Ардақты ағайын, мінекей, мұсылман үмметі көптен күткен қасиетті айлар да босағамыздан аттады.
Күллі Ислам әлемі үшін құрметті болған төрт айдың алғашқысы – Ережепке де Алла тағаланың қалауымен, шексіз мейірімімен жеттік. Бұл айлар жайында Құран Кәрімнің «Тәубе» сүресінде «Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Оның төртеуі құрметті айлар» деп айтылады.
Бейбітшілік пен мейірімділікке үндейтін Хақ дініміз осы мүбәрак айларда адамдардың бір-бірлеріне зұлымдық қылмауларын талап етеді. «Тәубе» сүресінің жалғасында «Қасиетті айларда бір-бірлеріңе зұлымдық қылмаңдар» деп бұйырады Хақ тағала. Бұл аяттың астарына үңілген ислам ғұламалары жалпы адамзат күнә істерден аулақ болуға бұйырылғанын, Әлемдердің Раббысы белгілеп берген құрметті айларда істеген күнәнің зардабы да ауыр, ал жасаған мысқалдай ізгі амалыңа таудай сауап жазылатынын айтады. Бұл сөзімізді Қатаданың (р.а.) «Аллаһ Тағала жаратқанның ішінде екі жаратылысты ерекше етті. Яғни, Хақ Тағала періштелердің және пенделердің ішіндегі елшілерді ерекше етті. Сөзден Хақ Тағала – зікірді, жерден – мешіттерді, айлардан – Рамазан айын және қасиетті айларды, күндерден – жұманы, түндерден – қадір түнін ерекше етті» деген ойымен сабақтасақ та болады.
Нақ осы Ережеп айының да мән-мағынасы «қадір», «құрмет» ұғымын қамтиды. Бұл айда мұсылман жамағаты ғибадат-құлшылығын арттырып, Жаратушы Жаббар иемізді ұлықтап, пәктейді. «Ережеп» сөзінің араб тілінен аударғандағы мағынасы «ражаба» – «ұлықтау», «мадақтау». Ежелге арабтар Ислам діні келгенге дейінгі дәуірлерде де осы айда ерекше құрметтеп, ұлықтайтын болған. Ал Алланың хақ діні жеткеннен кейін бұл айдың дәрежесі одан әрі көтерілді. Тіптен, бұл айда ру-тайпалар арасында ешбір жанжал, келіспеушілік орын алмайтын. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.): «Ережеп – Алланың айы, шағбан – менің айым, Рамазан – үмметімнің айы», – деген. Ислам әлеміне танымал ғұлама Зуннун Мысри де осы айлар турасында: «Ережеп – тұқым себу айы. Шағбан – оны суғару айы. Рамазан – жемісін жинау айы. Кім не ексе соны орады, не нәрсе жасаған болса, жазасын тартады. Кімде-кім егін егуін тоқтатса, астық жинау науқанында өкініште қалады. Ал, қияметте ең жаман жағдайға душар болады» деп, мұсылман қауымын ғапылдықта болмауға шақырады. Бүгінгі еккен дәніміздің ертең жемісті болуы осы айлардан басталатынын жадымызды ұстайық. Осы себепті де, қадырменді жамағат, күндерімізді есепке алып, әрбір сағатымызды таразыға салып, ой елегінен өткізсек мұсылман үмметі екі дүниеде де ұтылмасы хақ. Бұл уақыттар құлшыққа ерекше ықылас қойып, дұға-тілек жасаған жанның дүние тіршілігінде ырыс-несібесі, ризығы артып, Алланың алдына барғанда есебі жеңіл, сауабы мол, ізгі құлдардың қатарынан табылуына үлкен бір мүмкіндіктер есігі ашылатын ай.
Ережеп айында ислам тарихындағы айтулы Исра және Миғраж түндері бар. Бұл ай осы қасиетті күндер мен түндері үшін де құрметті. Сіз бен біз оқыған құран аяттарының әрбір әріптеріне жүз, бәлки мың есе сауап жазылса, қасиетті айларда бұл одан көп еселенеді түседі. Сондықтан, ардақты елші Мұхаммедтің (с.а.с.) айтып өткен, мүмін жанның Раббысынан тілеген дұғасы қайтарылмайтын айға басымыз аман, бауырымыз бүтін жеткенімізге Аллаға сансыз мадақ, шексіз шүкірліктер айтып, көбірек дұға етіп, біліп те білмей жасаған қате-кемшіліктерімізге кешірім тілеп, Алланың берген нығметтерінен құр қалмауға асығайық, ағайын. Алланың алдында жүзі жарқын ізгі мұсылмандардың қатарынан табылуымызды нәсіп етсін Жаратқан. Дұға-тілектеріңіз қабыл болғай.
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ-ның Астана қаласындағы өкілі,
«Нұр Астана» мешітінің бас имамы