Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында Әбдіжәлил бабқа арналған айтулы іс-шаралар легі өтті. Елге Хорасан ата есімімен белгілі баб кесенесіне Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы зиярат жасады.
ҚМДБ Төрағасы ең алдымен баба басында Құран оқып, дұға жасады. Кейін «Хорасан ата» қоғамдық қорының басшысы Асылбек Айтжанов Бас мүфтиге кесене басындағы жаңарту жұмыстары жөнінде баяндады.
Осылайша Наурызбай қажы Тағанұлы Хорасан ата рухына арналған жиынға келген жұртпен бірге дұға жасады. Зиярат барысында Хорасан ата кесенесіне жерленген Әбдіжәлел бабтың ұлы Үсейіннің рухына арнайы дұға бағышталды.
Әбдіжәлел баб (Хорасан ата) шамамен 730-795 жылдары өмір сүрген. Орта Азия мен Қазақстанға Ислам дінін ала келген ағайынды үш бабтың бірі. Тарихи деректерге сүйенсек, Орта Азия мен Қазақстанға Ислам дінін әкелуші үш Баб Шамнан (Сирия) шығып Шамотқа, одан Хорасанға (Иран) келген. Хорасаннан Балхқа, одан Ауғанстанға кейін Бұхара арқылы Самарқанмен қазіргі Ташкент қалаларына келіп мұсылмандықты жайған.