26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Батыс феминизмі мойындамаған ақиқат

Батыс феминизмі мойындамаған ақиқат

Исламдағы отбасы
Жарнама

Жаратылыс тұрғысынан әйел мен еркек тең емес, әрқайсысы өзіне тән қасиеттермен ерекшеленеді. Егер бір-бірінен ешбір айырмашылығы жоқ өзара тең жаратылыс болғанда, Құдай Тағала еркек – әйел етіп бөліп жатпай, бәрін біркелкі әйел яки еркек етіп жаратар еді.

Еркек пен әйел табиғатындағы өздеріне ғана тән ерекшеліктерімен екеуі бір-бірін толықтыра түседі. Қазақ «екі жарты бір бүтін» деген. Әйел мен еркек минус пен плюс заңдылықтары іспетті. Әйел денедегі жүрек болса, еркек сол денедегі ақыл іспетті. Жүрек ақылсыз, ақыл жүрексіз ғұмыр сүре алмайды. Жүректі ақылдан жоғары яки ақыл жүректен артық деп айту мүмкін емес. Екеуі өз міндеттерін атқарған кезде ғана дене дұрыс қызметін жалғастыра алады.

Ендеше, әйел еркектен жоғары яки төмен деу, жалпы алғанда дұрыс айтылған сөз емес. Әрқайсысының қоғамда өзіндік қызметі бар. Әрбірі соны дұрыс атқарған кезде ғана мінсіз қоғам пайда болады.

Сыр өңірінің атақты ақыны Тұрмағамбеттің:

Әйел көктен түскен жоқ,

Ол – еркектің баласы.

Еркек жерден шыққан жоқ,

Әйел – оның анасы, – дегеніндей, екі жыныс өкілінің де қоғамда өзіндік міндеттері бар. Кей тұста еркектен асып түскен әйел, кей тұстарда одан төмен тұрады.

Исламдағы әйелдің орны туралы тақырып аясында әркім әртүрлі пікір айтады. Тіптен ислам дінінен бейхабар адамдар тарапынан да білерменсіп жазатындар да жоқ емес. Батыстың феминизміне табынушы кейбір қандастарымыз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ислам шариғаты әйелдердің құқығын таптайтыны хақында дінімізге жат, шариғатта айтылып, жазылмаған көріністерді таңып айтып та, жазып та жүр. Олардың шимайларынан қасиетті дініміз туралы дым білмейтіні айдан анық көрініп тұрады.

Мұсылман діні келгенге дейін Араб түбегіндегі жұрттар әйел баласын аса қадірлей қоймаған. Өйткені, тайпалардың ру аралық қырық пышақ қақтығысына көбіне әйелдер себеп болған. Олардың ар-намысын сақтай алмауынан бүтін тайпаға таңба таңылған. Сондықтан одан сақтанудың жолы қыз туса өлтіріп тастау керек деп түйген. Әрі оны іске асырған. Әрине, бұл сөз жоқ надандық.

Ислам әйел затын осыдан құтқарды. Оларды өлтіру асқан қате екенін ұғындырды. Тіпті ата-бабадан бері келе жатқан мұрагерлік құқына әйелдің де үлесі бар екенін нақтылап берді. Жаратушының алдында, ер мен әйел бірдей мәртебеге ие екені дәлелденді. Бұл әдептер – Құран аяттары мен сахих хадистер арқылы бекітілді. Мысалы, Ниса сүресінің 124-ші аятында: «Салиқалы істерді қылушылар, еркек болсын, әйел болсын, иман келтірсе ғана жаннатқа кіреді» – десе, Бақара сүресінің 228-аятында «...белгіленген тәртіпке сәйкес, әйелдердің міндеттері секілді, құқықтары да бар» – дейді. Сонымен қатар, «Еркектер әйелдерге пана, қамқоршы, жауапкер, қорған, басқарушы» (Ниса сүресі. 134-аят) – деген аят та бар.

Бізге жеткен хадистен алынған мына тамаша мысалды келтірейік. «Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келген бір адам: «Алланың Елшісі, кімге жақсылық жасайын?», – деп сұрайды. Бұған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Анаңа», – деп жауап береді. Әлгі адам екінші рет сұрайды: «Одан кейін кімге жасайын?». Алланың Елшісі (с.ғ.с.) екінші ретте де «Анаңа» деген жауап қайтарады. Әлгі адам тағы сұрайды: «Одан кейін кімге жақсылық жасайын?»,– деп. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған үшінші ретте де «Анаңа», – деп жауап береді. Тек төртінші рет сұрағын «Одан кейін кімге?»,– деп қайталағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Әкеңе», – дейді. Бұл хадис Исламда ананың (әйелдің) деңгейі әкеден (ер адамнан) үш есеге жоғары екенін көркем жеткізген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сонымен қоса «Жұмақ – ананаң аяғының астында» деген. Кім Ислам дінінде әйелдердің құқығы аяқасты етілген деп санаса, қатты қателеседі.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде «Сендердің ең ізгілерің – әйелдеріңмен жақсы мәміледе болғандарың» десе, басқа бір хадисте «Артында қалған күйеуі өзінен разы болған күйде жан тапсырған әйелдің барар жері – Жұмақ» деп ер мен әйелді өзара рухани түсіністікке шақырған.

Ұлы Жаратушының алдында пенде баласы еркек немесе әйел болғандығымен, байлық, мансабымен емес, иманының деңгейімен өлшенеді.

Ислам дінінде әйелдің еркекке ұқсауына, еркектің әйелге ұқсауына қатаң тыйым салынған. Әйелдер қоғамдағы әртүрлі қызметтерде де бала тәрбиесі мен отбасының істерін қатар алып жүре алатындай өз болмысына сай жұмыстарды таңдауы жөн болса, әйеліне сыртта жұмыс істетіп, өздері масыл болып үйде бос жатқан еркектерді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадистерінде қатаң сөккен.

Ислам шариғаты бойынша өзінің ризашылығы болмаса әйел баласын күштеп күйеуге беруге болмайды. Әйелдің ұлықсатынсыз неке қиылмайды. Оған пәтуа беруге ешкімнің құқы жоқ.

Бірақ, ислам әдебі әйелдің күйеуіне бағынышты болуын талап етеді. Өйткені, әйелді асырау мен қаржыландыру күйеуінің мойнына жүктелген. Күнделікті тіршілікке қажетті қаржы табу, отбасын асырау түгелдей еркекке міндетелген. Ал, күйеуі әйеліне қамқоршы ретінде, оның мінез-құлқы, қарым-қатынасы ислам тәлімдеріне сай болуын қадағалайды. Құранда: «Олармен (әйелдермен) жақсы қатынаста болыңдар» – деп, бұйырған («Ниса» сүресі, 19 – аят). Бұл – Исламның әйел затына көрсеткен зор құрметі.

Ислам діні әйелдердің абзал жаратылыс екенін түсіндіріп, оған ерекше баға берді. Оларды заттықтан адамдыққа, қорлықтан ардақты деңгейге көтерді. Тіпті жоғарыда айтылғандай, «Жұмақ – аналардың табанының астында» деген сыры терең, сыны биік ұстанымға бас идірді.

Ислам осылай әйел затын барлық ауыртпалықтан құтқарды. Тіпті еш қажеттілік болмаса әйел адам үйден албаты ұзап шығуға болмайды, дейді. Бүгінгі батыс демократиясы бізге түсіндіріп қойғандай, бұл әйелді кемсітушілік емес. Атам қазақ «еркек үйдің егесі, әйел үйдің шегесі» деп бекер айтпаған ғой.

Қазіргі заманда қыз баланы Ислам этикасына сай тәрбиелеу өте күрделі дүниеге айналды. Құран Кәрімнің «Нұр» сүресінің 31-аятында «Олар (әйелдер) омырауларына орамал салсын және дене көріктерін жасырып ұстасын» дейді. Әйел баласына тән әурет жерін жабатын киім кию үлгісі кемсітуден емес, қайта оны өте бағалы, көздің қарашығындай көруден, сырт көзден, сондай-ақ, түрлі арсыздықтар мен кесірі қоғамға тиетін (зинақорлық, тастанды бала, түсік тастау секілді) жамандықтардан сақтау үшін бекітілгенін ескерген жөн.

Бұған қоса, Исламда әйелге күйеуінің ризашылығын көздеу, ерінің дүние-мүлкіне ұқыппен қарау, тек өз күйеуі үшін сәндену, неке қидырғанға дейін жігітпен оңаша қалмау, өзінің жаратылысындағы нәзіктігін сақтау, алыс сапарға жалғыз шықпау міндеттелді. Бұған қоса, қалыңдық сыйын иемдену, мұрагерліктен өз үлесін иемдену, сауда-саттықпен, табыс көзімен, ғылым-біліммен айналысу, келісім-шарттарға отыру, меншік иесі болу құқықтары да әйелге ортақ. Ал отбасын асырау ісі күйеудің мойнына жүктеледі. Әйелінің материалдық және рухани қажеттіліктеріне күйеуі шариғаттың шеңберіне сай көңіл бөлуі қажет.

Қорыта келгенде, Ислам дінінде әйелдің орны ерекше. Сондықтан әйелге деген құрмет зор болуы тиіс. Ислам діні әйелге Алланың аманаты ретінде қарауға шақырған. Ешбір құқын шектемеген. Қайта өз жаратылысына сай сүйікті жар, аяулы ана ретінде қашан да оның орнын жоғары бағалаған. Қоғам тәрбиесін қыз баланың ұяттылығымен ұштастыра қарастырған. Әйел затын жат пиғылдылардың бұзық әрекеттерінен қорғауға тырысқан. Осындай құрметке лайық бола білу үшін әйелден де белгілі бір міндеттерді талап еткен. Әйелдер қауымының дәрежесін ешбір дін дәл Исламдағыдай биіктете алған емес.

Қазақ айтады «жақсы әйел жаман еркектің есіктегі басын төрге сүйрейді» деп. Ол рас. Ағайын арасындағы татулық пен береке бірліктің ұйтқысы – әйел. Ертеректе, бір анадан туған ағайынды бес азамат бірде,  «арамыз тату, іргеміз бөлінбейді» деп мақтаныпты. Осыны естіген әйелдері «е, мына, абысындар, біздер араз болсақ, сендердің бөлінбейтін берекелеріңді көрер едік» деген екен.

Сол сияқты сүйікті пайғамбарымыз Мұхамедтің (с.ғ.с) жоғарыда келтірген: «Ақыретте күйеуі ұрған әйелдің жоқтаушысы мен боламын», «Жұмақ аналарың табынының астында», «Анаңа, анаңа, тағы да анаңа жақсылық жаса, одан кейін әкеңе», «Күйеуіне қиянат жасамайтын, оған қоса намаз оқитын әйелдер сөз жоқ жұмаққа барады» деген хадистерін тағы бір қайталап айтқым келеді.

Егер де қазіргі қоғамымыз Ислам әдебін қаламайды деп түсініп, жоғарыдағы шариғат үкімдерінен бас тартсақ, онда біздің болашағымыз күмәнді болғаны. Не жойылып кетеміз, әйтпесе, дінсіз қауымға айналамыз.

Бәрімізді дүниеге әкелген аналарымыздың дәрежесі екі дүниеде де биік болсын. Раббымыз әркімге шүкір етуші жүрек, зікір етуші тіл, сабыр етуші дене, намысын әрі мүлкімізді қорғайтын салихалы әйел нәсіп етсін.

 «Нұр Астана» мешітінің

 наиб имамы Н.Исенов

Бөлісу: