Арапа оразасының ниеті қалай жасалады?
Ниет дегеніміз, іштей бір нәрсені орындамаққа оқталу, соны діттеу дегенді білдіреді. Сондықтан да, көкейде арапа оразасына ниет етілген болса, соның өзі жарамды. Тілмен айту шарт емес. Дегенмен, ауызша айтам деуші кісі ниетін қазақ тілінде жасай берсе болады. Мысалы былай десе болады: «Алла ризалығы үшін Арапа күнгі нәпіл оразаны ұстамаққа ниет еттім. ХалисалиЛләһи Тағалә. Әмин».
Ауыз ашарда қалай дұға жасалады?
Ауыз ашқанда да әдеттегідей сумен немесе құрмамен ашып, қазақшалап тілек-дұғасын жасай бересіз. Арнайы ниет-дұғасы жоқ.
Арапа оразасын қай кестеге қарап ұстаймыз?
Арапа күнгі нәпіл оразасын ұстайтын кісі күнделікті намаз кестесін негізге алса болады. Дәлірек айтқанда: таң намазы кірген уақыт - ауыз бекіту уақыты болмақ. Сол уақытқа дейін сәреңізді ішіп-жеуге рұқсат. Ал, ақшам намазының кірген уақыты - ауыз ашар уақытының кіргенін білдіреді. Яғни, күн батып, ұясына кіргеннен кейін, ауыз аша бересіз.
материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,
ummet.kz