01
Жұма,
Қараша

һижри

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, ҚМДБ наиб мүфтиі: «Құрбан айт – бұқараны біріктірген ерекше мейрам»

Мешіт тынысы
Жарнама

Иісі мұсылман қауымы үшін қадірлі мереке – Құрбан айты да келді. Қазақ жұрты да осынау мерекені қуана күтуде. Дін мен ділдің тамырын тарихпен сабақтастырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы соңғы жылдары екі айт мерекесін – Ораза және Құрбан айт күндерін ерекше екпінмен, ұлттық әрін кіргізе атап өтіп келеді. Ертеден салтына сіңген мүбәрак мейраммен қауышқан халық бұл үрдісті жылы қабыл алды. Мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін күннің қадір-қасиеті мен мән-маңызы туралы ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлынан сұрап білген едік...

 

– Наурызбай аға, халқымыз үшін қадірлі Құрбан айт мерекесі қарсаңында тұрмыз. Айт күнінің артықшылықтары мен атқарылуы абзал істер жайында айтып өтсеңіз...

– Иә, бұл Құрбан айт қазақ халқы һәм мұсылман әлемінің қадір тұтқан мейрамы. Биыл айт мерекесі 24 қыркүйек күні айт намазымен оқумен басталады. Айт мерекесінің артықшылықтарын айтар болсақ, әуелі Исламдағы екі айт мерекесінің өзіндік ерекшеліктері бар екенін ескере кеткен жөн. Мәселен, Рамазан айының Ораза айтында таңертең мешітке айт намазына келерден бұрын үйден құрма секілді тағамдардан дәм татып шыққан абзал болса, Құрбан айтында нәр таптай шыққан дұрыс. Мұның мәні мынада, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) сол күнгі оразасын жаңа сойылған құрбан етімен ашқанды құп санаған. Сондай-ақ, Ораза айтта пітір садақасы берілсе, Құрбан айтта жай садақа беріледі. Ал «Арафа» аталған күн – Құрбан айттың алдындағы қажылардың сол күні қажылықтың ең басты шарты болып есептелетін «арафат уақфасын» орындау үшін Арафат тауында келіп белгілі бір уақыт тұруынан шыққан. Арафа күні таңғы намаздан бастап, Құрбан айттың төртінші күнінің асыр намазына дейін әрбір парыз намазынан кейін «ташриқ тәкбірлері» айтылады. Биыл арафа күні 23 қыркүйекке тура келеді. Осы арафа күнінің таң намазының парызынан кейін басталған тәкбір тәшриқ 26 қыркүйек күні екінті намазынан соң тоқтатылады.

Алла тағала мұсылман жұртына нәсіп еткен бұл мейрамда мұсылмандар жуынып, таза да жаңа киімін киіп, хош иіс әтірін сеуіп, мешітке айт намазына келеді. Айт намазын оқып болғаннан кейін бір-бірін мүбәрак мерекемен құттықтап, құшақ жайып, өкпе-реніш болса, кешіріп, бауырмалдылықпен қауышады. Сондай-ақ, мейрамның аты айтып тұрғандай, Алланың разылығы үшін жүрегі ізгі жандар құрбандық малдарын сойып, етінен тұрмысы төмен отбасыларға таратады. Мүмкіндігінше садақасын да мұқтаж жандарға береді. Айта кетер нәрсе нәрсе, айт мерекесін мұсылман қауымы көп болып тойлауының, думанды етіп өткізудің еш әбестігі жоқ. Тек шариғат шеңберінен шығатын қылықтарға, дарақылық пен ысырапшылдыққа жол бермеулері керек. Таң азанымен мінәжатпен бастау алған мереке қазақ даласында өзіне жарасқан сән-салтанатымен имандылық думанына жалғасады.

– Құрбан айтындағы құрбан шалу рәсімдері қалай жүргізіледі? Төрт түліктің құрбандыққа жарамдысы мен мөлшері қандай болмақ?

– Құрбан айт мерекесінде мүмкіндігі бар мұсылман Алла тағаланың разылығы үшін құрбандық шалуы тиіс. Себебі,  пайғамбарымыз Мұхаммед  (с.а.с.): «Кімде-кім дүние-мүлкі мол бола тұра құрбан шалмаса, біздің мешітімізге жақындамасын» деп, құрбандық союдың маңызды екенін ескерткен. Сондықтан, қорада малымыз, яки, қалтаңызда қаражатымыз болса, сараңдыққа салынбай, Алла жолында құрбандық шалып, етінен мұқтаж жандарға үлестіріп бергеніміз абзал.

Ал құрбандық малдары Құрбан айт намазынан кейін айттың үш күнінде сойылады. Сүйікті пайғамбарымыз (с.а.с.) мерекенің басталуы мен құрбан шалудың уақытына қатысты: «Біздің бұл күнде алғашқы атқаратын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбандық шалу. Кімде-кім осылай етсе, біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбандығын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүмкін емес» деген. Яғни, құрбандық сою кезінде осы жайттарға да көңіл бөлгеніміз дұрыс.

Төрт түлік малдан тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе ғана құрбандыққа шалынады. Қой мен ешкі бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толуы керек. Алты айдан асқан тоқтының сыртқы көрінісі қомақты болса, құрбандыққа жарайды. Ал, ешкі міндетті түрде бір жасқа толуы керек. Қой мен ешкі бір кісі атынан құрбан етіледі. Ал, сиыр мен түйені бір адамнан жеті адамға дейін бірігіп құрбан етіп шала алады.

– Құрбандық шалудың шариғи шарттарын бірі білсе, бірі білмейді, осыны оқырмандарға қысқаша ұғындырып берсеңіз...

– Мал сою да мәдениет. Құрбандық шалуда шариғат бекіткен ережелер де бар. Ең алдымен құрбандық малы сол жағымен құбылаға қаратып жатқызылады. Сосын бауыздаушы «Бисмилләәһи Аллааһу әкбар» деп айтады. Малды иегінің астынан өңешін, кеңірдегін және күре тамырларын кесе отырып бауыздайды. Малдың жаны шықпастан басын кесіп алу және терісін алу – мәкруһ амал. Малды бауыздап жатқанда «Бисмилләһ» сөзін әдейі айтпай қойса, ол малдың етін жеуге болмайды.

Ал құрбандық етін өзгелерге бөліп таратуға, сондай-ақ малды атаған отбасы мүшелері де пайдалануына болады. Бұл сөзімізге қасиетті Құрандағы «Хаж» сүресінің 28-аятында: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер» делінген аяты дәлел болады. Демек, құрбандыққа шалынған малдың етінен өзі және өзгелер де жей алады. Дұрысы, бұл мәселеде пайғамбарымыздың өсиетін басшылыққа алып, құрбан етін үшке бөліп, бір бөлігін мұқтаж жандарға, екінші бөлігін туған-туыстарыңыз немесе көршілерге, ал қалған бөлігін өз отбасына алып қалған жөн. Сондай-ақ, «барлығын Алла жолында атадым» деп құрбан етін түгелдей тұрмысы төмен жандарға таратып беруге де болады. Ал, құрбан шалушы адам сойылған малдың терісін пайдалана алмайды және қасапшыға ақы ретінде де беруіне болмайды. Терісі садақа ретінде берілуі тиіс.

– Баршаға белгілі, елімізде осынау қасиетті рәсімдер бірізділікке келтіріліп, ізгілікті құрбандық ациялары қолға алынған. Бұл шара жалғасын таба ма?

– Әлбетте. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан, бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен Құрбан айтында өткізілер акциялар ауқымы да биыл қайта жанданбақ. Жалпы, Діни басқарма басты назарға алған мақсаттың бірі де осы – қайырымдылық шараларын жүйелі түрде өткізу. Әсіресе, айт мерекелерінде тұрмыс тауқыметін көрген отбасыларға барынша қамқорлық көрсетіледі. «Раббың үшін Құрбан шал!»  акциясы да биылғы Құрбан айтта үш күн қатарынан өткізіледі. Аталмыш акцияда сойылған құрбандық еттері түгелімен жоғарыда аталған отбасыларға таратылады. Осы ретте құрбандық шалуға жағдайы жететін барша отандастарымызды игі іске үн қосып, белсене қатысуға шақырамыз.

Дініміз қайырымдылықпен қатар тазалыққа үндеуші, бейбітшілікке бастаушы өмір мектебі ғой. Астаналық ағайын-туысқа ескерте кетер жайт, осы мереке күндері құрбандық союға ниетті жандар арнайы белгіленген орындарда ғана мал союды қаперде ұстаса.  Өйткені, Астана әкімдігі құрбандық шалуға арнайы 9 орын бөліп отыр. Қоғам тарапынан қолға алынған істе ықтиятты болып, тазалық пен тәртіпке көңіл бөле білсек. Ал мереке аясындағы осындай ізгі акция арқылы сіздер өзіңіздей жандарға қуаныш сыйлайтыныңызды ұмытпасаңыздар.

– Жылдан жылға ұлтты ұйыстырып, ел ынтымағын арттырған айт мерекесінің биылғы бағдарламасы қандай?

– Биыл да Құрбан айт мерекесін бұқаралық сипатта өткізуді көздеп отырмыз. Ең әуелі, қала мешіттерінде мерекелік жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Сондай-ақ ұлттық спорт ойындары сайысы өтеді. Айт күндері ағайын-жұртқа айттық дастархандары жайылады. Сонымен қатар, Астана әкімдігімен бірлесе отырып мешіт қызметкерлері әлеуметтік тұрмыс ахуалы төмен отбасы шаңырақтарын аралап, айттық етін, азық-түлік үлестіреді. Үш күнге жалғасатын игі істер мерекелік рухани кешпен қорытындыланады.

Ал осы уақытта Мекке шаһарында қасиетті қажылық парызын өтеуші әлем мұсылмандары қатарында отандастарымыз да еліміздің, жеріміздің игілігі үшін дұға-тілек жасап, қасиетті Қағбаны тауап етеді. Ұлық парызды өтеуге аттанған азаматтарымыздың елімізге аман-есен оралуын Жаратқан Алла нәсіп етсін. Алла тағала күллі адамзатқа, мұсылман халқына жақсылықтарын жазып, жаманшылықтарынан қашық еткей. Асыл дінімізге күш-қуат бергей. Құрбан айт мерекесі қазақ жұртына құтты болғай. Ниеттеріңіз қабыл болсын!

– Әмин, айтқаныңыз келсін. Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Жайық НАҒЫМАШ

 

 

 

 

 

Бөлісу: