26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) шаңырағында ұрыс-керіс болды ма?

Исламдағы отбасы
Жарнама

«Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» дейді қазақ халқы. Мінсіз отбасы жоқ. Тіпті, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) шаңырағында да қызғаныш, реніш, түсініспеушіліктер болған. Бірақ ешқашан ұрыс-керіске ұласпады. Өйткені Расулалланың үйінде әрдайым сабырлық, тақуалық, кешірім үстемдік құрды. Осының дәлелі ретінде Алла елшісі мен Айша анамыздың ерлі-зайыптылық өмірінен бірқатар сыр шертпекпіз.  

Бірде Пайғамбарымыз үйге бір тұтқынды алып келіп, оны Айша анамызға «көз қырыңды сала отыр» деп тапсырып кетуге мәжбүр болды.  Айша анамыз бұл кезде бөлмесінде бірнеше әйелмен сөйлесіп отырған еді. Әңгімеге берілген олар тұтқын туралы ұмытып кетті. Әрине, бұл мүмкіндікті қалт жіберсін бе? Тұтқын қашып құтылады.  

Біраздан кейін Алла елшісі (с.ғ.с) де келеді. Қараса, тұтқын жоқ! Қатты ашуланып:

-Айша, тұтқын қайда? – деп сұрайды. Анамыз сасқалақтап:

-Әйелдермен әңгімеге беріліп кетіппін... – дейді күмілжіп. Осы кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

-Қап, сені ме? Әй, қолың сынғыр! – деп сыртқа шығып кетеді.

Алла елшісінің мұнша ашулануының себебі – жау жағадан алып тұрған уақытта тұтқынға адам алудың маңызы зор еді. Расулалла тұтқынның қашып кеткенін хабарлайды. Қашқын табылады. Пайғамбарымыз үйіне қайта келеді. Сөйтсе, Айша анамыз «қолың сынғыр» дегенге қолына бір нәрсе бола ма деген қорқынышпен екі қолын көтерген бойы ары-бері айналдырып көз алмай қарап тұр екен. Пайғамбарымыз түсінбей:

-Тыныштық па? Не болды? Әлде дәрет алуың керек пе? – дейді.

Анамыз назданып:

-Мені қарғадыңыз ғой, қайсы қолым түсіп қалар екен деп қарап тұрмын, - дейді. Айша анамыз Алла елшісінің теріс батасынан қатты қорыққан еді.

Расулалла осы кезде:

-Раббым! Мен де пендемін, кейде ашуланамын. Осы кезге дейін кімге теріс бата айтқан болсам, мұны оларды рухани кірлерден арылтатын тазалыққа себепші ет! – деп дұға жасайды.

Бұл жағдайдың орын алуы да көпшілікке ғибрат болары анық. Өзінің қатесін білсе де, күйеуінен қарғыс естіген кезде қарсы жауап айтпай, Айша анамыздай үндемей қалып, күйеуінің көңілін қалдырғаны үшін жабырқайтын әйел қазіргі күні кем де кем шығар. Әйеліне артық ауыр сөз айтқаны үшін пендешілігін мойындап, Алладан кешірім тілейтін ер азаматтар ше? Ойланарлық жайт...

Күйеуіңізге ашу-ренішіңізді қалай жеткізесіз?

Айша анамыздың да Пайғамбарымызға (с.ғ.с) ренжіген сәттері кездесетін. Мұндайда Пайғамбарымыз бірден байқап, мәселені жылы шешуге тырысатын. Бір күні Алла елшісі (с.ғ.с) Айша анамызға:

-Мен сенің маған риза не ашулы екеніңді бірден білемін, - дейді. Анамыз таңырқап «Қалай?» деп сұрайды. Сонда Расулалла (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):

- Маған риза кездеріңде «Мұхаммедтің Рабысына ант етемін» дейсің, ашулансаң, «Ибраһимның Раббысына ант етемін» дейсің!

Анамыз мойындап:

- Иә, оныңыз рас. Алайда, ашуланған кезде де жүрегімдесіз, тек тілімнен атыңызды ғана алыстатамын. Енді уәде беремін, бұдан былай сіздің атыңыздан басқаны аузыма алмаймын! – деп жауап береді.

Ал, сіздер ше? Күйеуіңізге ашуланғанда тіліңізге тоқтау қоя аласыз ба?

Мәдина ЖАҚЫП

Бөлісу: