26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Тілдескім келеді – 2

Тілдескім келеді – 2

Исламдағы отбасы
Жарнама

Соғыстың дүрбелеңін, аштықтың зобалаңын көрмеген, тәуелсіз елде, ойын еркін айта алатын ортада,  тыю мен қысым көрмей өскен жаңа буын бүлдіршіндерінің түсінігі тіпті өзге. Олармен тіл табысу Кеңес үкіметінің бір жақты тәрбиесінің таптары әлі тарқай қоймаған алдыңғы буын ата-аналарға оңай емес.

Десе де заман өзгергенімен, адамның физиологиясы, психологиялық даму ерекшеліктері өзгерген жоқ. Сондықтан да баланың даму кезеңдері қай кезеңде болмасын бірдей. Бүлдіршіндер жас ерекшелігіне байланысты анасының ұзынсонар насихаты мен ескертуін қабылдай алмайды. Кейде сөз түсінетін жасқа жетті деп ойын баласынан көп күтетінімізді мойындау керек. Бір-екі рет айтқанға, көрсеткенге ешқашан ұмытпай, қателеспей дәл солай ұқыпты, тиянақты әрекет жасауын қалаймыз. Бірақ бала тұрмақ, ересек өзіміз кейде жаңа дағдыны үйренгенде қанша рет қайталауды қажетсінетімізді тіпті ойламаймыз.

Ендеше жанымыздан артық көретін көз қуанышымыз – баламызбен қалай тіл табысып, қайтсек сөзімізді дұрыс жеткіземіз? Ең алдымен балаңыз қай жаста болмасын өзіне тіл тигізген кісіге қасарысып, қырсық мінезін көрсететінін ескеріңіз. Егер де сіз «Көзің қайда, алдыңа қарамайсың ба, тағы да төгіп алыпсың. Осы сенің қолыңнан не келеді. Жина енді мына жерді» деген сияқты ауыр сөзден кейін балаңыздың жүгіріп бәрін орны-орнына қоюын күтсеңіз, қателесесіз. Балаңызға айтқаныңызды жасатқызу үшін төмендегідей қарапайым ғана қағидаларға жүгініңіз.

1. Не көріп тұрғаныңызды сипаттаңыз. «Балалы үй –базар» демекші, кейде киімдер, ойыншықтар әр жерде шашылып жатады. Сондайда ашуымызды тежеп, тіліміздің ұшына кеп тұрған тоқсан ауыз сөзді тістеп, орнына жәй ғана, «қызым-ау, мына ойыншық жерде жатыр ғой» немесе «ұлым-ау, бананның қабығы еденде жатыр» деп көріп тұрғаныңызды ғана айтсаңыз жеткілікті.

2. Барлық нәрсені өз атымен атаңыз. Егер сабырыңыз жетіп, өзіңізді қолыңызда ұстай алсаңыз, онда тіпті қысқа ғана «қызым, ойыншық...», «ұлым, бананның қыбығы...» десеңіз, осының өзі кішкентайға 5 минут неге оларды жинау қажеттігі жайында дәріс оқығаннан әлдеқайда әсерлірек болады.

3. Өз сезіміңізді суреттеңіз. Ойын баласына кей әрекеттердің ерсілігін түсіндіру үшін өз сезіміңізді жеткізу де өте тиімді тәсіл. Мысалы, «маған ойыншықтың әр жерде жатқаны ұнамайды», «мен жуған еденде бананның қабығы жатса көңілім түседі, ашуым келеді» деген сияқты сезіміңізді суреттегенде бала не істеу керектігін өзі-ақ түсіне қояды.

4. Ақпарат беріңіз. Ойыңызды ұтымды жеткізудің тағы бір жолы сол әрекеттің нәтижесі жайында қысқа ғана ақпарат беру. Мысалы, «шашылып жатқан ойыншық жоғалуы/кірлеуі/сынуы мүмкін» немесе «бананның қабығынан аяғың тайып, құлап қалуың мүмкін», яғни жасаған ісінің нәтижесінде оны не күтіп тұрғаны жайында қысқа ғана ақпарат берсе болғаны, жас зейін керекті қорытындыны шығарып алады.

5. Таңдау беріңіз. Таңдау құқы адамның басқа жаратылыстардан жоғары тұрғанын көрсететін ең маңызды нығметі. Ал өскелең балаға жасаған қателігін түзеуде таңдау құқын берсеңіз нәтижесі тіпті тиімді болмақ. Жоғарыдағы мысалдың үлгісімен жалғастырайық, «қызым, ойыншықты өз орнына көтеріп қоясың ба әлде шкафтың ішіне салып қоясың ба?» немесе «ұлым, бананның қабығын асханадағы қоқыс шелегіне саласың ба әлде сыртқа шығарып тастайсың ба?». Яғни не істеуі керектігін көрсету әрі таңдау құқын беру арқылы балаға айтқаныңызды тыңдату оған ұрысып, жекіп, ұзағынан тәрбиелі баланың сипаттарын түсіндіргеннен әсерлі болмақ.

6. Хат жазыңыз. Мұндай тәсілді балалар ойын сияқты көреді, сондықтан да көп жағдайда қуана қабылдайды. Баланың бөлмесінде көрінетін жерге, бөлменің есігіне, телевизордың үстіне «ойыншықты шашып ойнаған қызық екенін білемін, бірақ қолданып болған соң орнына жинастырып қой» немесе «жеміс-жидек адамға өте пайдалы, бірақ жеп болған соң қабығын қоқысқа салу керек» деген сияқты әр түрлі көңілді хаттарды жазуға болады. Бұл жерде де ескеретін нәрсе көпсөзділікке салынбау.

Ата-ана мен баланың арасын жақындататын да, алыстататын да сөз. Баламен дұрыс қарым-қатынас құра алмағандықтан қазіргі кезеңде көптеген жасөспірім ата-анасынан алшақтап, бөтен танымайтын кісілермен жан сырын бөлісіп жатады. Мұның салдары кейде тіпті өкінішті жағдайларға душар ететін кездері де бар. Теңіз тамшыдан құралады демекші, жақсы қарым-қатынас осындай қарапайым күнделікті диалогтардың дұрыс өрбуінен басталатынын ескергеніміз абзал.

Тілдескім келеді - 1

Индира Жұмабекқызы

 

Бөлісу: