Рамазан айында араб елдерінде ғасырларға жалғасқан кейбір дәстүрлер жаңғырып, қайта қолданысқа көшеді.
Мәселен, мына бір дәстүр бойынша, барабан ұстаған адамдар сәресі уақытында ел-жұртты таңғы асты қалдырмай, тұрып тамақтануға шақырып, көше аралап, дабыл қағады.
Кішкентай дабылшылар әр үйдің тұсына тоқтап, көршілердің аты-жөндерін атап, сәресіні өткізіп алмауын ескертеді.
«Месахарати» аталатын таңғы сәресіге оятушылар кей кезде арнайы костюм де киеді. «Тірі қоңыраулар» дәстүрі Сауд Арабиясында, Египетте, Йемен мен бірқатар елдерде бар, деп жазады Al Arabiya.
Елді сәресіге оятуға еріктілер кейде араб тілінде рухани ән де орындайды. «О, Алланың құлдары, Оның жалғыздығына сеніңіздер, ояныңыздар да Аллаға құлшылық етіңіздер» деп таңғы уақытта араб ауылдарын ұйқыдан оятады.
Айта кетейік, бұл адамдар осы қызметтері үшін ешқандай еңбекақы алмайды. Рамазан айының соңында жергілікті халық оларға ықылас-ниеттерін білдіріп, сый-сияпат жасайды.
ummet.kz-ақпарат