25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Азаны жоқ аттың зияны бар ма?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Асыл дінімізде балаға әдемі ат қою, мүбәрак есім беру – ата-ананың міндеттерінен болып саналады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қиямет күні өз аттарыңызбен және әкелеріңіздің аттарымен шақырыласыздар. Сондықтан балаларыңызға жақсы ат қойыңыздар» деп өсиет қалдырған. 

Баланы неғұрлым әсем есімдермен атаған сайын, тұла бойы да соған сәйкес көркемделе түседі. Демек, ата-анасының перзент алдындағы борышы ат қоюдан басталатынын, оның зор маңызға ие екенін ескергеніміз жөн. Халқымыздың жарық дүние есігін шыр етіп жаңа ашқан сәбиге есім беруге қатысты өзіндік дәстүрі, салт-жоралғысы бар. Мәселен, азан шақырып, ат қойғанда бала болашақта сыйлы, құрметті, үлкен адам болсын деген ырыммен баланың әке-шешесі жасы үлкен, сыйлы адамға ат қоюға қолқа салады. Жұртшылық жиналып, ат қоятын адам сәбиді қолына алып, «Аллаһу акбар» деп азан шақырып, сәбидің есімін құлағына үш рет қайталайды. Бұл баланың есінде сол есім қалсын, құлағына сіңсін деген ниетпен жасалатын ырым.

Қазақта «азан шақырып қойған атым» деген тіркес бар. Бұл осы сүннеттің салтымызға сіңіп кеткендігін көрсетсе керек.
Туылған баланың оң құлағына азан, ал сол құлағына қамат айту сүннет амал. Мұны, баланың әкесі, атасы немесе ізгі адам орындағаны жөн. Құндақтағы бала құлағына азан шақырудың да өзіндік сыры бар. Нәрестенің ең алғаш естіген сөздері Жаратушының есімі болуымен қатар оның дүние есігін ашқанын білдіру.

Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) немересі Хусайн бин Әлиден (р.а.): «Туылған баланың оң құлағына азан айтып, сол құлағына қамат айтса, ол балаға Үмму Сибианның (нәрселерге маза бермеуші жын-шайтан) зияны тимейді», – деген хадис риуаят етілген (Ибн Сунни).
Хадисте айтылғандай азан сөздерінен жын-шайтан қашатыны мәлім. Ал, бала туылғанда оны шайтан мазалайтындығы жайлы Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мәриям және оның ұлынан басқа, әрбір балаға туылған сәтте шайтан тиіседі. Шайтан тиіскенде бала шырылдай бастайды.», – деген. Ал, Мәриям ана мен оның ұлы Иса (ғ.с.) пайғамбар дүниеге келгенде шайтан тиіспегендігі жөнінде Құранда Имранның әйелі қыз босанған сәтте: «...Мен оның атын Мәриям қойдым. Оны да ұрпағын да шайтаннан Саған сиындырамын», – деп дұға жасаған баяндалған.

Сондықтан, бала құлағына азан шақырылса, ұйқысы тыныш болады. Алайда, Алла Тағала азан шақырып, ат қоюды белгілі бір парыз етпеген. Егер бұлай болмаған жағдайда адам күнәһар болып қалмайды. Десе де, азан шақырып, ат қоюдың сауабынан да құр қалмаған абзал.  

Мына жарық дүниенің есігін жаңа ашқан нәрестеге ат қояр кезде оның да өзіндік жөн-жоралғысы мен мән-маңызы, әр есімнің өзінің білдірер мағынасы барын, ертең ес жиып, етек жиған шағында сол адамның өміріне елеулі ықпал етерін естен шығармайық.

ummet.kz

 

Бөлісу: