26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Баламызды ораза ұстауға қалай үйретеміз?

Баламызды ораза ұстауға қалай үйретеміз?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Рамазан айы – кішкентай бүлдіршіндеріміз бен есін біліп қалған балаларымызға құлшылық пен адамгершілік құндылықтарын түсіндіріп, үйретуге үлкен мүмкіндік.

Ғалымдар адамның кісілігі яғни тұлғалық ерекшелігі 6 жасқа дейін қалыптасатынын ғылыми тұрғыдан дәлелдеген. Баланың толыққанды тұлға ретінде қалыптасуы үшін қажетті сүйіспеншілік, сыйластық, жанашырлық, Аллаға және Пайғамбарға ﷺ деген махаббаттың негіздері осы кезеңде қаланады. Келіп жеткен Рамазан айы осы бір асыл қасиеттерді баланың бойына сіңіру үшін ең маңызды кезең. Балаларымыздың «ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін» ескерер болсақ, Рамазан айын үлгі-өнегемізбен, күнделікті сырлы сәресі, ғанибетке толы ауызашарларымен өскелең ұрпақ үшін тәлімі мол айға айналдыра алсақ нұр үстіне нұр болары сөзсіз.  

Жеткіншектердің үйдегі ересектер не істесе соны қайталайтын әдетіне басып, ораза ұстауға деген ниеттерін білдіріп жататын кездері көп. Сондайда баланың бетінен қақпай, кем дегенде жарты күн ораза ұстауға үйренсе, соның өзі бала үшін ерік-жігер тәрбиесі болар еді. Бұл жерде ең маңыздысы, ұйқысын қиып сәресіге тұру және отбасымен бірге ауызашардың тәтті сәттеріне куә болу. Бұл балаң көңілде есейгеннен кейін де ерекше ықыласпен еске алар естелік болып қалары анық.

kollaj1

Енді Рамазан айын отбасына, әсіресе көз қуанышымыз – балаларымызға сүйікті ету үшін жасауға болатын амалдардың тізімін ұсынамыз:

  1. Рамазан айында мейрам болатындай етіп үйіңізді безендіріп қойсаңыз, балаларыңыз да ерекше кезең басталғанын көңіліне түйеді. Сондай-ақ, Рамазан күндерінің кестесін үлкен етіп шығарып, іліп қоюға болады.
  2. Сәресі мен ауызашарға балаларыңыздың сүйікті тағамдары мен тәттілерін арнайы пісіріп беру. Сондай-ақ, балаңызға ауызашар сәттерінде кішігірім сыйлықтар берсеңіз, бұл тұтқан оразасын жалғастыруға одан әрі шабыттандыра түседі.
  3. Дастархан басында бірге отырып дұға ету және алдын-ала арнайы дайындаған діни қисса, оқиғаларды айтып, түсіндіру.
  4. Балаңызбен бірге мұқтаж кісілерге көмек беру, ауызашар шатырларына апарып жағдайы төмен кісілермен бірге тамақтану.
  5. Үйіңізге туыс, дос-жаранды қонаққа шақыру немесе кішкентайыңызбен бірге қонаққа бару арқылы «дұғаның қабыл болуына», «өміріңіздің ұзаруына сеп болатын» туыстық қарым-қатынастың маңыздылығын көрсету.
  6. Отбасымен (әр баланың жас шамасын ескере отырып) осы айда жасалатын жаңа сүннет амалдар, үйренетін дұғалардың тізімін жасап, ай бойы соның жасалуын қадағалау.
  7. Рамазан айында арнайы жарыстар ұйымдастырып, айт күнінде қалаған немесе алдын-ала келіскен сыйлығын алып берсеңіз балаңыз үшін ұмытылмас шақтардың бірі болары хақ.

Бұл тізімді оқырман қауым өз қалауына қарай толықтыруы немесе өзгертуі әбден мүмкін. Тіпті кей отбасының қалыптасқан өзіндік дәстүрлері бар шығар. Егер  бөлісіп, пікірлеріңізді қалдырсаңыздар тек қуанамыз. Ал, біз өз кезегімізде Рамазан айын қайтсек балалар үшін сүйікті әрі барынша пайдалы өткізуге болады деген сұрағымызға жауап берген көп балалы аналардың тәжірибесімен бөлісейік.

Ақмарал (42 жаста, 5 баланың анасы): Менің тұңғышым 18-де, ал кішкентайым 4 жаста. Үлкендерімнің бәрін ораза ұстауға ойын баласы кезінен баули бастадым. Әрине, бастапқыда толыққанды таңсәріден кешке дейін ауыз бекітпейді. Менің мақсатым, оларға Рамазан айының берекетін, ерекшелігін сезіндіру болды.  Сондықтан ертеңгісін сәресіне бізбен бірге тұрып тамақтанып алған соң қаласа қайта ұйықтайтын, кейде ұйқылары ашылып, жатқысы келмегенде бірге отырып дұғалар жаттайтынбыз. Бастапқыда жарты күн ораза ұстағанда қысқа сүрелерді бірге оқитын едік. Арасында шыдамай жатса бірнеше күн ашып, кейін қалаған кезінде қайта ниеттеніп жалғастырып жатады. Осылайша ораза ұстауға бірте-бірте баулыдық.

Балалардың жадына Рамазан құлшылық пен дұға айы екенін әбден сіңіру ниетімен, әрі ғибадатқа ерекше ықыласын ояту ойымен намазды да осы кезеңде бастатуға тырысатынмын. Әрине, бұл толыққанды намаз емес, қыздарым арасында менің жанымда тұрып намаздың әрекеттерін қайталайды, білетін қысқа сүрелерін оқиды. Кейде қателесіп, шатасып жатады, арасында дұрыс істейді. Оған қатты мән бермеймін. Ең бастысы, құлшылық қылуға ынтасын ояту, оны сүйдіруге тырысу. Есейе келе сабағымен қабаттасып қалмайтын 1 уақыт намазды тұрақты оқытуға тырысамын. Намазда тұрақтылық отыру үшін ең кемі 40 күн үзбей оқығаны дұрыс екен. Бұл енді өзімнің тәжірибемнен байқағаным. Қазір 10 және 12 жастағы қыздарым осы айда маған көмектесіп, неше түрлі тәттілерді дайындауға тырысып жүр. Асхана біраз шашылып кетеді, дегенмен олар пісіргендеріне риза, ал мен олардың үйренгеніне риза боламын. Бала болған соң бір-бірімен таласпай, тартыспай тұра алмайтыны белгілі. Бірақ Пайғамбарымыздың ﷺ осы айда балаларға, әлсіздерге ерекше мейірімді болғанын ескеріп, жұбайым екеуміз оларға көбірек кешіріммен, мейіріммен қарауға тырысамыз. Рамазан айына деген құрметімізді және жақсы қасиеттерді өзіміздің өнегемізбен көрсету бала тәрбиесіндегі ең тиімді тәсіл деп ойлаймын.

kollaj3

Бану (37 жаста, 4 баланың анасы): Биыл Рамазан айына алдын-ала дайындалдық. Мен арнайы А3 плакатын алдым, сосын балаларыма осы қасиетті айдың маңызы мен ерекшелігін түсіндіріп, олармен бірлесіп жоспар жасадық. Әр қайсысы өзінің жасына қарай, қолынан келетін амалдарды таңдады, мен тек ой салып, бағыттап отырдым. Мысалы, үлкен ұлым 12-де, бұрыннан аздап намаз оқып жүрген, осы Рамазанда 4 уақытты тұрақты оқуды мақсат етіп қойды, сонымен бірге бөлмесін жинау, күнделікті физикалық жаттығу жасау, кітап оқу деген сияқты жақсы әдеттерді қалыптастыруды жоспарына енгізді. Хамза мен Хадиша да осылай өздерінің көңілі қалаған істерді таңдады. Сөйтіп күнделікті жасағандарына смайлик жабыстырып отырады. Балалар мұны бір жағынан ойын сияқты қабылдады. Кәдімгідей күнде  қай амалдарды жасап, неше смайлик қойғандарын санап жүреді.

Ай басында арнайы Құран әріптерін үйрететін боямақтар сатып алдым, әрі қызықты уақыт өткізуге, әрі пайдалы білім алуларына септігін тигізіп жатыр. Сонымен бірге күнделікті кешкісін ауызашар сәтіне кішігірім сыйлықтар дайындап қоямын. Бұл жерде ең бастысы, балаларға Рамазан айы тек тамақтан тыйылу емес, сонымен бірге өзін-өзі тәрбиелеу айы екенін ұғындыру.

kollaj2

 

Индира Жұмабекқызы

 

Бөлісу: