бал аштыру адамды бақытты етпейді, оған жақсылық әкелмейді. Алланың ашуын келтіріп, пендені күнәға батыратыны сөзсіз. Сондықтан, адамның тағдыры Алланың жазғанымен болатынын кәміл сену керек. Кімнің басына қандай да бір қиыншылық түссе, жәрдемді әлемдердің Раббысы Алладан сұраған дұрыс. Біз құлшылық-ғибадатымызды, тілек-дұғаларымызды тек Аллаға ғана жасауға тиістіміз. Басымызға қандай да бір сынақтар келгенде бірден бақсы-балгерге жүгірмей, рахат пен қиыншылық, жақсылық пен жамандық, денсаулық пен ауру кезімізде тек бір Алланы еске алғанымыз жөн. Өйткені Алла Тағала «Рағд» сүресінің 28-аятында: «Расында, Алланы еске алумен ғана жүректер тыныштық табады» – деп,  жүректегі тыныштықтың, бақытты өмірдің кілті Алланы еске алу, дұға жасап және ғибадат етумен болатынын сүйіншілеген.

Жауап берген: Жанақов Берікбол Мергенбайұлы

 «Әлжан Ана» мешітінің найб имамы

Ummet.kz

Бөлісу: