Әйелдер ерлерге қарағанда көбірек Құдайды еске алады. Танымал Pew америкалық зерттеу орталығы жүргізген кезекті тәжірибеден соң жоба жетекшілері осындай тұжырымға келді, деп жазады The Guardian басылымы.
Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, әлем әйелдерінің 84%-ы өздерін діни адам санаған, ал ерлердің 79,9%-ы сенім иелері екендіктерін айтқан.
Айта кету керек, зерттеу жұмысына әлем бойынша кең тараған діндер – ислам, христиан, иудей, индуизм мен буддизм, сондай-ақ өздерін қай сенімде екенін білмейтін топ та қатысты. Зерттеу 84 елді қамтыды.
Ал мұсылман халқына қатысты мамандар мынадай қорытынды жасаған. Мұсылман ерлер мешітте құлшылық жасауға көбірек ұмтылады. Ал әйелдердің күніне кем дегенде бір рет құлшылық жасайтыны анықталды.
Дамыған мемлекеттер ішінде құдайшыл халқы көп елдің көш басына АҚШ шыққан. Құрама штаттағы әйелдердің 64% және ерлердің 47%-ы күніне кемінде бір рет құлшылық ететін көрінеді.
Құлшылыққа құлықсыз тұрғындары басым ел Франция болып шықты. Мұнда әйелдердің 15% және ерлердің 9%-ы ғана күн сайын ғибадат етеді.
Ғалымдар әйелдер қауымы діндарлығының бірнеше себептерін атайды. Биология, психология, генетика, отбасылық жағдай, әлеуметтік дәрежесі, жұмыс шарттары мен ертеңгі күніне деген сенімділігінің болмауы, т.б.
ummet.kz-ақпарат