25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Үмметтің ең жақсысы кім?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар»[1], - дейді.

Ердің әйелге, әйелдің ерге үйленуінің өзі Алладан берілген үлкен нығмет. Ер адам қандай да бір нәзік жанға үйленуге шешім қабылдап, нақты қадам жасаған сәттен бастап, мойнына жауапкершілік жүгі артылады. Әйелінің, бала-шағасының алдында орындалатын міндеттер пайда болады. Тура сол сияқты, әйел заты да күйеуінің алдында орындайтын борыштарының бар екендігін естен шығармауы тиіс. Екі жұптың үйленуіне басты себептердің бірі ол – бірін-бірі ұнатып, жақсы көрулері. Ал, бір-бірін жақсы көретін жандар, әрине өз араларында, айтылмаса да, өзара сүйіспеншілікте, мейірімділікте, татулықта өмір сүріп, жалпы көркем мәміле атаулысының барлығы олардың бойынан табылуы тиіс.

Құран Кәрімде: «Сондай-ақ олармен жақсы шығысыңдар»[2], - делінеді. Яғни, ер азаматтарға өздерінің әйелдерімен әр уақытта көркем мәміледе болу керек екендігі бұйырылуда. Көркем мәміле сөзінің астарында нені түсінеміз? Ол ең алдымен, күйеуі әйеліне өмірлік тіреніш болуы керек. Сондай-ақ әйелі еш нәрсені уайымдамайтындай, одан рухани, әрі тұрмыстық тыныштықты таба алуы қажет. Күйеуі болса, осы нәрселерді сөзімен және ісімен дәлеледегені дұрыс. Дөрекі емес, жұмсақ, қатыгез емес мейірімді болғаны абзал. Ибн Аббастан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Сендердің ең жақсыларың – отбасы мүшелеріне жақсы (мәміледе) болғандарың, ал, мен отбасымен ең жақсы (мәміледе) болушымын»[3], - деп, көркем мәміленің үлгісін өзінен алуды барша мұсылман үмметіне нұсқаған.

Ерлі-зайыптылар арасындағы отбасылық тұрақтылықты сақтауға көмектесетін амалдардың біріншісі – Аллаға құлшылық ету. Егер күйеуі және әйелі екеуі де бірдей құлшылықта (намаз, ораза, садақа, т.б. ізгі амалдар) болса және қайырлы істе бір-бірімен жарысатын болса, ондай отбасыға Алланың берекеті түседі. Ал, берекет бар жерде, тұрақтылық, сенімділік, қуаныштың арта түсетіні анық. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ер немесе әйелден кім иманды болған күйде ізгі амал істесе, онда оны жақсы өмірмен жандандырамыз. Әрі олардың сыйын істеген амалдарынан артық етіп қайтарамыз»[4], - деген. Басқа бір аятта: «Үй-ішіңді намазға бұйыр және өзің де оған көңіл бөл. Біз сенен ризық тілемейміз. Сені біз ризықтандырамыз. Соңғы табыс тақуаға тән»[5], - делінеді. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Түнде намазға тұрып, әйелін намазға оятқан, ал тұрмаса бетіне су шашқан ер адамнан Алла разы болсын. Түнде намазға тұрып, күйеуін намазға оятқан, ал тұрмаса бетіне су шашқан әйел адамнан Алла разы болсын»[6], - деп бір-бірін құлшылыққа жігерлендіретін жұптар туралы айтқан болатын.

Дегенмен, жанұя болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды[7]. Екеуара ұрыс-керіс болған жағдайда, ер мен әйел өз араларындағы түсініспеушілікті жойып, жасап қойған қате-кемшіліктерін кешіре ала білуі тиіс. Бұл керегенің берік болуына ықпал ететін екінші амал. Құран Кәрімде: «...кім кешірсе және бейбітшілікті жақтаса, оның сыйы Аллаға тән. Өйткені Алланың залымдарды жақсы көрмейтіні анық»[8], - деп келеді. Ислам діні кешірім мен мейірімділікке аса мән береді. Бір ғалым кісі айтқандай: «Алла Кешірімді болғанда, кешірмейтіндей мен кіммін өзі?!». Сондықтан ерлі-зайыптылар қашан да бір-бірінің ағаттықтарына, қателіктеріне кешіріммен қарағаны абзал. Шын мәнінде, Адамдарды кешіре білгендер Алланың кешіріміне бөленеді.

Қасиетті Құран Кәрімде кешірімді адамдарды Алла сүйіспеншілігіне бөлейтіндігі туралы былай баяндалған: «Сондай–ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла Тағала жақсылық істеушілерді сүйеді»[9].

Ал, егер ерлі-зайыптылар арасында орын алған мәселені шеше алмаған жағдайда екі жақтан сыйлы, құрметті жасы үлкен туыс-жақындары бас қосып, ымыраға келу, екі жұпты татуластыру жолдарын қарастырғаны жөн. Бұл жайында Алла Тағала былай дейді: «Егер де екеуінің арасының ашылуынан қауіптенсеңдер, еркектің ағайынынан бір төреші, әйелдің ағайынынан бір төреші жіберіңдер. Егер ол екеуі жарастыруды қаласа, Алла да екеуінің арасын үйлестіреді. Күдіксіз Алла толық білуші, анық хабар алушы»[10].

Екі жұп арасындағы болуы қажет үшінші қасиет – түсіністік пен жауапкершілік. Әр қайсысы өзінің жауапкершілігін жақсы ұғынып, оны жүзеге асырғандығы, сондай-ақ отбасында туындайтын өзара әр түрлі мәселелерде түсіністікпен қарауы тату-тәтті өмір сүру формуласының бірі болмақ. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Барлықтарың бақташысыңдар және әркім қарамағындағыға жауап береді. Басшы да бақташы. Ендеше ол да қарамағындағыларға жауапты. Ер кісі де отбасы мүшелерінің бақташысы. Олай болса, ол да қарамағындыларға жауапты. Әйел де күйеуінің үйіне бақташы. Ендеше ол да қарамағындағыға жауапты. Қызметші де қожайынының дүниесіне бақташы. Ендеше ол да қарамағындағыға жауапты»[11], - деп, ерлі-зайыптылардың бір-бірінің алдындағы және жалпы отбасындағы жауапкершіліктерінің бар екендігін атап айтқан.

Күйеуі мен әйелі отбасы құрған күннен бастап, әрқашан бір-бірін риясыз Алла үшін шынайы жақсы көріп, құрметтеп, жақсы мәміледе болып, кемшіліктерін жасырып, жақсылықтарын асырып өмір жолын бірге өте алуы үлкен ғанибет. Осы орайда, Омар ибн Хаттабтың мына бір сөзі ойға оралады: «Расында, шынайы сүйіспеншілікке құрылған шаңырақтар аз. Бірақ, адамдар (ерлі-зайыптылар) бір-бірінің артылықшылықтары (жақсы қасиеттерін басты назарға алып) мен Ислам діні үшін бірге өмір сүреді»[12].

Соңында Имам Әбу Ханифаның өмірінен алынған мына бір ғибратты оқиғамен тәмамдасақ. Күндердің күнінде Имам Әбу Ханифаға Фатима есімді әйел келіп: «Осыдан 2 жыл бұрын күйеуім екеуміздің некемізді қиып едіңіз. Енді сол некені қайта бұзуыңызды қалаймын. Мен онымен бір шаңырақта тұрғым келмейді», - дейді.

Әбу Ханифа ол кісіден: «Не болды? Ажырасуға не түрткі?», - деп сұрастырады. Сонда Фатима сөзін жалғастырып: «Менің күйеуім күнде жұмыстан кеш келеді. Сол үшін үйде жанжал бола береді. Көрші үйдің күйеулері болса қашан да отбасының жанында», - деп уәжін қайырады. Әбу Ханифа: «Басты себеп осы ма?», - деп сұрап таңданысын жасырмайды. Әлгі әйел болса: «Иә, мен ондай адаммен бірге болғым келмейді. Ұрыс-керіссіз өмір сүруді қалаймын», - деп жауап қатады. Әбу Ханифа оған: «Жарайды, мен сіздерді ажыратайын бірақ, бір шартым бар. Сен қазір үйіңе бар да, жақсылап тоқаш пісір, сосын оны маған алып кел. Бірақ, сол тоқашты пісіру үшін заттарды тек көршілерден барып ал. Егер олар себебін сұраса, маған айтқан күйеуіңнің жағдайын оларға да баяндап бер», - дейді.

Мұндай жеңіл шартқа келіскен әйел дереу кері қайтып, тоқаш пісіруге қамданады. Содан ол үйіне келіп алдымен бір шыны су алу үшін жақын көршінің үйіне бет алады. Онда Мариям деген келіншекке өзінің күйеуіне шағымданып, болған мән-жайды бастан-аяқ баяндайды. Мұны тыңдаған Мариям: «Ал, менің күйеуім болса…», - деп, өз күйеуі туралы бар жамандығын ортаға салады. Содан ол тұз сұрау үшін келесі Әсия есімді көршінің үйіне барады. Оған да барлық жағдайды айтып береді. Әсия да өз кезегінде күйеуінің жаман тұстарын ашып салады. Осылайша барлық көршілерді аралап, жағдайларынан хабардар болған Фатима ақырында терең ойға батқан күйі үйіне келіп, тоқашын пісіріп Имамның үйіне қайта келеді. Тоқашты бере сала Фатима: «Құрметті Имам, мен сізді бос мазалаппын. Мен енді күйеуіммен ажырасқым келмейді. Ол мен ойлағандай жаман адам емес екеніне көзім жетті. Енді мен ұрыс-керіске жол бермеймін», - деген екен күлімсіреп. Көздегеніне жеткен Имам Әбу Ханифа да оған жақсы насихат айтып, шығарып салыпты.

Әр үйдің жабық тұрған есіктерінің артында әр түрлі жағдайлар орын алатыны белгілі. Алайда, әу баста «Мен сені жақсы көремін!» деп жұп болған жандардың әр қайсысы бақытты отбасы болуға қашан да лайықты. Бірақ бақытты отбасылық өмірді шеттен келіп, біреу жасап бермейді. Отбасы тұрақтылығын сақтап, керегесін нық орнатып, түтіні түзу шаңырақты қалыптастыру «шын мұсылманмын» деген әр ер мен әйелдің өз қолында...

Дайындаған: Берікбол ЖАНАҚ


[1] «Рум» сүресі, 21-аят.

[2] «Ниса» сүресі, 19-аят.

[3] Тирмизи.

[4] «Нахл» сүресі, 97-аят.

[5] «Таһа» сүресі, 132-аят.

[6] Әбу Дәуіт, Ахмад.

[7] Қазақ мақалы.

[8] «Шура» сүресі, 40-аят.

[9] «ӘлиИмран» сүресі, 134-аят.

[10] «Ниса» сүресі, 35-аят.

[11] Бұхари, Мүслим.

[12] Сүнән Әл-Бәйһақиден.

Бөлісу: