25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құрбан шалу – бойсұнғыштықтың белгісі

Құрбан шалу – бойсұнғыштықтың белгісі

Құрбан Айт
Жарнама

Қартайғанда көрген жалғызы Исмайылды Ибраһим пайғамбар түсінде құрбандыққа шалып жатқанын көреді. Бұл түстен баласын құрбандыққа шалу Алла Тағаланың бұйрығы екенін түсінді.

Алланың әмірін екі етпеген Ибраһим (а.с.) мұны да орындауға бел буады. Ұлы Исмайыл бұл хабарды естігенде, бар болғаны былай дейді: «Әкетай, Алланың бұйырғанын орында». Бірақ Алла Тағала Ибраһимге қошқар түсіріп, Исмайылды сақтап қалады. Осындай бойсұнғыштықтың, Алланың бұйрығын күмәнданбастан орындаудың арқасында өзінен кейінгі ақыретке дейін жалғасып жататын адам баласына үлгі болды. Негізінде адамның шалатын құрбан малы да, өзінің өмірі мен өлімі де бір Алланікі. Сондықтан құрбан шалушы «Күмәнсіз, менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемнің Раббы Алла Тағала үшін. Оның еш серігі жоқ» деп құрбан шалады. Алланың бұйрығын орындап, Оған деген бойсұнғыштықтың кәміл екендігін білдіреді.

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Ансарлардың Мәдинадағы құрма бақшаларының басым бөлігі Әбу Талханың (р.а.) еншісінде еді. Оның ең сүйікті дүниесі пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мешітіне қарама-қарсы орналасқан Бәйруха атты құрма бағы болатын. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сол бақшаға жиі барып тұратын еді. Бірде «Жақсы көрген дүниелеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, ізгілікке жете алмайсыңдар» деген аят түскенде, Әбу Талха келіп: «Уа, расулалла, Алла Тағала сізге жаңа аят түсірді. Менің ең жақсы көретін дүнием Бәйруха. Енді оны Алла Тағаланың разылығы үшін садақа етіп беремін. Алла Тағаланың құзырында оның жақсылығын көруді әрі мен үшін сауап қоры болуын тілеймін. Сіз соны қабыл алып, Алланың қалауы бойынша пайдаланыңыз» деді. Сонда Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған: «Бәрекелді, жарайсың! Мол табыс әкелетін дүние, міне, осы» деп екі қайтара айтып: «Шынайы ықыласыңды көрдім. Алайда, оны жақын туыстарыңа бөліп бергенің дұрыс деп ойлаймын» деді. Сонда Әбу Талха (р.а.): «Ендеше, айтқаныңыз болсын, солай істейін» деп бақшаны ет жақындары мен немере аға-інілеріне үлестіріп берді».

Затты жақсы көріп, оның иесін жақсы көрмеу қандай ақымақтық болса, дүниені жақсы көріп, оның шынайы иесі Алланы жақсы көрмеу де сондай ақымақтық. Сондықтан дүниені шынайы иесі Алла үшін жұмсау, бұйырғанын істеу арқылы Алла Тағалаға жақындай түсеміз. Құранда: «Тапқан малың, тоқтап қалуынан қорыққан саудаларың, жақсы көрген үйлерің сендерге Алладан, пайғамбарынан әрі Алла жолында соғысудан артық көрінсе, Алланың әмірі келгенге дейін күтіңдер. Алла бұзық қауымды тура жолға салмайды» делінген. Құрбан малы Алладан, пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) артық емес. Дүниедегі барлық нәрсе Алланың жолында жұмсалса ғана құнды болады, мәңгілікке айналады.

материал «Құрбан шалу (хикметтері мен үкімдері)» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: