25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құмар ойын – қоғам дерті

Мешіт тынысы
Жарнама

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы алға қойған басты бағыттардың маңызды бөлігі – уағыз-насихат жұмыстарын жандандыру. Халықтың діни сауаттылық деңгейін көтеру өз ата-таным, салт-санамыз бен дәстүрімізді берік сақтап қалуымызға зор мүмкіндік береді. Осы үдеден шығуды діттеген уағызды ҚМДБ-ның Астанадағы өкілдігі «Нұр Астана» мешітінде шам намазынан соң наиб имам Төлеби Оспан жүргізді. «Құмар ойындар» тақырыбында өрбіген уағыз барысында наиб имам құмар ойындардың адам баласын құрдымға жіберер дерт екендігі турасында шариғат шеңберінде баяндады.

«Жалпы, құмар ойындары әу басында адам баласының нәпсісіне жеңіл тиіп, еліктіргенімен, зардабы ауыр, үлкен күнәларға алып келер кесапаты бар дерт. Асыл дінімізде құмар ойындарын харам етіліп, лағынеттелген. Құран кәрімнің «Мәида» сүресінің 90-91 аяттарында Алла тағала: «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар. Негізінен шайтан арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан қалдыруды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?» дейді. Бұл аятта ең үлкен күнәлардың қатарында Аллаға серік қосумен бірге арақ ішу, бал ашу т.б. бірге құмар ойнауды да ерекше атаған. Сол себепті де құмар ойындары Ібіліс лағынеттің істерінен екенін білуге тиіспіз» деген Төлеби Оспан бұл айтылғандардың қоғамға үлкен қауіп төндіретіндігін айтты. Бұл ретте қазіргі қоғамның дертіне айналған казино, букмекерлік кеңсе, лотеря, карта ойнау сияқты бәс тігілетін ұтыс ойындарының адамды бос үміт пен жеңіл ұтысқа, маңдай тер, еңбексіз табыс табу көзіне айналдыратын күнәлі істерге әкеліп соғары ащы да болса ақиқат. Хақ ислам осы сипаттағы барлық құмар ойындарына тыйым салады. Ал адам баласына екі дүниелік пайдасы бар, мән-мағыналы, денсаулықты, тәніңді сауықтырар ойындар әлбетте шариғат құптарлық амалдар.

Пайдалы һәм пайдасыз амалдарды таразыға салған шам уағызында Төлеби Оспан жамағатты құнды мәліметтермен сусындатып, соңынан көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарға шариғи жауаптарын берді.

Естеріңізге сала кетейік, «Нұр Астана» орталық мешітінде асыл дініміз жайында бесін және ақшам намазы уақыттарында мешіт имамдары әртүрлі тақырыптарда уағыз-насихат жұмыстарын жүргізеді. Бұған қоса, әр сәрсенбі күні шам намазынан кейін ҚМДБ-ның Астанадағы өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының «Ақида» тақырыбында арнайы дәріс сабақтары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Алла үйіне келіп, ислам нәрімен сусындаймын деген барша ниеті түзу жандарға мешіт есігі әрдайым ашық.

«Нұр Астана» орталық 

мешітінің баспасөз қызметі

Бөлісу: