«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде Құранға түскен шәкірттерге сертификат табыстау рәсімі өтті.
Шараның мақсаты – «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінің діни сауат ашу сабақтарына алғаш аяқ басып, Алла Тағаланың мейірімінен үміт етіп, Құран Кәрімді оқып үйренсем, діни білімімді арттырсам деген ниетпен келген шәкірттердің одан әрі білімін шыңдау.
Шара барысында мешіт ұстздарынан діни білім алып, Құранды мүдірмей оқитын дәрежеге жеткен 60 ер шәкірттерге лайықты құрмет көрсетіліп, марапатталды.
Сондай-ақ, «Әбу Насыр әл-Фараби» мешіті жанындағы «Жібек» қыз-келіншектер клубының ұйымдастыруымен «Құраным – мәңгі қорғаным» атты дәстүрлі рухани Құран кеші өтті. Шара барысында мешіт ұстазы Айгерім Қадылдың атсалысуымен Құранды мүдірмей оқитын дәрежеге жеткен 70 әйел шәкірт арнайы сертификатпен марапатталды. Шәкірттеріміздің құрметіне ақ дастархан жайып, игі жақсылардың басын қосып, үлкендер бата беріп мешіт тарапынан дайындаған сый-сияпат тарту етілді.
Республикалық бас мешіттің ұстазы Қарлығаш Қажымәлікқызы ізгі шараны ашып беріп, Құран оқудың дініміздегі маңызы мен сауабы жайлы мағыналы насихат айтты. Періштелер білім жолына түскен адамға қанатын жаятынын, көктер мен жердегілер ол үшін дұға жасайтынын айта келе, алған білімі ақыретіне азық болып, Сырат көпірінен қиындықсыз өтуіне себепші болуын тілеп, ізгі тілегін білдірді. Кеш соңында шәкірттер мешіт ұстазы Айгерім Қадылға алғыстарын білдіріп, сый-сияпаттарын жасады.
Осылайша «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінен дәріс алған үздік 130 шәкіртті мешіт ұстаздары марапаттады. Қасиетті Құранға жол бастаған шәкірттер ұлағатты ұстаздарға зор алғыстарын білдірді.
ummet.kz