25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Бидғаттың бәрі адасу ма?

Бидғаттың бәрі адасу ма?

Күдікпен күрес
Жарнама

«Бидғат» деген араб тілінен алынған термин сөз. Бидғат сөзінің тілдік мағынасы – бұған дейін болмаған жаңалық деген ұғымды білдіреді. Ал, шариғаттағы мағынасы діндегі Құран мен сүннетте болмаған жаңалықты айтады. Бидғатқа қатысты Алла Елшісі тарапынан ескертіліп айтылған, бірнеше риуаяттармен жеткен хадистер бар. Солардың бірі Айша (р.а.) анамыздан жеткен мына хадисте: «Кімде-кім біздің бұл ісімізге (дінімізге) қатысы болмаған жаңалық (бидғат) енгізсе, ол қабыл етілмейді», - делінеді.

Қоғамда осы хадиспен (аудармасымен) таныс болған кейбір бауырлар бұл хадисті түсініктемесіне тереңдемей, бір беткейлі түсініп, діндегі жаңалық бидғаттың барлығының бетін қайтарып, оны адасуға апаратын жол деп түсініп жататындығын байқаудамыз. Алайда, шын мәнінде ислам ғұламаларының түсініктемелеріне жүгінетін болсақ, аталмыш хадистің кең ауқымды қамтитындығын түсінуге болады. Мәселен, ханафи мәзһабының ғалымы Ибн Араби бидғатқа қатысты анықтама беру барысында: «Бидғат пен (діндегі қандай да бір) жаңалық екі (синоним) ұғым, бидғат болғандығы үшін айыпталмайды. Алайда, сүннетке қайшы келетін, адасуға апаратын (діндегі) жаңалық айыпталады», - деген тұжырымға келген болатын. Бұл сөздерден түсінетініміз, егер бидғат Құран мен сүннетке қайшы келсе онда ол жоғарыда айтып өткен хадиске сәйкес қабыл етілмейді. Ал, қарама-қайшылық тудырмаса, онда ол жаңалық қабылданады.

Шәфиғи мәзһабының әйгілі ғалымы Имам Нәуәуидің «Тәһзиб әл-әсма уә-л-Лұғат» атты кітабында бидғатқа қатысты: «Бидғат дегеніміз Алла Елшісі (с.ғ.с.) кезінде болмаған нәрсенің істелінуін айтады. Және ол екіге бөлінеді: жақсы және жаман бидғат. Әбу Мұхаммад Абдул Ғазиз ибн Абду Сәләм (Алла рахымына бөлесін) жазған «қауағид» кітабының соңында былай деп келтіреді: «Бидғат – уәжіп, харам, мандуб, макрух және мубах деп бөлінеді». Былай бөлінуінің себебі, діндегі үкімдерге байланысты. Уәжіп амалдарда жасалған бидғат уәжіп бидғат болады. Макрухке, мубахқа, харам үкімдерге байланысты жасалған бидғаттар да сәйкесінше солай бөлінеді», - деп келтірілген.
Демек, жоғарыдағы ғалымдардың түсініктемелерімен танысқаннан соң, бидғаттың екі түрі бар деген түсінік қалыптасады. Адастырушы бидғат: Құран мен сүннетке қайшы. Туралыққа бастаушы бидғат: Құран мен сүннетке сәйкес келген бидғат. Бұл екі түрді біз қайдан анықтап білеміз десеңіздер, Бұхари және Мүслим келтірген сахих хадистерден анық байқауымызға болады. Хадисте: «Кімде-кім біздің бұл ісімізге (дінімізге) қатысы болмаған жаңалық енгізсе, ол қабыл етілмейді», деп келеді. Хадис мәтініндегі арапша «мә ләйса минху» сөйлемін сөзбе-сөз аударатын болсақ, мынадай ұғым шығады: «одан яки діннен емес», дінге сәйкес келмеген, діндегі талаптарға қайшы келген. Ал, егер Құран мен сүннетке қайшы келмеген болса, ол ізгілікке, жақсылыққа, туралыққа апаратын болса, оны «адасуға апаратын жол» деп, істемей тәрк ету, ақылға қонымсыз болып табылады.
 Сондай-ақ, Жәрир ибн Абдулла (р.а.) риуаят еткен келесі хадисті де назардан тыс қалдырмағанымыз жөн:
من حديث جرير بن عبد الله رضي الله عنه أنه قال: قال رسول الله صلى الله عليه وسلم : " من سن في الإسلام سنة حسنة فله أجرها وأجر من عمل بها بعده من غير أن ينقص من أجورهم شىء، ومن سن في الإسلام سنة سيئة كان عليه وزرها ووزر من عمل بها من بعده من غير أن ينقص من أوزارهم شىء
Алла Елішісі (с.ғ.с.): «Кімде-кім Ислам дінінде жақсы сүннет қалыптастырса (өзгелер одан көріп қайталап істеген ізгі амал), онда оған істеген амалының және оны соңынан қайталап істеген кісінің сауабы (еш кеміместен) жазылады. Ал, кім Исламда жаман іс қалыптастырса, онда оған істеген ісінің күнәсі және одан көріп қайталаған кісінің күнәсі жазылады», - деді.
Әсілі, бидғаттың бәрі адасуға апармайды! Оған келесі Тарауих намазына қатысты келтірілген хадис дәлел болмақ:
في البخاري أيضًا تتميمًا لهذه الحادثة عن عبد الرحمن بن عبدٍ القاريّ أنه قال: خرجت مع عمر بن الخطاب رضي الله عنه ليلة في رمضان إلى المسجد، فإذا الناس أوزاع متفرقون يصلي الرجل لنفسه ويصلي الرجل فيصلي بصلاته الرهط، فقال عمر: إني أرى لو جمعت هؤلاء على قارىء واحد لكان أمثل، ثم عزم فجمعهم على أُبيّ بن كعب، ثم خرجت معه ليلة أخرى والناس يصلون بصلاة قارئهم قال عمر: "نعم البدعة هذه". وفي الموطأ بلفظ:" نِعمت البدعة هذه".
Абдурахман ибн Абдулқаридан (р.а.): «Мен Омар ибн Хаттабпен (р.а.) түнделетіп, мешітке қарай тарауих намазын оқуға бірге шықтым. Сөйтіп, мешіттегі адамдар, әр қайсысы өз бетімен намаздарын оқып жатты. Сонда Омар (р.а.): «Бұлар бір имамға ұйым намаздарын оқыса дұрысырақ болар еді деп ойлаймын!», деді. Сөйтіп шешім қабылдап, барлығын бір жамағат етіп, Убай ибн Кәғбты (р.а.) имамдыққа өткізеді. Содан соң, басқа бір күні онымен (Омар ибн Хаттабпен) бірге мешітке шыққанымда, адамдар жамағатпен бір имамға ұйып намаз оқып жатады. Бұл көріністі көрген Омар (р.а.): «Бұл қандай жақсы бидғат», деп жар салады», - деген.
Мәтіннің айтылуы баршасына арналған, бірақ мағынасы жағынан қаратылуы жекеге арнайы айтылған мына бір хадиске көңіл аударайық:
قال رسول الله صلى الله عليه وسلم فيما رواه أبو داود عن العرباض بن سارية: "وإياكم ومحدثات الأمور فإن كل محدثة بدعة وكل بدعة ضلالة".
Алла Елшісі (с.ғ.с.): «(Діндегі) істеріңдегі жаңалықтардан сақтаныңдар! Өйткені, расында әр бір жаңалық –  бидғат, ал, әр бидғат ол – адасу», - деген. Бұл хадистің мағынасын да, жоғарыда келтіріп өткен түсіндірмелер аясында қарастыруымыз қажет болады. Барлық бидғат деп жалпылама айтылғанымен, бұл жерде дасуға апаратын бидғат туралы айтылып жатқандығын ұғындырады.
Ханафи мәзхабының ғалымы Ибн Абидин «Хашиа» еңбегінде бидғаттың түрлерін келтіре отырып, былай дейді: «Уәжіп бидғат деген әр түрлі адасқан ағымдарды бетін бері қайтарып, оларға қарата дәлелдер келтіру. Құран мен хадистерді дұрыс оқып, дұрыс түсіну үшін Наху ілімін меңгеру. Мәндуп бидғат: медреселер, түрлі оқу орындардың болуы. Сондай-ақ, салаф салих заманында жасалмаған, қазіргі заманда ғана іске аса бастаған ізгі амалдар, жақсылықтар. Макрух бидғат дегеніміз: мешіттерді безеңдіру. Мубах бидғат деген: бұрын соңды болмаған дәмді тағамдар мен сусындарды ішіп-жеу, әдемі киім кию».
 Сахих Бухари шархын жазған Бадр әд-Дин әл-Ғайни ханафи мәзхабы ғалымы Бухаридің тарауих жайында жазған хадисін шархтағанда былай деген: Хадистегі «Ниғматиль бидғату» сөйлеміне тоқталатын болсақ, түпкі негізінде «бидғат» деп Алла Елшісі (с.ғ.с.) заманында болмаған істі айтады. Бидғат екі түрлі болады: жақсы істердің аясында жасалған амал болса, онда ол – «бидғат хасана»; жаман істердің төңірегінде істелген іс болса, онда ол –«бидғат қабих», - деген.
Бидғатты жақсы және жаман жаңалық деп екіге бөліп қарастырған ғалымдардың қатарында:
- мәлики мазхабы ғалымдары: Мұхаммад әз-Зарқани («Муатта» шархын жазған ғалым), Ахмад ибн Яхья;
- шафиғи мә»зһабы ғалымдары: Имам Шафиғи, Әбу Нағим, Имам Ғазали, әл-Ғизз ибн Абду Сәләм, Нәуәуи, ибн Хажар әл-Асқалани;
- ханбали мазхабының ғалымы: Шамсуддин Мұхаммад ибн Әбу әл-Фатх әл-Бағли және т.б. бар.

Берікбол ЖАНАҚ

Бөлісу: