25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құрбан шалған кісі өзіне жақсылық жасап жатқанын түсінуі керек

Құрбан шалған кісі өзіне жақсылық жасап жатқанын түсінуі керек

Құрбан Айт
Жарнама

Құрбан шалу – адам баласын жоқтан бар етіп, жер бетіне халифа (мұрагер) қылған жаратушы Ұлы Алланың сансыз нығметтеріне шүкіршілік етудің көрінісі. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Аллаһ разылығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылы үшін сауап бар екенін айтып, былай сүйіншілеген:

«Құрбандық – Ибраһим (а.с.) бабамыздан қалған сүннет. Құрбандыққа шалған малдың әрбір тал қылшығына сауап жазылады».

Құрбан шалған адам негізінен басқаға емес алдымен өзіне жақсылық жасап, өзі үшін сойып жатқанын түсінуі керек. Сойылған құрбан арқылы отбасында және қоғамда көптеген оңды істер көрініс табады, Екінші жағынан малды Алла жолында арнау ақыретте таудай сауап әрі рухани дәреже түрінде кісіге қайтарылмақ. Шалынған малдың қаны жерге тамбай жатып кісінің ниеті мен ықыласы көкке жетіп, амал дәптеріне сауаптан жазылады. Хадис-шәріптердің бірінде садақаға берілген бір құрманың өзі ақыретте таудай болып өсетіні айтылған. Ал Құран кәрім бұл жайлы: «Істеген ізгі істеріңнің бәрі өздерің үшін. Жасаған сауапты амалдарың тек қана Алла разылығы үшін. Игі істеріңнің қарымтасы толығымен қайтарылады, ешкімнің де ақысы желінбейді» десе, тағы бір аятта: «Намаз оқыңдар, зекет беріңдер, өздерің үшін істеген жақсылықтарыңды ертең Алланың алдынан табасыңдар. Сөз жоқ, Алла барлық істеріңді көреді» дейді.

Сырттай қарайтын болсақ, құрбан шалу, нәпіл садақа – барлығы да адамның өзгелер үшін қызмет ету, біреуді бақытты қыла отырып өзін бақытты сезіну секілді көрінгенімен, мұның бәрі кісінің өзі үшін жасалатын ақыреттік қам. Адам баласының табиғатында «мендік» сезім бар. Пенде алдымен өзін жақсы көреді, иманды адам алдымен өзінің ақыретіне алаңдайды. Осы тұрғыдан келгенде өзіне өзі жақсылық жасамайтын кім бар? Құрбан шалу да осы тұрғыдан адамның өзі үшін.

Екінші жағынан садақа беру де, құрбан шалу да мына дүниеде өзгеге кеткенімен, өзіміздің шын байлығымыз солар болмақ. Бірде Айша анамыз (р.а.) нәзір құрбанын шалып, бір жауырыннан басқасының бәрін таратып жібереді. Пайғамбарымыз келіп шалынған мал жайында сұрағанда, Айша анамыз бір жауырыннан басқа барлық етін таратып жібергенін айтады. Сонда пайғамбарымыз: «Демек, сол жауырыннан басқа бүкіл еті бізде қалды десеңші» дейді. Демек жегеніміз емес, жегізгеніміздің біздікі болғаны. Осы жерде мына бір хадисті де қоса кеткеніміз жөн: «Кімде-кім аш кісіні тойдырса, Алла оған жұмақтың жемісін жегізеді. Кімде-кім біреудің шөлін қандырса, қиямет күні Аллаһ оған тап-таза сусын ұсынады. Жалаңаш адамды киіндірген жанды Алла Тағала жұмақтың жасыл киімдерімен киіндіреді».

Пайғамбарымыздың айтуынша, Алла Тағала бізге былай дейді: «Әй, адамзат, Алла сендерге берсін десең, сендер де өзгелерге беріңдер». Демек, берген адам өзгеге емес, өзіне беріп жатқанын түсінуі тиіс.

материал «Құрбан шалу (хикметтері мен үкімдері)» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: