28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбар шаңырағындағы махаббат

Пайғамбар шаңырағындағы махаббат

Исламдағы отбасы
Жарнама

Ардақты пайғамбар (с.ғ.с.) жұбайларымен ерекше ілтипат және жылы сезіммен мәміле жасайтын.

Әз пайғамбар (с.ғ.с.) әйелдеріне өз қолымен ас беріп, мүбәрак қолымен сусын ұсынатын. Әйеліне бір ауыз жылы сөзін қимайтын сараң адам үшін бұл ақылға сыймайтын дүние. Алайда, ешбір таңқалатын жайт емес. Өйткені, қадірлі пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сағд бин Әбу Уаққасқа (р.а.): «Сен әрбір жұмсаған нәпақаң үшін сауап аласың. Тіпті әйеліңнің аузына салған бір тістем ас үшін де»,-деген. Әрине, сол берген бір түйір ас жұбайлық сезіммен дәмді боп тұр.

Отбасына береке беретін тапқан табыс емес, жұбайлардың өзара бір-біріне деген мейірімі мен жылуы. Айша (р.а.) анамыз пайғамбармен (с.ғ.с.) отбасылық өмірі жайлы сыр шертіп: «Етеккір кезімде су ішіп, кесені ол кісіге ұзататынмын, ол да менің ернім тиген жерден су ішетін. Сүйекті мүжіп ұсынатынмын, ол кісі менің тісім тиген жерінен жейтін»[1], - дейді. Міне, мұны көңіл дейді. Қарапайым, бірақ жүректен шыққан бір ауыз сөз. Қарапайым, бірақ шынайы қарым-қатынас әйел үшін әлемнің қазынасынан да артық.

Хадиске қайта оралсақ, Айша (р.а.) анамыздың айтпағы: әйелі күйеуіне аса ұнамайтын күндері, басқаша айтқанда еркек әйелінен қалаған ләззатын ала алмайтын күнде, жұбайына ерекше жұмсақ болуымен сіз бен бізге үлгі болмақта. Бір кісі: «Мен ол күндері өз бөлмемде, әйелім өз төсегінде жатады, - депті. Басқаша сөзбен айтқанда керек кезде бірге жатам, керек емес кезде әйеліме көңіл бөлуге уақыт жоқ дегені ғой.

Енді мына бір хадиске қараңыз, Айша (р.а.) анамыз әңгімелейді: «Менде етеккір күндері болғанда, Алла Елшісі басын тіземе қойып, Құран оқып жататын»[2], «Мен етеккір болып, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) шашын тарайтынмын»[3], - дейді. Бұл хадис бір жағынан таза емес күндері әйелінің жанында Құран немесе намаз оқуға болатындығын көрсетсе, екінші жағынан жұбайылық өмірдегі бір-біріне деген ыстық пейілді көрсетсе керек.

Руслан ҚАМБАР

Исламтанушы


[1] Муслим

[2] Ибн Мажа 523

[3] Бұхари

Бөлісу: