26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Отбасындағы ер бала тәрбиесі

Исламдағы отбасы
Жарнама

Бала тәрбиенің алғашқы сабақтарын отбасында алады, онда адамгершілік пен гуманизмді қалыптастырудың бүкіл процесінен өтеді. Ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан дәстүрлер мен жоғары мұраттар дәл осы ортада беріледі. Адамдарды өзара түсіністікке жетелейтін басқаларға деген сүйіспеншілік пен құрмет қасиеті тек үлгілі шаңырақта қалыптасады.

Әр ата-ана баланы қалай дұрыс тәрбиелеу керектігі туралы ойланады. Кейбірі әртүрлі әдістерді зерттейді, басқалары өздігінен дамуына мүмкіндік береді, енді бірі отбасындағы аға буынның түйсігі мен сөзіне сүйенеді. Бұл уақытты қажет ететін процестің маңыздылығы мен ата-аналарға жүктелетін жауапкершілік туралы айтудың қажеті жоқ. Дегенмен, балаға бөлінетін уақыттың ата-ана өмірінде қандай орын алатынын білуіңіз керек.

Бала тәрбиесі дүние есігін ашқан кезден басталады, ал уақыт өткізіп алған болсаңыз, оның орнын толтыру үшін ата-анаға екі есе күш түседі. Тәрбиеге дер кезінде мән беріліп, сауатты, дұрыс көзқараспен жетілген ұл бала нағыз ер, қамқор әке, жауапкершілігі мол отағасы және қоғамның саналы, көзі ашық тұлғасы ретінде ер жетеді.

Қазақ даналығында «баланы жастан» деген емес пе? Кішкентайынан сүйіспеншілік, жанашырлық, сенімділік, батылдық, өжеттілік сияқты мінезді бойына сіңіріп өскен бала – әкенің де, шешенің де бірге атқарған еңбегінің нәтижесі. Бала тәрбиесі жөнінде Мағжан Жұмабаев: «Жас бала – жас шыбық, жас күнінде қай күйде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қалмақ», - десе, екі дүние сардары Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) бала тәрбиесіне байланысты хадистерінде «балам адам болсын» деп ұрпағы үшін алаңдағандарға, ең әуелі тәлім-тәрбиеге терең мән беру керектігі айтылған. Бірде Алла Елшісіне (с.ғ.с) екі жасар баласы бар әйел келіп: «Балаға қай жастан тәрбие берсем болады?» - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз оған: «Сіз екі жылға кешіктіңіз» - деген екен.

Отбасы тәрбиесінде қазақ халқы әрқашан баланың жас шамасын және жеке басының ерекшелігін ескеріп келген. Бұл халық даналығын келесі өрнектен көруге болады: «Балаңызды бес жасқа дейін патша ретінде бағыңыз, бес жастан он үш жасына дейін мүмкіндігінше жұмыс істеуге мәжбүрлеңіз, ал он үштен кейін оған тең болыңыз және өз тәжірибеңізбен бөлісіңіз». Себебі, он үш жастан кейін ер бала «әкесінің үйінен шығуға құқығы бар отау иесі» болып саналады және физиологиялық тұрғыдан ересектерден айтарлықтай ерекшеленбейді, сондықтан оның пікірін ескеріп, ересек ретінде шешім қабылдап, жауапкершілік алуға дайындау керек. Міне, осыдан-ақ біз қазақ отбасында баланың жас ерекшелігіне көңіл бөле отырып тәрбиелеуді басшылыққа алғандығын байқаймыз.

Халқымыз бес жасқа дейінгі баланың қыңырлығына және әзіл-оспақтарына мейіріммен, жұмсақтықпен қарап, әрқашан жылы қарым-қатынас жасайтын. Ал, баланың дүниетанымына зиян келтіретін дене жазаларын қолдану әдістеріне жол бермеген. Осыған орай, Х.А. Арғынбаевтың «Қазақ отбасы» кітабында қазақ халқының арасындағы балаларға деген сүйіспеншілік туралы орыс зерттеушілерінің былай деп жазғаны келтіріледі: «Қырғыздар (қазақтар) жастайынан балаларды жазаламайды. Тіпті, есейген жасөспірім балаларды ұрып-соқпайды, бірақ «Менен көресің!» деген сөздерімен сендіреді»[1].

Қазақ халқы ұл баланы халық дәстүрінің негізінде жатқан және ғасырлар бойы қалыптасқан ар-ождан ұғымымен тәрбиелеген. Олар кез-келген іс-әрекетке жауапкершілікпен қарап, әрдайым Алланың бақылауында екенін ойына сіңірген. Мұндай түсінікпен ер жеткен бозбала ешкімнің бақылауында болмаса да ар-ұжданы адасуға жол бермейді.

Жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыруда дана халқымыз «Құдайға сенген құстай ұшар, адамға сенген мұрттай ұшар» деуі жәй емес, бұл адамға сенбе дегені емес, керісінше бар жамандықтан Аллаға сенім арту керектігі айтылған.

Демек, ұл бала тәрбиесінде керек кезінде жауапкершілік алуға, жалғыз қалғанда Алланың назарында екенін ескеріп, «түзу жүруді» үйрету және психологиялық дамуына зиян тигізбеу үшін дене жазаларын қолданбау арқылы мейірім мен жанашырлықты, қамқорлықты бойына сіңіру өте маңызды.

Қарлығаш Қажымәлікқызы,

«Нұр Астана» мешітінің ұстазы.


 [1] Казахская семья. — Алматы: Қайнар, 1996ж. — 288 б

Бөлісу: