Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы Астанадағы қоғам қайраткерлері мен зиялы қауымға, БАҚ өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлерге арнап ауызашар берді. Бұл қатарда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов, Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, академик, профессор, философия ғылымының докторы Ғарифолла Есім, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Орынбай Рахманбердиев, Республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы сынды ұлт зиялылары қатысып, жүрекжарды жылы лебіздерін білдірді.
Академик Ғарифолла Есім елімізде дін Исламның көкжиегі кеңейіп, қазақ руханиятының күш-қуатының артуы ел тәуелсіздігімен егіз деп білетінін айтты. «Аллаға мың тәубә, еліміз мамыражай бейбіт те тыныш уақытта өмір сүріп келеді. Еңсемізді биік ұстап, Құдайға құл, адамға ұл екенімізді именбей көрсете алар кездің куәсіміз. Кешегі Кеңестік кезеңде жаназамызды жасырын өткізіп едік. Құран оқып, құлшылық қылуда қысым көрген де осы қазақ еді. Өткен өтті. Бүгінде міне отыз күн оразамызды өткізіп, жұрт болып ақ дастархан басында жиылып, ортақ тілек-ниетте отырмыз» деді Ғ.Есім.
Кеш қонақтары бүгінгі ауызашар кешін өткізіп отырған ҚМДБ наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының дін насихатындағы қызметіне жоғары баға берді. Қонақтар наиб мүфтидің дін құндылықтарын ел руханиятымен үндестіріп, өркениетпен қатар өріп отырғанын атап өтті. «Елорданың бас имамы Наурызбай қажы дін мен дәстүрдің егіз насихатталуына зор үлес қосып келеді. Біздің байқағанымыз, дін өкілдері мен ұлт зиялыларының басын қосқан кештер осы жылдары жиі өткізіліп келеді. Бұл – ұлт руханиятының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді» деді Республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев.
Салтанатты ауызашар кешінде ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Серікбай қажы Ораз бастаған бірқатар діни басқарма қызметкерлері де болды. Серікбай Сатыбалдыұлы қонақтарға қасиетті айдың құндылығы жайлы айта келе, Рамазан айымен құттықтады. Бүгінгі басқосуды бірлік пен берекенің, бейбіт заманның нышаны деп бағалады.
Өз кезегінде сөз алған ҚМДБ наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы оразаның құрметіне орайластырылған кештің мән-маңызына тоқталды. «Рамазан – мейірім айы. Асыл шариғатымызда мейірімділік танытпағанға мейірімділік болмайтыны айтылады. Ораза айы басталысымен жамағатқа ауызашар дастарханын жасасақ деген ниетпен мешітке келуші азаматтар қатары жылдан жылға артып келеді. Осы айда мұқтаж жандарға, тұрмыс ахуалы төмен отбасыларға қол ұшын созсақ деуші жанашыр жандар да жетерлік. Ауызашар кештері тек мұнымен шектелмейді. Сіз бен біздің, ағайынның басын қосып, ауызашар өткізуіміз тілектес-ниеттес екендігіміздің бір көрінісі болмақ. Ұстаған оразаларыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын. Алла ауызбіршілігімізді арттырып, тыныштығымызды тұрақты қылғай» деді Наурызбай Тағанұлы.
Елорда зиялыларына арналған кеш қасиетті Құран аяттарымен бастау алып, дұға жасап, бата қайырумен аяқталды.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі