25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Төсектен тұрғаннан кейінгі тазалық

Төсектен тұрғаннан кейінгі тазалық

Исламдағы отбасы
Жарнама

«...Алла да таза болғандарды жақсы көреді» (Тәубә сүресі, 108-аят) деп Құранда баяндалғандай мұсылман отбасының өмірінде тазалықтың орны ерек.

Жүніп және ғұсыл.

Жүніп ерлі-зайыптылардың қосылғаннан кейінгі дәретсіздік жағдайы. Сонымен қатар, ер кісі мен әйелдердің бойынан құмарлықпен ұрығы шыққандағы таза емес қалпы.

Ғұсыл жүніптік жағдайдан тазару. Сондай-ақ, ғұсыл ел аузында «бой дәрет» деп те айтылады. Әйелдерге етеккір немесе босанғаннан кейін келетін қан тоқтаған соң да ғұсыл құйынуы парыз.

Ғұсыл құйыну қандай жағдайда міндет?

Денені толық жуып, тазалануды ғұсыл құйыну деп атайды. Мұсылман жұма намазына, екі айт намаздарына барар алдын ғұсыл құйынып шығуы сүннет болып табылады. Алайда, сонымен қатар, міндетті түрде ғұсыл құйыну қажет жағдайлар бар. Олар:

  1. Ұйықтап жатқан немесе ояу адамның (ер кісі және әйелдің) бойынан ләззатпен ұрықтың шығуы.

Үмму Салим пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: уа, Алла елшісі! Әйел баласы да ұйқыда ер кісі секілді түс көреді, бұл жағдайда ғұсыл құйынуы міндет пе?,-деп сұрады. Пайғамбар (с.ғ.с.): құмарлық сезеді ме?, - деді. Үмму Салим: болуы мүмкін, - деді. Пайғамбар (с.ғ.с.): (бойынан немесе киімінен) ылғалдық көреді ме?, - деді. Үмму Салим: болуы мүмкін, - деді. Пайғамбар (с.ғ.с.): Ондай болса, ғұсыл құйынсын, - деп жауап берді[1].

Кісі ұйқыда жатып түс көрсе, алайда киімінен ұрықтың белгісін таппаса ғұсыл құйыну парыз емес. Ал, ешбір түс көрмей бірақ оянғанда киімінен ұрықтың ізін тауып алса, ғұсыл құйыну шарт болады.

Ал, науқастық немесе басқа да салдармен ешбір құмарлықсыз кісі бойынан ұрық шығатын болса, ол зәр болып есептеледі. Мұндай жағдайда тек дәрет алу қажет.

Сондай-ақ, ұйқыдан тұрып дәрет алып намазын оқып болған соң киімінен жүніптік белгісін көрсе, намазын қайта оқиды.

  1. Ерлі-зайыптылар жыныстық мүшелері жанасса.

Айша анамыз (р.а) бұл жайлы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Ұшы ұшына енсе ғұсыл уәжіп болады[2]», деген сөзін риуаят етеді.

Ер кісі мүшесінің басы әйел жатырына енсе, ұрық шықпаса да кісіге де, әйелге де ғұсыл құйыну міндет. Мұндай жағдайда кісінің бойынан сперма шықса да, шықпаса да мүшесі әйелдің жатырына енгендіктен ғұсыл құйыну екеуіне де уәжіп болады.

     3-4. Әйелдің етеккірі және босанғаннан кейінгі қан келу кезеңі біткеннен кейін ғұсыл құйынуы парыз.

Құранда: «...қашан олар нақ тазарса...»[3], - деп әмір етілген. Әбу Ханифа Омар және Ибн Масғудтан (Алла Тағала екеуінен де разы болсын) риуаят етеді: хайыз (етеккір) қаны тоқтаған әйел етеккірден соң ғұсыл құйынбайынша хайыз болып есептеледі. Муъаз (р.а): босанған әйел бір жұмадан соң тазарғанын көрсе, ғұсыл құйынып намазын бастасын[4], - деген.

Ғұсылдың парызы

Ғұсылдың үш парызы бар: ауызды шаю, мұрынды шаю және денені түгел жуу.

Әбу Һурайра (р.а) бұл жөнінде:

إنّ تحت كلّ شعرة جنابة فخلّلوا الشعر و أنقوا البشرة.

Мағынасы: «Әрбір түктің астында жүніптік бар. Сондықтан шашты (сонымен қатар, әрбір түкті) салалап, теріні (денені) тазалаңдар», деген пайғамбар сөзін риуаят етеді. Сондықтан құлақ іші, кіндік, қас, сақал-мұрт, шаштың түбі секілді қиындық тудырмайтын орындардың барлығына су тиюі шарт.

Сонымен бірге, денеге немесе теріге толығымен су тиюіне кедергі болған бояу, крем, лак, тушь және де басқа заттарды кетіріп барып ғұсыл алу қажет.

Ескерту: Ғұсыл құйынуға қолайлы жағдай жоқ болса, мәселен су мүлдем болмаса, су суық болып кісі жуынса ауырып қалу қаупі немесе сырқаты асқынып кетуі ықтималы болса ғұсылды кешіктіруіне рұқсат етіледі.

Сахаба Жабир (р.а) мына әңгімені баяндайды: біз сапарға шыққан болатынбыз. Арамыздағы бір кісінің басына тас тиіп, жарақат алды. Сосын ол таңертең тұрса жүніп болып қалыпты. Ол: Менің таямум алуымды жөн санайсыңдар ма? - деп сұрайды. Жолдастары: жоқ, рұқсат жоқ деп ойлаймыз. Өйткені, су қол астыңда тұр, - дейді. Ол кісі ғұсыл құйынып, (сырқаты асқынып) қайтыс болады.

Біз сапардан қайта оралғанда Алла Елшісінің (с.ғ.с.) құзырына барып болған мән-жайдан хабардар еттік. Сонда ол кісі:

قتلوه قتلهم الله! ألا سألوا إذ لم يعلموا, فإنما شفاء العي السؤال, إنما كان يكفيه أن يتيمّم و يعصب على جرحه خرقة ثمّ يمسح عليه و يغسل سائر جسده.

«Алла, оны өлтіріпсіңдер ғой! Білмесеңдер сұрамайсыңдар ма? Білмегеннің дауасы сұрау. Расында, ол кісіге таямум етіп, жарақатын таңып, денесінің өзге мүшесін жууға болар еді[5]», - деп айтқан.

Ғұсыл алу тәртібі

Кісі ғұсылдың үш парызын орындап, яғни ауыз мұрынды шайып, душқа, бассейнге, өзен-көлге түсіп денеге толығымен су тигізсе ғұсыл алынған болып есептеледі. Алайда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көрсеткен тәртіп бойынша ғұсыл алу абзал әрі сүннет саналады.

Ғұсыл құйынуды ниет еткен адам әуелі әуретіндегі нәжісті кетіреді. Сосын толығымен дәрет алады. Тек аяқтарын жумайды.

Келесі кезекте басын толығымен жуып алып, әуелі оң иығына сосын сол иығына су құйып жуынады. Осылайша толығымен үш рет тұтастай жуынып шығады. Егер жуынатын орны су үймелейтін болса, аяқтарын шығарда жуады. Міне, осы тәртіппен ғұсыл алу сүннет.

Ибн Аббас (р.а) риуаят етеді: Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әйелі Маймуна (р.а): Мен пайғамбарға (с.ғ.с.) ғұсыл құйынуы үшін су әзірлеп бердім. Ол екі қолын екі-үш рет жуды. Сосын сол қолына су құйып, жыныс мүшесін тазалады. Сосын (сол) қолын жерге ысқылады. Кейін аузы мен мұрнын шайып, беті мен қос қолын жуды. Сосын бүкіл денесіне су құйып шомылды. Кейін шетірек тұрып, екі аяғын жуды[6], - деп айтқан.

Материал «Неке кітапшасы» кітабынан алынды.

Авторы «Нұр Астана» орталық мешіті сауат ашу бөлімінің

Директоры Руслан Қамбаров.


[1] Фиқһул Ханафи уә әдиллатуһу, шайх Асъад Мухаммад Саъид Сағиржи, 1-том, Дамаск, «Дарул Калим Таиб» 2008-жыл, ғұсыл уәжіптері, 65-бет

[2] Жоғарыдағы кітап, ғұсыл уәжіптері, 67-бет

[3] Бақара сүресі, 222-аят

[4] Жоғарыдағы кітап, ғұсыл уәжіптері, 69-бет

[5] Әбу Дауд, Дарақутни

[6] Сунан Әбу Дауд, 1/65

Бөлісу: