25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Еркек неге кешірім сұрамайды?

Еркек неге кешірім сұрамайды?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Психологтың тәжірибесінен: Сіздерге бір оқиғаны айтып берейін: Кәрім үйленемін деп шешім қабылдаған еді. Сондықтан қалыңдығы Әминаны жас жұбайларға арналған курсқа алып келген.

Екеуі қажетті анкета толтырып шықты. Әмина болашақ күйеуіне: Менің кешірім тілім – мен өкініп тұрмын, – деп айту дейді. Курс барысында Кәрім маған жақындап келіп: «Сізге шынымды айтайын. Өмірімде біреуден кешірім сұрағаным есімде жоқ. Бұл сөз мен үшін тым қиын. Кешірім сұрау нәзік жанды әйелдер қауымына тән. Ер азаматқа жараспайтын секілді. Менің білетінім нағыз еркек кешірім сұрамайды. Кешірім сұрау мен үшін жас баланың тірлігі сияқты іс» – деді.

Мұнан кейін әзіл араластырып: Кешірім сөзін айта алмаймын деп ойлаймын. Ал Әминаға «бұл сөз маңызды сияқты. Меніңше анкетаны бергеніңіз тым артық тірлік болды», – деді. Мен күлімсіреп: «Бұл анкета өте пайдалы болуы мүмкін. Толық жазып шыққаның дұрыс болған. Сенен бір нәрсе сұрайын. Өміріңде өкінген ісің болды ма? Болар іс болған соң өз-өзіңе: Әттең, бұлай болмағанда ғой. Барлығы басқаша болғанын қалаймын, – деп айттың ба?» – деп сұрадым.

Ол басын изеп: «Иә, болды. Анамның жаназасы қарсаңы еді. Сол түні өле өлгенше арақ іштім. Ертесіне аяғымда әзер тұрдым. Анамның жаназасы қалай өткені есімде жоқ», – деді. Көңіл-күйің қандай болды? – дедім. «Әрине, өте жаман болдым. Анамды мүлде сыйламағанымды сезіндім. Оның қазасы қатты соққы болып тиді. Шешеме өте жақын едім. Өмірімнің әрбір сәтін сол кісімен бөлісіп жүретінмін. Қайғымды басу үшін арақ іштім. Бұл әрекетім анамның көңілін қалдыратынын түсіндім. Өйткені көзі тірісінде арақ ішпе деп айтып отыратын. Аспандағылар бізді көрмейді деп үміт етемін. Өйткені мына күйімді анам көргенін қаламаймын», – деді.

Мен оған: «Бір сәтке елестетіп көр. Марқұм анаң көктен сенің не істеп жатқаныңа көз салса. Сенің күйіңді көріп анаң мұңайса. Саған анаңа бір ауыз сөз айтуға мүмкіндік берілді делік. Не айтар едің?» – деп сұрадым. Кәрімнің көздері жасқа толып: «Мен шынымен де қатты өкініп тұрмын. Сенің мұңаюуыңа себепші болдым. Үлкен қателік істедім, мойындаймын. Сол түн қайта келсе, араққа жоламас едім. Сені қатты жақсы көремін. Мені кешіруіңді қалаймын, – деп айтар едім», – деді. Кәрімнің иығына қолымды қойып тұрып: Қазір не істегеніңді түсіндің бе? – дедім. Басын изеп: «Иә, анамнан кешірім сұрадым. Бұл ғажайып екен», – деді.

Көз жасын сүртіп жатып: «Мен жылаймын деп ойламадым. Бұл жақсы емес-ау», – деді. Мен: Бұл басқа мәселе. Демек, ер азаматтар жыламайды деген түсінікпен өскенсің, солай ма? – дедім. Иә. Өкінішке орай, жылдар бойы қате түсінікпен жүргенсің. Шынайы еркектер жылайды. Ал жасанды еркектер жылау дегенді білмейді. Шынайы еркектер кешірім сұрайды. Олар біреуге зияны тигенін білсе: Мен өкініп тұрмын, кешірім сұраймын, – дейді.

Сен шынайы ер азаматсың. Бүгін соны көрсеттің. Бұл шындықты ешуақытты ұмытпа. Ертең Әминамен шаңырақ көтересің. Сен ешуақытта үлгілі күйеу бола алмайсың. Ол да үлгілі әйел бола алмайды. Бақытты жұп болу үшін кемел адам болу міндет емес. Алайда әрбір жұп жолдасынан кешірім сұрай білуі керек. Әминаның кешірім сұрау тілі – мені кешір болса, онда соны үйренгенің жөн», – дедім. «Бұл маған сабақ болды. Сіздің курсыңызға қатысқаным қандай жақсы болған», – деді.

Еркек неге кешірім сұрамайды? Кешірім сұрау – әлсіздік деп бағалайтын ер азаматтар бар. Қателесіп қалса айыбын мойындауды намыс көріп, керісінше «Не бопты сонша? Онда тұрған не бар?» деп ерегісе кетеді. Қала берсе, қате болса да өзінікін жөн деп мойындатуға тырысады. Ең жаманы мұндай адам бала күнінде әкесі анасынан кешірім сұрағанын көрмеген болуы мүмкін. Бала әкешешесінің азын-аулақ ұрыс-жанжалын көрген болса кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін аз болса да ажырата алады. Әкесі қатты кетіп, кейін кешірім сұрамағанын көрген болса, санасына сол көрініс үлгі болып сіңеді. Мұндай адам отағасы ретінде өз қатесін мойындамауы ықтимал. Кешірім сұрау әйелдің маңдайына жазылған деген ұстанымда болуы да мүмкін. Бұл ер азаматқа да, әйелге де қатысты. Бірақ кешірім сұрау дегені қылмыс жасап қойған адамша басын салбыратып жалынып, жалбарыну емес. Кешірім сұраудың түрі көп. Құшақтап бауырға басудан бастап күлімсіреп көңілін көтеру. Немесе жұбайыңызды қуантатын жағымды жаңалықпен бөлісу деген сияқты. Ал парасатты әйел болса мұны дұрыс түсінеді. Ер азамат ретінде қателігін мойындағанын ұғып өздігінше кешірімін қабылдағанын білдіреді. Әрине, түсінбейтін әйел күйеуі бас иіп тұрса да кешіре алмайды. Түсінбейтін еркек те солай. Мұсылмандар анасы Сафия бинт Хуяй (Алла оған разы болсын) яһуди қауымы бәну Надир көсемінің қызы болатын. Хайбардағы бәну Надирдің қиянаты үшін мұсылмандар олардан көшіп кетуін талап етті.

Міне, осы оқиғаға байланысты Хаяйқызы Сафия (Алла оған разы болсын) анамыз: «Алла Елшісіндей (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезді адамды көрмедім. Ол кісі Хайбардан түйеге мені мінгестіріп алды. Түнделетіп жүріп келеміз. Ұйқым келіп басымды ер тоқымның шетіне ұрып аламын. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) болса: Абайла, ей, Хаяйқызы, абай бол», – деп мені қолымен ұстап келеді. Саһба деген жерге келген кезде: «Ей, Сафия! Қауымыңа істеген әрекетім үшін сенен кешірім сұраймын. Алайда олар маған пәлен және пәлен деді31 », – деген. Қиянат жасап, мұсылмандар мен яһудилер арасындағы келісімді бұзған бәну Надирдің өзі. Бірақ Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайының көңіліне қаяу түсірмеу үшін үлкен басын кішірейтіп, кешірім сұрап көңілін марқайтып тастаған еді. Жұбайлар екі жарты – бір бүтін жаратылыс. Үнемі бір-бірін демеп, артық кеткен жерде кешірім сұрауы, ең бастысы кешіре білуі керек.

материал «Үйленбей тұрып үйрен» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: