Оқушылардың жағы демалысына орай ҚМДБ бастамасы негізінде жыл сайын еліміздегі мешіттерде «Имани жаз» жазғы сауат ашу курсы ұйымдастырылып келеді.
Жылдағы үрдіс бойынша «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітіндегі «Имани жаз – 2024» жазғы сауат ашу курсы өз жұмысын бастады.
Жазғы курстың алғашқы күні мешіттің бас имамы Нұрлан Рамазанов ата-аналар мен оқушыларға жазғы демалысты пайдалы өткізулерін тілеп, сауат ашу курсының маңыздылығына тоқталып өтті.
10 маусым мен 30 маусым аралығын қамтитын жазғы сауат ашу курсына 10-15 жастағы 180 оқушы қабылданды. Балалар ер балалар және қыз балалар болып жас ерекешеліктеріне қарай жеке топтарға бөлінді. Сауат ашу курсындағы бүлдіршіндерге мешіттің білікті ұстаздарымен қатар «Астана» медресесінің шәкірттері дәріс жүргізетін болады. Сауат ашу курсы таңғы сағат 10:00-12:00 аралығында бір ауысым негізінде өтеді.
Курс аясында оқушыларға «Имандылық әліппесі», «Құран әліппесі» және «Тәрбие дәрістері» кітапшалары беріліп, алдағы уақытта осы сабақтар негізінде білім алатын болады. Мешіт имамдары мен ұстаздары тәрбие сабақтарына өздері қатысып, балаларға Алла Тағаланы тану, ата-анаға құрмет көрсету, дұрыс тамақтану әдептері секілді пайдалы әрі маңызды дәрістерді жүргізеді. Балалардың имани сабақтарға деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында әр бүлдіршінге күнделікті тәттілер мен сусындар үлестіріледі.
ummet.kz