Даналық туа біткен қасиет пе, жоқ әлде білім алу, іздену, өзін дамыту арқылы қалыптаса ма? – деген сұрақтың қойылуы заңды.
Құранда бұның екеуі де айтылады. Алла Тағала: «Кімге қаласа даналық береді. Ал кімге даналық берілсе, оған көптеген игілік берілген болады. Бұны ақыл иелері ғана түсіне алады», - дейді («Бақара» сүресі, 269-аят).
Басқа бір аятта: «Расында, Лұқманға даналық бердік», - деп айтқан («Лұқпан» сүресі, 12-аят).
Бұл аяттардың мағынасынан даналық тек Алланың қалауымен ғана берілетін нығмет екендігін ұғамыз. Әйтсе де, Құранның басқа аяттарында адамның бұл сипатқа үйрену арқылы да жетуге болатындығы нұсқалып: «Іштеріңе өздеріңнен аяттарымды оқитын, сендерді тазартатын және сендерге Құранды әрі даналықты үйрететін, сондай-ақ білмегендеріңді үйрететін елші жібергендігіміз сияқты», - делінеді («Бақара» сүресі, 151-аят).
Аталмыш аяттардан түсінетініміз, даналық кей адамға табиғатынан берілсе, кей адамға оны Алла Тағала білім алуы мен ізденісінің себебімен береді.
материал «Көркем мінез» кітабынан алынды,
ummet.kz