27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Отбасы жанжалын шешудің 8 жолы

Отбасы жанжалын шешудің 8 жолы

Исламдағы отбасы
Жарнама

Өзіңізді бір ой мазалап жүрсе, бұл туралы сүйіктіңізге міндетті түрде айтыңыз. Көп ер адам әйелімді босқа ренжітіп аламын деп барлығын іште сақтап жүреді. Осының салдарынан бәрі тамшыдайын жиналып, кейін қарым-қатынастың соңғы нүктесінің қойылуына себепші болады. Сондай-ақ әйеліңіз сіздің іштей ренжіп жүргеніңізді мүлдем білмеуі мүмкін. Осылай дейді Орталық Азиядағы психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова. Мұнымен қатар, психоаналитик ер азаматтарға отбасын сақтап қалуға көмектесетін 8 кеңесімен бөлісті.

1.Әйеліңізге ренішін толықтай айтуға мүмкіндік беріңіз

Сөзді бөлгенді тек әйел қауымы емес, сіз де көп ұнатпайсыз деген ойдамын. Сол себепті әйеліңізге де құрмет танытып, ішіндегі реніші туралы түгелдей айтуға мүмкіндік беріңіз. Тіпті, оның айтып жатқан пікірімен келіспесеңіз де.

2.Оның не туралы айтып жатқанын шын түсінуге тырысыңыз

Бір қарағанда өзіңізге барлығын түсініп жатқандай болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл кішігірім қақпан болуы да ғажап емес. Әйеліңіз сіздің жағдайды шын түсініп тұрғаныңызды көрген кезде түсініспеушілікті жылдам шешуге мүмкіндік туады.

3.Кейін өкінетіндей сөз айтпаңыз

Әрдайым қарым-қатынастың әйнек секілді нәзік дүние екенін біліңіз. Оған күтім жасайтын болсаңыз, сөзсіз таза, әдемі, мықты болады. Егер бұлай жасамайтын болсаңыз, ол сынып, қайта жиналмастай шағылып қалуы мүмкін. Сондықтан қатты ашуға булығып тұрған кезде де өзіңіздің не айтып жатқаныңызға мән беріңіз.

4.Бұрынғы ренішті араластырудың қажеті жоқ

Кеше мен бүгіннің ара-жігін ажырата біліңіз. Егер күн сайын арада бұрын болған кикілжіңдерді еске ала беретін болсаңыз, сүйіктіңіздің көңіліне қаяу түсетіні сөзсіз. Келер шаққа да өзіндік әсерін тигізіп, болашаққа жақсы жоспарлар құруға да кедергісін келтіреді. Барлық адам қателеседі. Әйеліңізге қателігін түзетуге мүмкіндік беріңіз.

5.Ортақ шешімге келіп үйреніңіз

Егер дер кезінде ортақ шешімге келуді үйреніп алсаңыз, кез келген жанжалдың алдын аласыз. Бірнәрсе ұнамаса, екеуіңіздің де көңіліңізден шығатындай шешім табуға тырысыңыз. Сол секілді әйеліңізге бірнәрсе ұнамаса, барынша түсіністік танытуға тырысыңыз.

6.Кейде не айтсаңыз да, ортақ шешімге келе алмауыңыз мүмкін екенін қабылдаңыз

Әдетте адамдар бір пікірмен келіспегендіктен сөз таластыра бастайды. Сіз өз кезегіңізде оппонент бірнәрсені білмеуі мүмкін деген оймен оған басынан түсіндіруге кірісесіз. Оппонент ойыңызбен келіспеген сайын ренжи түсесіз. Ал әйеліңіздің пікірін өзгертуге тырыспау арқылы оған деген құрметіңізді көрсетесіз. Бәлкім араға біраз уақыт салып ол пікірін өзгертетін шығар.

7.Мәселені шешілгенше қайта-қайта талқыға салыңыз

Серігіңізден қашып, жасырынып қалу оңай. Алайда бір-біріңізге бұл көп уақытты алатын болса да, мәселені шешу үшін барымды саламын деп уәде беріңіздер. Тіпті, түні бойы талқыласаңыздар да. Екеуіңіз де ортақ шешім табуға тырысқан жерде кез келген мәселе шешілетініне сенімдімін.

8.Пікірталас кезінде бірінші орынға қарым-қатынасты қойыңыз

Бұл намысыңызды шетке ысырып қойып, не айтса да келісе беріңіз деген сөз емес. Бар болғаны сіз сөз таластырып жатқан адам сіздің жақын досыңыз, сүйіктіңіз, көңілдесіңіз және жаныңыздың бір бөлшегі екенін ұмытпаңыз. Егер екеуіңіз де осыны мәңгілік есте сақтайтын болсаңыз, жүректеріңіз әрдайым аман-сау болады.

Қарлыға Бүйенбай

sputniknews.kz

Бөлісу: