25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

О дүниелік ата-анамның атынан құрбандық шалуыма бола ма?

О дүниелік ата-анамның атынан құрбандық шалуыма бола ма?

Құрбан Айт
Жарнама

О дүниелік ата-анаңыздың атынан құрбандық шалуыңызға болады. Тіпті, өзіңіздің атыңыздан шалынған құрбанның сауабына мархұмдарды ортақ етуге де рұқсат. Сахаба Жәбір ибн Абдулла былай дейді: 

«Пайғамбарымызбен бірге құрбан айт намазын оқыдым. Ол (с.а.у) құтпасын оқып аяқтағаннан соң, мінберінен түсті. Сонда оған бір қошқар əкелінді. Пайғамбарымыз оны өз қолымен құрбандыққа шалып жатып: «Бисмилләһи Аллаһу әкбәр. Уа Раббым! Бұл менің атымнан және үмбетімнің ішінен құрбандық шала алмағандардың атынан» - деді»[1].

Имам Тирмизидің хадистер жинағында орын алған риуаятта былай делінген: 

«Әзіреті Әли екі қошқар құрбандыққа шалатын. Оның бірін Пайғамбарымыздың (с.а.у.) атынан, екіншісін өз атынан шалатын. Оның мәнін сұрағандарға Ол (р.а.): «Алла елшісі маған осылай әмір етіп кетті. Бұнымды ешқашан доғармаймын», - деп жауап беретін»[2]. 

Ендеше, қайтыс болған ата-анаңыздың әр қайсысына жеке-жеке құрбан шаламын десеңіз өз еркіңіз. Дегенмен, хадистен де байқағанымыздай әр біріне атап, жеке-жеке шалу шарт емес. Бір құрбандық шалсаңыз да Алла қаласа, сауабын жеткереді.

Дұға-ниет

Ал, дұға-ниетті малды сояр алдында алақан жайып: "Аллаһым, сенің ризалығың үшін осы құрбандықты мархұм боп кеткен ата-анамның атынан қабыл алғайсың. Сауабын оларға жеткергейсің", - деп тілек білдірсеңіз болады. Немесе малды сояр алдында үш рет: «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар» деп, хадисте айтылғандай: «Уә Жаратушы Ием, бұл құрбандық менің және мархұм боп кеткен ата-анамның атынан», - десеңіз де қате емес. Дұғаңызға мына төмендегі Құран аятын қосып оқыған жақсы: 

Транскрипциясы: «Қул иннә саләәтии, уә нусукии, уә мәхяйя, уә мәмәәтии лилЛәһи раббиль ъАләмиин.  Лә шәриикә ләһ. Уә бизәәликә умирту. Уә әнәә әууәлуль муслимиин» .

Мағынасы: «Оқыған намазым, шалған құрбаным, өмірім мен өлімім бүкіл әлемнің Раббысы Алла үшін. Оның серігі жоқ. Осы нәрсеге бұйырылдым. Мен мұсылмандардың алғашқысымын». (Әнғам сүресі – 162-163 аяттар)

 

[1] Иман Тирмизи: Сүнән - №1495 хадис.
[2] Имам Тирмизи: Сүнән – 1521 хадис; Ахмәд -14423; әл-Бәйхақи: әс-Сүнәнуль Кубра – 18599 хадис. 

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды, 

ummet.kz


Бөлісу: