Адам үшін өмірдегі ең қымбат нәрсе бала деуге болатын шығар. Ата-аналардың ең көп ойлайтыны балалары. Ауырып қалмасын, қарны ашып қалмасын, жаурап қалмасын, құлап қалмасын, бір жерін ауыртып алмасын, ешкім тиіп қоймасын т.б. осы сияқты ойлар мен уайымдар әрбір ата-ананың көкейіндегі нәрселер.
Бірақ ата-ананың балаға берер ең үлкен сыйы – тәрбие екендігін біріміз ескерсек, біріміз ескермеуіміз мүмкін.
«Тәрбие – тал бесіктен басталады» демекші, мұсылманшылық тәрбиенің басы – сәбидің тілі енді шыға бастаған сәтінде оған «кәлимәны» үйретуден басталады екен: «Лә иләһә иллалла». (Алладан басқа тәңір жоқ). Бұл қасиетті сөздің толық атауы "Кәлимә-и тәухид".
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (ғалейһиссәләм) өзінің асыл сөзінің бірінде былай деп бұйырған[1]: «Сәбилеріңнің ең әуелгі сөзін «лә иләһә илләлламен» ашыңдар!»
Алла елшісінің әрбір тәлімінен сусындаған сахабалар да тілдері енді шыға бастаған балаларына жеті рет «лә иләһә иллаллаһ» сөзін қайталату арқылы тілін кәлимәмен аштыруды ұнамды санайтын болған екен.
Ендеше, балаларымыздың тілашары кәлима-и тәухид болсын!
[1] Имам Бәйһақи: «Шуъабуль Иман» - №(60) 8282. (Хадистің жалғасында: «...Сондай-ақ, ақтық демдерінде де «лә иләһә иллаллаһ» сөзін аузына салыңдар (тәлқин жасаңдар). Кімнің әуелгі сөзі «лә иләһә иллаллаһ» және ақырғы сөзі де «лә иләһә иллалла» болса, мың жыл өмір сүрсе де бірде-бір күнәсінан сұралмайды» - делінеді).
материал «Исламдағы отбасы» кітабынан алынды,
ummet.kz